Волейболдан қыздар арасындағы Қазақстан чемпионатының 2016/17 жылдардағы маусымы тәмамдалды. Түрік маманы Жанболат Бурхан жаттықтырған өскеменнің «Алтай» волейбол клубы екінші жыл қатарынан ұлттық лиганы ұтып алды. Команда капитаны Инна Матвеева бастаған, тісқаққан Сана Анарқұлова, Әлия Садықова, Кристина Аниконова, Инна Герман, нәтижелі шабуылшы кубалық Юнеска Роблес Батиста, бразилиялық байланыстырушы Сабрина Кариока сияқты жанкүйерлерге етене таныс ойыншылардан бөлек, бұл тізімдегі 18 жастағы байланыстырушы Динара Қожанбердинаны байқамау мүмкін емес еді. Өскеменде өткен бірінші турда «Ертіс- Қазхроммен» (Павлодар) ойында команданың негізгі байланыстырушысы Ирина Лукомская тізесінен ауыр жарақат алып, маусым соңына дейін қатардан шықты. Оның орнын «Алтай-2» клубының негізгі ойыншысы Динара Қожанбердина басып, маусымды соңына дейін екі команда да сәтті өткізіп, екі клубта да ел чемпионы болды.
Біздің анықтама: Динара Қожанбердина 1998 жылдың 1 желтоқсанында Павлодар облысы, Екібастұз қаласында дүниеге келген. Екібастұздағы №22 мектепте 7 сыныпқа дейін білім алды, бүгінгі таңда Алматы жолаушылар көлігі және технологиялар колледжінде оқиды. Волейболмен 12 жасынан бастап айналысады. Алғаш волейболдың әдіс-тәсілін үйреткен мектептегі дене тәрбиесі пәнінен ұстазы – Риза Маукина. Кәсіпқой волейболдағы бірінші бапкері – Геннадий Нам. Одан кейін Ирина Қадырбекқызы жаттықтырған Спорт және туризм академиясының командасында үш жыл ойнап, Жанболат Бурханның шақыруымен 2015 жылы «Алтай» клубына ауысты. Бір маусымда Ұлттық лиганы және жастар арасындағы чемпионатта жеңіске жеткен әзірге «Алтай» сапындағы жалғыз ойыншы. Қазақстан жастар құрамасының мүшесі.
— Динара, сұхбатымыздың әлқиссасын волейболға қалай келгенің туралы әңгімеден бастасақ…
— Волейбол ойынына мені ешкім жетектеп, болмаса «мынау жақсы ойын» деп көрсетіп алып келген жоқ. Өзім қызығып осы спорт түрін таңдадым. Жалпы волейболды таңдауым өте қызық болды. Бастапқыда мен би үйірмесіне қатысып жүрдім және спортшы боламын деп мүлде ойлағаным жоқ. Бірде волейболдан мектепішілік жарыс болдыБарып көрдім, ойын көңілімнен шықты, қатты ұнады. Уақыт өте келе биге қызығушылығым азайып, жан-дүнием спортты қалап тұрды. Бағыма орай, сынып жетекшіміз дене тәрбиесінен сабақ берген Риза Маукина есімді апай еді. Ол кісі көптеген жарыстарға өзі жіберді, мені спортшы есебінде қалыптастыруға молынан еңбек сіңірді. Егер волейболға қатты қызықпасам, биші болып жүре берер ме едім, кім білсін?
— Әке-шешең қарсы болмады ма?
— Біздің отбасымызда спортшы болмағаннан кейін анам Гүлдарай Әбілова бастапқыда қарсы болды. Артынша жаттықтырушыларым сұрап алған сәтте ақ жол тілеп, рұқсатын берді. Қазір менің кішкентай жетістіктеріме бірінші болып анам және ағам Дидар Әбілов қуанады. Сіз мына сөзді міндетті түрде жазыңызшы: «Мені осындай дәрежеге жеткізген, ел қатарлы өсірген анам мен ағама алғыс білдіремін». Отбасымыздағы әзірге жалғыз спортшы менмін, кейін тағы шықпаса.
— Волейболды таңдағаныңа өкінетін сәттер бола ма?.
— «Жоқ» деп кесіп айтайын. Өзіме бұл ойын қатты ұнайды.
— Жаттығу уақыттары қалай?.
— Күніне екі уақыт жаттығу жасаймыз. Ал бейсенбі және жексенбі күндері демалыс береді.
— Жыл санап ел чемпионатының деңгейі жоғарылап, волейболшылар да өсіп келеді. Бәсекелестіктен қорықпайсың ба?
— Жоқ. Мен әу баста қайнаған бәсекелестіктің ортасында болатынымды білдім және өзіме сенгендіктен осы жолды таңдадым. Спорт – жарыс, бәсекелестік. Күнделікті еңбек пен жаттығулардың арқасында жетістіктерге жететініме сенемін. Ең бастысы, мақсатым айқын. Сенсеңіз, мен волейболға қадам басқаннан кейін алған екі-ақ жыл ішінде жоғарғы лигада ойнадым. Адам өзіне міндет қоя білсе, сөзсіз нәтиже шығарады.
— Қазақстан жастар құрамасының қатарында екі жыл Азия біріншілігіне қатыстың. Не түйдің? Біздің құраманың несі артық, несі кем болды?
— Шыны керек, Азияның бірқатар елдерінде волейболға спорт деп емес, өмірім деп қарайды. Волейболдан әлемдік рейтингтің көшбасшылар тізіміне кіретін Корея, Тайланд, Жапония және Қытай елдерінде көзін ашқалы волейбол ойнаса, ұлттық құрамаға бала жастан іріктеу жүргізіледі. Осы елдермен волейболы енді дамып келе жатқан біздің елді салыстыруға келмейді. Жастар құрамасының көп ойындарында сеніміділік пен ұстамдылықты жоғалтып аламыз. Кемшілігіміз сол. Мен ел құрамасының жарқын жеңісітерге жететініне, биік жетістіктер мен үлкен белестерді бағындыратынына сенемін. Біз әлі бірінші боламыз!
— Үлгі тұтатын ойыншың кім және ол саған несімен, қай әрекетімен ерекше?
— Үлгі тұтатын әріптесім – Қазақстан құрамасының және «Жетісу» волейбол клубының байланыстырушысы Коринна Ишимцева. Кориннадан үйренерім өте көп. Бастысы, ойын барысында ойыншылармен байланысты өте жақсы ұстайды. Байланыстырушыға керек басты қасиет те сол.
— Екі команда сапында («Алтай» — Ұлттық лига, «Алтай-2» — жоғары лига) ел чемпионы болдың. Әзірге бұл жетістікке жеткен қазақ қыздарынан жалғыз ойыншысың. Бір маусымдағы екі чемпиондықтың әсері қандай болады екен?
— Керемет. Бұл сезімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Әлі де сенер емеспін. Тіпті бірінші орын алғанымыздың өзі көрген түстей. Көңіл-күйіміз өте тамаша.
— Есіңде айрықша сақталған ойында жеңіс пен жеңіліс болған кездесу туралы айтып өтші.
— Соңғы алтыншы турда басты қарсыластарымыз «Ертіс-Қазхромды» 3:1 (25:12, 25:18, 17:25, 25:22) есебімен жеңген сәт ерекше есімде сақталды. Біз дәл сол күні алаңға жанымызды беріп кетуге әзір болдық. Егер жеңілсек, екінші орынға түсіп, чемпиондықтан қол үзіп қалатын едік. Сол күні команда жұмылған жұдырықтай болды. Өзімізді психологиялық тұрғыдан бірнеше күн бұрын дайындадық.
Жеңілген сәт… Павлодарда өткен 4-турда «Ертіс-Қазхромнан» 2:3 (25:21, 21:25, 21:25, 26:24, 13:15) есебімен жеңілдік. Ұмытылмас кездесулердің бірі. Бізге үлкен сабақ болды. Айтарлықтай жеңіліс те болмады, есеп екі жаққа кезек-кезек таразыдай теңселіп отырды. Ең өкініштісі – қарсыласыңнан 5-6 доп айырмасымен алда тұрып жеңілу.
— Ұлттық құрама сапынан қашан көре аламыз?
— Көп ұзамай қосылатын шығармын деп үміттенемін. Әрине, алдыма қойған мақсаттарымның орындалуы, жүзеге асуы үшін қолымнан келгенінің бәрін жасаймын. Ол үшін әлі де тынбай еңбек ету керек.
— «Алтайды» екі маусымды чемпиондыққа жеткізген бас бапкер Жанболат Бурханның командадан кетуін қалай қабылдадың?
— Шынымен өкінішті жағдай болды. Екі жылдың ішінде қатты бауыр басып қалыппыз. Кеткен сәтте көзімізден жас та шығып кетті. Бізге «кетемін» деп айтуының өзі ол кісіге ауырға түсті. Бізді ұмытпайды деп үміттенемін, ал біз оны ұмытпаймыз. Бұйыртса, болашақта тағы да жолымыз түйіседі деп ойлаймын.
— Өскеменде мамырда өтетін Азия клубтық чемпионатына Қазақстанның атынан «Алтай» қатысады. Дайындықтарың қалай?.
— Дайындық жақсы. Өкінішке қарай, ол жарысқа қатыспаймын. Дәл сол уақытта жастар құрамасына іріктеулер болады. Менің мақсатым – жастар құрамасындағы орнымды сақтап қалу (жымиып).
— Сұхбатыңа рақмет!. Спорттық табыстар тілеймін.
Әңгімелескен Серік ҚАНТАЙ
(«Жас Алаш», №30, 18.04.2017)