2016 жылғы футбол біріншілігінің қорытындысы жайлы топтама материалдарды жалғастырамыз. Бұған дейін маусымның үздік футболшысы, хет-триктер туралы деректерді ұсынғанбыз. Бүгін қақпашылар туралы, оның ішінде — өз қақпасын «құрғақ» ұстайтын голкиперлер туралы әңгіме қозғаймыз. 

1. Жасур жалындады

2016 жылы Қазақстан премьер-лигасында 30 қақпашы өнер көрсетті. Маусым барысында 32 матчқа түгел қатысқан қақпашы — «атыраулық» Жасур Нәрзіқұлов қана. Соңғы турдағы «Атырау» — «Тобыл» кездесуінің 57 минутында жарақатына байланысты алаңнан кетпегенде, Жасур чемпионатқа бастан-аяқ, үздіксіз  қатысқан жалғыз қақпашы болар еді.

Алаңға 4 қақпашысы шыққан команда — «Ақжайық» (Қалменов, Багаутдинов, Остоич, Төлебаев).

«Ақтөбе» (Отарбаев, Павлов, Трофимец), «Қайрат» (Плотников, Сидельников, Покатилов), «Тобыл» (Логиновский, Петухов, Бұсырманов), «Шахтер» (Багинский, Шацкий, Ткачук) командалары 32 матчта 3 қақпашыны негізгі құрамға қойып көрді. Басқа командалардың бәрінің сапында жыл бойы 2 қақпашы ойнады.

2. Еричке ешкім жетпейді

«Құрғақ» матч өткізу, яғни, өз қақпасына гол енгізбеу көрсеткіші бойынша ең үздігі — «астаналық» Ненад Ерич. Ол Қазақстанның 25-чемпионатында өткізген 30 кездесудің 15-інде қақпасын таза ұстады. Яғни, өткізген матчтарының тең жартысында өз қақпасына гол енгізген жоқ.

Екінші үздік көрсеткіш — 32 кездесудің 13-інде қақпасына доп дарытпаған Жасур Нәрзіқұловқа тиесілі.

Үшінші үздік — Саша Стаменкович (29 кездесу, 11 «құрғақ» матч).

Бірақ өткізген матчтарының санына қарай тиімділік көрсеткіші бойынша Еричтен кейін Давид Лория үздік саналуға тиіс. Лория «Ертіс» қақпасын өткен маусымда 24 ойында қорғап, 10 матчта қақпа құлпын аштырмады. Бұл — өткізген ойынының 41,67 пайызы. Үшінші көрсеткіш — Нәрзіқұловтікі (40,63%).

2016 жылы қақпашылардың таза матч өткізу көрсеткіші мынадай:

ҚақпашыКомандаМатч«Құрғақ» матчПайыз
1.Ненад Ерич«Астана»301550
2.Жасур Нәрзіқұлов«Атырау»321340,63
3.Саша Стаменкович«Оқжетпес»291137,93
4.Давид Лория«Ертіс»241041,67
5.Владимир Плотников«Қайрат»24937,5
6.Самат Отарбаев«Ақтөбе»28932,14
7.Владимир Логиновский«Тобыл»24833,33
8.Александр Григоренко«Тараз»30826,67
9.Денис Төлебаев«Ақжайық»10660
10.Ярослав Багинский«Шахтер»14535,71

Соңғы екі қақпашы (Төлебаев пен Багинский) ойындардың 50 пайызына қатыспағандықтан, олардың көрсеткіші үздіктер қатарына қосылмайды.

4. Тағы да Ерич…

Өз қақпасына ең көп гол жіберген қақпашы — Саша Стаменкович («Оқжетпес») . Ол 29 кездесуде өз қақпасына 40 тура соққыны дарытып алыпты. Александр Григоренко («Тараз») да 40 гол жіберген, бірақ ол Стаменковичтен 1 матч артық өткізген. Ж.Нәрзіқұлов пен С.Отарбаев 32 және 28 ойында 39 рет дәрменсіздік танытқан.

Жалпы, 2016 жылы қақпашылардың гол жіберіп алу көрсеткіші төмендегідей:

ҚақпашыКомандаМатчЖіберген добыОрта есеп
1.Саша Стаменкович«Оқжетпес»29401,37
2.Александр Григоренко«Тараз»30401,33
3.Жасур Нәрзіқұлов«Атырау»32391,21
4.Самат Отарбаев«Ақтөбе»28391,39
5.Андрей Шабанов«Жетісу»19331,73
6.Владимир Логиновский«Тобыл»24301,25
7.Сергей Бойченко«Ордабасы»16251,56
8.Давид Лория«Ертіс»24230,95
9.Владимир Плотников«Қайрат»24220,91
10.Ненад Ерич«Астана»30210,7
11.Андрей Пасеченко«Жетісу»13201,53
12.Игорь Шацкий«Шахтер»17191,11
13.Алмат Бекбаев«Ордабасы»16191,18
14.Ярослав Багинский«Шахтер»14191,35
15.Нұрболат Қалменов«Ақжайық»10191,9

Орта есеппен алғанда, өз қақпасына ең аз гол жіберген қақпашы — чемпион Н.Ерич («Астана»). Ол әр ойында шамамен 0,7 гол жіберген. Бұл басқа қақпашылардікінен анағұрлым төмен де тиімді нәтиже. В.Плотников («Қайрат») және Д.Лория («Ертіс») алғашқы үштікке енеді. Плотников әр ойында орта есеппен 0,91 гол жіберген болса, Лориянікі —  0,95.

Аутсайдер «Жетісудың» қақпашысы А.Шабанов орта есеппен әр ойында ең көп гол өткізген қақпашы саналып тұр. Оның қақпасында 19 матчта 33 доп тулаған. Демек, Шабанов ойын сайын кемі 1,73 гол жіберіп алып тұрған.

5. Тоғыз жылдағы мықты — Андрей Сидельников

Біздің қолымызда Қазақстанның 2008 жылдан бергі чемпионаттарының дерегі бар. Осы 9 маусым ішінде ең көп «құрғақ» матч өткізген қақпашылар көшін Андрей Сидельников бастап тұр. Бірақ оны 2017 жылы Н.Ерич басып озуы мүмкін. Егер мәліметтеріміз толығатын болса, Қазақстанның 2001 жылғы чемпионатынан бергі үздік қақпашылар көрсеткішін таразылаймыз.

Қазақстан чемпионатындағы ең «құрғақ» қақпашылар (2008-2016):

Аты-жөніМатч«Құрғақ» ойынКомандалар
1.Андрей Сидельников19080«Ақтөбе», «Ордабасы», «Қайрат»
2.Ненад Ерич18578«Қайрат», «Астана»
3.Александр Мокин18774«Алматы», «Ордабасы», «Шахтер», «Астана»
4..Александр Петухов17565«Тобыл»
5.Александр Григоренко16357«Шахтер», «Ордабасы», «Тараз»
6Давид Лория16557«Шахтер», «Локомотив», «Ертіс», «Қайрат»
7.Андрей Шабанов18953«Алматы», «Атырау», «Қайрат», «Жетісу»
8.Кирилл Прядкин14350«Жетісу», «Восток», «Қайсар»
9.Даниил Рихард15546«Ертіс», «Оқжетпес», «Қайрат», «Тобыл», «Спартак»
10.Жасур Нәрзіқұлов9239«Қайсар», «Ақтөбе, «Тараз», «Атырау»