Кешегі күннің дерегі
Футбол маусымы мәресіне жеткен соң, негізгі шаруа статистиктердің еншісіне көшеді. Кім қанша гол соқты, былтырғы көрсеткіші қандай еді, ілгерілеу бар ма, бұрын тасада жүргендерден кім жарқырай көрінді, кім кері кетті – бәрі-бәрі дерек тілімен сөйлеп, оқырманға жаңа олжа болып жетуге ыңғайланады. Қазақстанның ширек ғасырлық футбол маусымын қорытындылай отырып, мергендер мәселесінде өкінішіміз басым екенін аңғардық.
Маусымның бас мергені атану аз мәртебе емес. Өкінішке қарай, Қазақстан премьер-лигасында 2009 жылдан бері өзіміздің футбол мектептерінде тәрбиеленген аяқдопшылардың ешбірі бас мерген атағын жеңіп алған жоқ. Яғни өз мергенімізді күткелі 7 жыл өте шығыпты. Бұл аз ба, көп пе? Әрине, көп уақыт. Төменде біз келтірген кестеге қарап отырып-ақ, Қазақстан құрамасының неге мерген шабуылшыға жарымай жүргенін түсінесіз.
Қазақстан премьер-лигасы түрлі даму жолдарынан өтіп, әр жылдары жоғары лига, суперлига және премьер-лига аталды. 1992 жылдан 1998 жылға дейін, елімізге түрлі дәрежедегі, шеберлігі мен футболға махаббаты түрліше легионерлер келгенше тек өзіміздің футболшылар бас мерген атағын ешкімге берген жоқ. Өкінішке қарай, осы 7 жыл ішінде чемпионатта жарқырап көрінгендердің санаулысы ғана ұлттық құрама серкесі бола алды. Литвиненко, Мирошниченко және Мазбаевтар ғана құрамада біршама тұрақты ойнады. Дегенмен Мирошниченко мен Мазбаевқа ұлттық командада мүмкіндік мол берілді деп және айта алмаймыз.
Содан кейін шетелдік мергендер біздің шабуылшылардың несібесін көпе-көрнеу тартып ала бастады. Бұл «бұлғақты» түркімен мергені Режепмұрат Ағабаев бастады, бразилиялық Нилтон Мендес тез жалғастырып әкетті. Нәтижесінде Н.Мендес тәуелсіз қазақ футболының бас мергендерінің қатарына енді. Ол легионерлер арасында бірінші болып түрлі турнирлерде жоғары деңгейде 100 гол соқты.
Қазақстандық мергендер 2002-2003 жылдары ептеп ес жиды. «Шахтерде» тәрбиеленген Евгений Лунев пен Андрей Финонченко екі жыл қатарынан мергендер көшін бастап еді. Содан кейінгі қазақ футболының нәтижелілік көрсеткішін Мұрат Тілешев пен Нұрбол Жұмасқалиев қана ұстап келді. Тілешев 3 маусым бойы бас мерген атанды. Жұмасқалиев маусым сайын кемі 8-10 гол соғып, қазақ футболының ең мерген футболшыларының көшін бастады.
2010 жылға дейін, яғни қазақ мергендерінен «таза көз жазып қалғанымызға» дейін мергендер мәселесінде мынадай ерекшеліктер болды:
а) Қазақстан чемпионаттарының тұңғыш бас мергені Сергей Когай бір жыл ғана нәтижелілік көрсетті. Одан кейінгі жылдары Когай «Қайсар» сапында І лигада да ойнап, 1995 жылы «СКИФ-Ордабасы» командасына ауысқан соң ғана 9 голмен мергендік елесін аңдатқандай болды. Бұл мергеннің спорттық ғұмырының басым бөлігі КСРО дәуірінде өтті, сондықтан ол Қазақстан чемпионаттарында бар мүмкіндігін паш ете алған жоқ;
ә) Александр Шмариков 1993 жылы бір маусымда 28 гол соқты. Бұл рекорд 2001 жылға дейін сақталды. Сол жылы «қайраттық» Арсен Тлехугов 30 гол авторы атанып, жаңа нәтиже тіркеді. Тлехуговтың рекорды 15 жыл бойы бұзылар емес;
б) 1996 жылы бас мерген атанған Виктор Антонов 31 жасында футболмен қош айтысты. Ол барлық жоғары деңгейде соққан голдарының санын 98-ге жеткізіп, 100 голға 2 дәл соққы ғана жетпей тоқтады. Қазіргі мергендер жылнамасында Антоновтың аты мүлде аталмайды. 1997 жылы «Ертіс» чемпион атанғанда, қосымша ойында жеңіс голын енгізген де осы Антонов еді;
в) Қазақстандық мергендер ішінде чемпионаттың ең нәтижелі футболшысы атағын Мұрат Тілешев қана 3 рет жеңіп алды. Аса талантты Олег Литвиненко 2 рет үздік атанды. Ал легионерлер арасында өзбек Ұлықбек Бақаевқа жететін ешкім жоқ. Ол 2004, 2010, 2011, 2012 жылдары мергендік мәселесінде ешкімді шаңына ілестірмей кетті. Қазақстанда өткізген жылдарында Бақаев барлық жоғары деңгейлі турнирлерде 123 гол (111- біріншіліктерде, 10 – Қазақстан кубогында, 2 – еурокубоктарда) соқты.
Бүгінгі күннің шындығы
Сөз басында айтып өткеніміздей, 2009 жылдан бері ешбір отандық футболшы мергендер көшін бастап көрген жоқ. Соңғы екі маусымда африкалық Жерар Гоуға ешкім жете алмады. 2013 жылдың маусымында «Қайратқа» келіп, жарты жылда 12 гол соққан сұрмерген 2015 және 2016 жылдары 22 голдан тоғытып, премьер-лиганың көркін кіргізді.
Алайда Гоудың бұл нәтижелілігі қазақ футболының олқы тұсын жалаңаштаған үстіне жалаңаштап келеді. Өзіңіз қараңыз:
— 2011 жылы Бақаев бас мерген болды (18 гол). Қазақстандық мергендер ішінен көшке ілескені – екінші сатыдағы Сергей Хижниченко (16 гол);
— 2012 жылы тағы да Бақаев 14 доппен көш бастады. Оның қарқынына Таңат Нөсербаев (10 гол) ептеп ілескендей болды;
— 2013 жылғы бас мерген – беларусь Игорь Зенькович. Қазақстандықтар ішінен Нұрбол Жұмасқалиев 9 дәл соққымен небары 6-орында қалды. Зеньковичке дейінгі аралықты Един Юнузович (Хорватия, «Ордабасы»/»Жетісу», 13), Игорь Бугаев (Молдова, «Тобыл», 13), Момоду Сиссей (Гамбия, «Қайрат», 12), Йосип Кнежевич (Хорватия, «Қайрат», 10) сияқты келімсек мергендер алып жатты;
— 2014 жылы орталықафрикалық Фокси Кетевоама «Астананы» өрге сүйреп, 14 голмен бас мерген атағын жеңіп алды. Бұл маусымда қазақ мергендері емін-еркін ұйықтады десек те болады. Отандық футболшылардың ішіндегі ең мергені – 8 голмен 8-орын алған «қайраттық» Аслан Дарабаев;
— 2015 жылы Жерар Гоу жарқырады.Т.Нөсербаев 11 дәл соққымен өз көрсеткішін едәуір жақсартса да, мергендер тізімінде 5-орыннан ғана көрінді. Д.Савич, Д.Деспотович, Л.Роткович сияқты бұрынғы Югославияның қазіргі мергендері алғашқы орындарды біздің шабуылшыларға татырған жоқ.
Десе де биылғы біріншіліктің бізге бергені көп. Иә, Жерар Гоу тағы да бас мерген атанды. Бірақ оны өкшелеген басқалар емес, өзіміздің жас футболшылар ғой. Р.Муртазаев («Ертіс») 18 гол соғып, екінші бас мерген атанды, Б.Исламхан («Қайрат») 17 доппен үздік үштікті түйіндеді. Бұл екеуінен бөлек, А.Нұрғалиев («Ордабасы»/»Астана») – 12 және С.Хижниченко («Тобыл») 10 доп енгізіп, бірнеше жылдан бергі тыныштықты бұзды. Біз атаған 4 футболшы да ұлттық құрамада ойнайды. Биыл Азат пен Сергей құрама сапында 2 голдан соқты. Ендеше, өз мергендеріміз де ақырындап оянып келе жатқан болар…
Ізбасарлар бар ма?
Өкінішке қарай, жастар арасында жарқырап тұрған мергендер жоққа тән. Мұның себебі әбден түсінікті. Биыл премьер-лига командаларының негізгі құрамында 21 жасқа дейінгі отандық футбол түлегінің міндетті түрде болу талабы алынып тасталды. Нәтижеде жасы 21-ге биыл жеткен атыраулық Алтынбек Сапаров пен оралдық Иван Антипов қана негізгі құрамнан жиірек көрінді. Бірақ ол екеуін де мергендер қатарына (бір-бір голдан ғана соқты) қоса алмайтынымыз анық. Демек, Хижниченко, Нөсербаевтар дәуірінен кейін құрамада отандық шабуылшыларды тіпті көре алмаумыз да мүмкін ғой. Өзіңіз қараңыз: «Астанада» негізгі шабуылшылар – Деспотович пен Кабананга, «Қайратта» – Гоу, «Ертістен» Муртазаев кетіп қалды, елордалық клубта оның қадам қандай болатыны белгісіз, «Ордабасыда» – Гейнрих, «Оқжетпесте» – Нганбе, «Ақтөбеде» Дидар Жалмұқаннан үміт күтуге болады, бірақ ол қапталдағы жартылай қорғаушы міндетін өнімдірек атқарады, «Тобылда» – Хижниченко,бірақ ол бір командада 2 жылдан артық тұрақтаған емес, «Шахтерден» Уббинк кетіп қалды, «Ақжайықта» – Лечич… Сонда тіпті шабуылшы дейтін отандық футболшының өзі жоқтың қасы ғой. Нөсербаев, Муртазаев, Хижниченко, Молдақараев… Басқа кім бар? Бірінші лигадан Шафф келер…
Демек, алдағы жылдары Муртазаевтан ғана үміт бар. Ол биылғы нәтижелілігінен жаңылмаса, құрамадағы шабуылшы мәселесін біраз жылдарға дейін шешіп тастауы мүмкін. «Астанада» артқа шегініп кетпесін тек.
Назарларыңызға Қазақстан чемпионаттарының бас мергені атанған отандық және шетелдік мергендер кестесін ұсынамыз.
Қазақстандық мергендер
№ | Мерген | Клуб | Гол | Жыл |
1. | Сергей Когай | «Қайсар» | 21 | 1992 |
2. | Александр Шмариков | «Тараз» | 28 | 1993 |
3. | Олег Литвиненко | «Тараз» | 20 | 1994 |
4. | Андрей Мирошниченко | «Елім-ай» | 23 | 1995 |
5. | Виктор Антонов | «Ертіс» | 21 | 1996 |
6. | Нұркен Мазбаев | «Тараз» | 16 | 1997 |
7. | Олег Литвиненко | «Елім-ай» | 23 | 1998 |
8. | Евгений Лунев | «Шахтер» | 16 | 2002 |
9. | Андрей Финонченко | «Шахтер» | 18 | 2003 |
10. | Мұрат Тілешев | «Ертіс» | 20 | 2005 |
11. | Мұрат Тілешев | «Ертіс» | 13 | 2008 |
12. | Мұрат Тілешев | «Ақтөбе» | 20 | 2009 |
Легионер-мергендер
№ | Мерген | Ел | Клуб | Гол | Жыл |
1. | Режепмұрат Ағабаев | Түркіменстан | «Қайрат» | 24 | 1999 |
2. | Нилтон Мендес | Бразилия | «Ертіс» | 21 | 2000 |
3. | Арсен Тлехугов | Ресей | «Жеңіс» | 30 | 2001 |
4. | Ұлықбек Бақаев Арсен Тлехугов | Өзбекстан Ресей | «Тобыл» «Қайрат» | 22 22 | 2004
|
5. | Жафар Ырысметов | Өзбекстан | «Алматы» | 17 | 2006 |
6. | Жафар Ырысметов | Өзбекстан | «Алматы» | 17 | 2007 |
7. | Владимир Байрамов | Ресей | «Тобыл» | 20 | 2009 |
8. | Ұлықбек Бақаев | Өзбекстан | «Тобыл» | 16 | 2010 |
9. | Ұлықбек Бақаев | Өзбекстан | «Жетісу» | 18 | 2011 |
10. | Ұлықбек Бақаев | Өзбекстан | «Ертіс» | 14 | 2012 |
11. | Игорь Зенькович | Беларусь | «Ақжайық»/«Шахтер» | 15 | 2013 |
12. | Фокси Кетевоама | ОртАР | «Астана» | 16 | 2014 |
13. | Жерар Гоу | Кот д’Ивуар | «Қайрат» | 22 | 2015 |
14. | Жерар Гоу | Кот д’Ивуар | «Қайрат» | 22 | 2016 |