Қаратау астанасы Подгорицаға келіп жеткен соң, Қазақстан құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов және футболшы Серікжан Мұжықов баспасөз мәслихатында журналистер сұрақтарына жауап берді. Осы мәслихаттан түйген ойларымыз мынадай.
Команда құрамындағы өзгерістер жайлы: Құрама премьер-лиганың 29 турынан кейін Алматы маңындағы Талғар базасына жиналып, оқу-жаттығу жиынын өткізді. Медициналық сараптамадан кейін «астаналық» шабуылшы Таңат Нөсербаевтың жарақаты бары анықталды. Ол елде қалды. Басқа футболшылардың бәрі сапта. Бұл жолғы тізімде жаңа ойыншы біреу — «Шахтердің» жартылай қорғаушысы Айбар Нұрыбеков. Ұлттық құрама бапкерлері жастар құрамасындағы футболшыларды да үнемі бақылап жүр. Олардың арасында да құрамаға лайық жігіттер бар. Бірақ Қазақстан жастар құрамасы Англия және Норвегия жастарына қарсы кездесулер өткізіп жатқандықтан, бұл жолғы жиынға шақырылмады.
Қаратау құрамасына қарсы құрамамыз қандай тактика ұстануы мүмкін? Бас бапкер мұны ашып айтуды қажет деп таппады. «Бәрін де ойын көрсетеді. Ең бастысы, Қаратау құрамасының біраз ойынын өзіміз де көріп шықтық, футболшылар да танысты. Біз қорғанысқа жамбастап жатып алуды да, шабуылға бас-көзсіз ұмтылуды да мақсат етпейміз. Өз мүмкіндігімізге сай ойлы ойын көрсетуге дайынбыз» деді Талғат Мәруаұлы.
Ойыншылардың психологиялық дайындығы қандай? Бас бапкердің айтуынша, өз клубтарында қандай жағдай болып жатса да, құрамада футболшылар еш босаңсымауға тиіс. Самат Отарбаев премьер-лиганың соңғы турында «Ертістен» 5 гол жіберіп қойса да, Александр Кислицын «Оқжетпестен» оқыс кетсе де, құрамада оларға моральдық көмек аз беріліп жатқан жоқ.
«Астана» футболшыларына 4 сынға бірдей қатысу қиын болып жатқан жоқ па? Құрама бапкерлері елордалықтарға осы жиын барысында 2 күн демалыс беріп, тынығып алуларына мүмкіндік жасаған. Қазір футболшылар сақадай сай.
Баспасөз мәслихатынан соң Қазақстан құрамасы Қаратау футбол қауымдастығының алаңында жаттығу өткізді. Жаңбыр шелектеп құйып тұрса да, отандастарымыз өте көңілді жүріп жаттығу жасады.