Қазақстан құрамасы мінген «Боинг» ұшағы Алматыдан жергілікті уақытпен 10:07-де ұшып шықты.
Əуе жолы Отанымыздың Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау облыстары арқылы Каспий теңізіне, одан ары Ресей, Грузия, Түркия, Болгария əуе кеңістігіне ұласып, 6 сағаттан астам уақытта Қаратау (Черногория) астанасы Подгорица қаласына келіп тұйықталды.
Ұшақта футболшылар еркін демалып, біразы музыка тыңдап, біразы кино көріп, енді бірі кітап оқып уақыт өткізді.
Ұшақ төмендегенде, Подгорицада жауын сіркіреп, бұлт басып тұрғанын байқадық. Ауа температурасы +13 градусты көрсетіп тұрды.
Футболшылар құжат тексерісінен тез өтіп, жүктерін алуға асықты.
Қазақстан құрамасының аға бапкері Нұркен Мазбаев команданың дайындығы жақсы екенін, футболшылардың шаршамай жеткенін айтты.
Əуежайдан футболшылар қонақ үйге аттанды. Жергілікті уақытпен кешкі 6-да Т.Байсуфинов жаттығу өткізеді. Қаратау — Қазақстан кездесуі 8 қазан күні Астана уақыты бойынша 22:00-де басталады. Матчқа дейінгі жаңалықтардан алдағы уақытта үнемі хабардар етіп тұрамыз.
Есей Жеңісұлы, Подгорицадан.