Ұлттық біріншіліктердің бәрі дерлік қазір 2018 жылғы әлем біріншілігіне іріктеу матчтарына байланысты үзіліс алып тұр. Қазақстан премьер-лигасы 16 қазанда жалғасады. Осы үзілісті пайдалана отырып, Қазақстан премьер-лигасындағы командаларда қандай құрамалардың футболшылары ойнайтынын саралап көрейік:
1. «Астана». Қазақстан құрамасы — 8 футболшы (Ю.Логвиненко, С.Малый, А.Бейсебеков, Д.Шомко, А.Тағыберген, С.Мұжықов, А.Нұрғалиев, Т.Нөсербаев), Босния және Герцеговина — 1 (М.Аничич), Беларусь — 1 (И.Шитов), Сербия — 1 (Н.Максимович), Македония — 1 (А.Ибраими), Гана — 1 (П.Твумаси), Конго ДР — 1 (Ж.Кабананга).
«Астананың» құрамына ерекше тоқталудың мынадай реті бар: а) «Астана» Қазақстан құрамасының базалық клубы санатында (8 футболшы); ә) Бұл командада 7 құраманың футболшылары ойнайды; б) Биыл «Астана» сапынан өз құрамаларына тұңғыш рет Н.Максимович М.Аничич және П.Твумаси шақырылды; в) «Астанаға» келген құрама футболшыларының бәрі де өздерінің ұлттық командасына шақырылмай қалып жүрген жоқ; г) Жарақаттарына байланысты Т.Нөсербаев пен Ю.Логвиненко жыл басынан бері Қазақстан құрамасының 5 ойынына толық қатыса алған жоқ. А.Бейсебеков негізгі құрамда 3 рет шыққан. Басқа 5 футболшы 5 ойынға да қатысты.
2. «Қайрат». Қазақстан — 4 (С.Покатилов, Ғ.Сүйімбаев, И.Қуат, Б.Исламхан). «Қайраттың» құрамында өз ұлттық құрамаларында бұрын ойнаған А.Аршавин (Ресей), А.Тимощук (Украина), Г.Асеведо (Чили) секілді тәжірибелі футболшылар бар. А.Дарабаев, В.Плотников, Е.Қуантаев, Б.Тұрысбек Қазақстан құрамасына тұрақты болмаса да шақырылып тұрады. Биыл «Қайрат» сапынан А.Тимощук Еуропа біріншілігіне қатысып қайтты. Ол — құрама деңгейіндегі аса ірі жарыстардың финалдық кезеңіне қатысқан Қазақстан премьер-лигасының әзірше жалғыз өкілі.
3. «Ертіс». Қазақстан — 2 (Е.Ахметов, Р.Мұртазаев), Литва — 1 (Г.Фрейдгеймас). «Ертістен» Қазақстан құрамасына Д.Лория, Қ.Гетериев биыл шақырылып жүрді. Лория жарақатына байланысты маусымды ерте аяқтады. Сондай-ақ, «Ертіс» сапында өз құрамаларында бұрын ойнаған Ш.Григалашвили (Грузия), С.Керла (Босния және Герцеговина), Б.Фаль (Сенегал) сияқты футболшылар бар.
4. «Ордабасы». Қазақстан — 4 (А.Бекбаев, Р.Абдулин, С.Сымақов, М.Төлебек), Грузия — 1 (О.Марцваладзе), Өзбекстан — 1 (А.Гейнрих). «Ордабасыда» Қазақстан құрамасына бұрын жиі шақырылып, негізгі құрамда өнер көрсеткен М.Мұхтаров, Қ.Әшірбеков, Ф.Ырысметов, жиі болмаса да құрама жейдесін киіп көрген С.Бойченко, Грузия құрамасында өнер көрсеткен Г.Гогуа, қаратаулық Ф.Касалица ойнайды.
5. «Оқжетпес». Қазақстан — 3 (А.Кислицын, Ж.Молдақараев, Ж.Қожамберді). Бұл үшеуін де құраманың негізгі футболшылары деуге келмейді. Молдақараев биыл ғана шақырылып жүр, Александр мен Жақып ара-арасында біраз үзіліс жасады. Көкшетаудың командасында М.Хайруллин, Ә.Бөлешев, А.Чичулин, А.Богданов, С.Жұмаханов, И.Юрин сияқты бұрынғы «құрамашылар» өнер көрсетеді. Жақында Кислицын, Хайруллин, Бөлешев және Чичулин маусым бітпей жатып «Оқжетпеспен» қоштасты.
6. «Ақтөбе». Қазақстан — 1 (С.Отарбаев). Жақында бұл командадан құрама мүшесі А.Щеткин өнімсіз даудан кейін кетті. С.Отарбаев негізінен Д.Лория, В.Плотников сияқты қақпашылар жарақатына орай құрамаға шақырылды. Дегенмен биыл Саматтың кәсіби тұрғыда өсе түскенін ерекше атап өткіміз келеді.
7. «Тобыл». Қазақстан — 4 (А.Мухутдинов, В.Логиновский, В.Дмитренко, С.Хижниченко), Литва — 1 (А.Жулпа). Қазақстандық төрттіктің ішінде қазір С.Хижниченконың ғана құрамада қолы жүріп тұр. Бұл жолы Логиновский мен Дмитренко қосалқы тізімге енген. Н.Кургулин, Н.Жұмасқалиев, Д.Мирошниченко, Т.Досмағамбетов сияқты футболшылар ішінен құрамаға соңғы жылдары Тимур ғана шақырылды.
9. «Шахтер». Қазақстан — 2 (М.Байжанов, А.Нұрыбеков). Мақсат Т.Байсуфинов жасақтаған құраманың негізгі ойыншысына айналды, ал Айбар бірінші рет алынып отыр.
10. «Жетісу». Қазақстан — 1 (І.Әмірсейітов). Ілияс та құрамаға тұңғыш рет шақырылды.
11. «Тараз». Қазақстан — 1 (А.Таубай), Тәжікстан — 1 (Д.Ергашев). Қазақстан құрамасы сапында бұрын ойнаған В.Евстигнеев, Д.Тәжімбетов, И.Воротников соңғы кездері шақырту алуды қойды. А.Таубай бұл жолы қосалқы тізімге ғана еніп отыр.
12. «Ақжайық». Қазақстан — 2 (Р.Розыбакиев, Е.Абдрахманов — қосалқы тізім).
Қорыта келгенде, Қазақстан құрамасына үнемі шақырылып жүрген 20-ға жуық футболшыны қоспағанда, біздің елімізде Еуропа құрамаларының — 7, Африка құрамаларының — 2, Азия құрамаларының 2 футболшысы ойнайды. Биыл Қазақстан премьер-лигасынан тұңғыш рет өз құрамаларына Н.Максимович, М.Аничич, П.Твумаси жолдама алды, Т.Байсуфинов жаттықтыратын Қазақстан құрамасына А.Нұрыбеков, І.Әмірсейітов, С.Отарбаев, Ж.Молдақараев, М.Төлебек есік ашты.