Чемпиондар лигасына іріктеудің плей-офф кезеңінде Испанияның «Вильярреалы» «Монакодан» жеңілді — 1:2 жəне 0:1.
Бұл — Испания клубтарының 6 жылдан бергі бірінші сəтсіздігі. 2010 жылы дəл осы кезеңде «Севилья» «Брагаға» жол берген болатын. Дегенмен бұдан Испанияның Чемпиондар лигасындағы командаларының саны азая қоймайды. «Барселона», «Реал» жəне «Атлетикомен» бірге Еуропа лигасының биылғы жеңімпазы «Севилья» да топтық турнирден жарысқа кіріседі.
Ал Италия клубтары қатарынан үшінші жыл Чемпиондар лигасына іріктеудің плей-офф кезеңінен аса алар емес. Кеше «Рома» өз алаңында «Портудан» 0:3 есебімен ұтылып, лигадан шет қалды. Апта бұрынғы кездесу 1:1 есебімен тең аяқталған-ды.
2014 жылы «Наполи» осы кезеңде «Атлетиктен» (Бильбао) ұтылса, былтыр «Лацио» Германияның «Байер» командасына жол берді.