Өкінішке қарай, қазақ футболының тәуелсіздік дәуіріндегі нәтижесі, әсіресе ұлттық біріншіліктегі жетістіктер мен рекордтар толыққанды емес, яғни, олар туралы нақты деректер там-тұм ғана. Сондықтан шамалап, қазіргі күннің табыстарын алға шығарып айтуға әуеспіз.
20 тамыз күні, Қазақстан премьер-лигасының 24 турында Бауыржан Исламхан («Қайрат») Алматыда «Ақтөбе» қақпасына пенальтиден гол соғып, биылғы маусымдағы голдар сериясын 5 матчқа жеткізді. Яғни, ол 5 ойында үздіксіз гол соғып келе жатыр. Бұл серия 10 шілдедегі «Қайрат» — «Тобыл» (3:2) матчында басталды. Содан бері Бауыржан «Ертіс», «Тараз», «Оқжетпес», «Ақтөбе» командаларына қарсы матчтарда алаңнан голсыз кеткен жоқ. Бұл — Исламханның өзіндік рекорды. Бауыржан биыл 21 мамыр-11 маусым аралығындағы 4 матчта мергендік танытып еді, араға айдан астам уақыт салып, көрсеткішін жаңартты.
Дегенмен Қазақстанның үздіксіз гол сериясындағы рекорды Исламханға тән емес.
Ең жаманы, сол рекорд биыл жасалды және оны ешкім елеп-ескерген жоқ.
Ештен кеш жақсы.
«Қайраттың» котдивуарлық шабуылшысы Жерар Гоу биыл 8 матчта қатар гол соғып, Қазақстан премьер-лигасындағы ең ұзақ гол сериясының рекордын жаңартты. Гоу 21 мамырдағы «Қайрат» — «Оқжетпес» (6:0) матчында көкшетаулықтар қақпасын 2 рет дәл көздеді. Одан ары «Ақжайық», «Атырау», «Шахтер», «Ордабасы», «Ақтөбе» (2 гол), «Астана», «Жетісу» командаларының қақпа кілтін дәл тапты. Гоу 8 матчта 10 гол соқты. Бұл да — қайталануы қиын жетістік.
Бұрынғы рекорд иесі Мұрат Тілешев болатын. Ол 2009 жылғы маусымда алғашқы турдағы «Қайсар» — «Ақтөбе» (0:1) матчында жеңіс голын енгізді де, содан кейін тағы 5 ойында («Тараз», «Ертіс», «Ордабасы», «Восток», «Оқжетпес») да мергендігінен жаңылған жоқ. Яғни, оның голдар сериясы 6 матчқа жалғасты.
Бірақ Тілешев бұл рекордқа жалғыз ие емес еді. Ол, «бар болғаны», Жафар Ырысметовтың көрсеткішін қайталаған-ды.
Өзбек шабуылшысы 2006 жылы «Алматы» командасының намысын қорғап, 10 қыркүйек-21 қазан аралығындағы 6 турда таблоға өз есімін таңбалап кетті. Оның дәл соққылары «Астана», «Есіл-Богатырь», «Ертіс», «Ақтөбе», «Тобыл», «Екибастузец» командаларының қақпаларында тулады.
Міне, араға 7 жыл салып осы рекордың қаймағын Жерар Гоу бұзып отыр. Ол өткен жылы Қазақстан премьер-лигасында 22 гол соғып, бас мерген атанды, биыл да сол атаққа мейлінше жақындап келеді.