Рио олимпиадасының қорытындысында Велл Баркер кубогы өзбекстандық Хасанбай Досматовқа (49 келі) және Кларисса Шилдске (АҚШ, 75 келі) табыс етілді. Биыл бұл кубок әйел боксшыларға тұңғыш рет беріліп отыр.
Баркер кубогы 1936 жылғы Берлин олимпиадасынан бері техникалық шеберлігі ең мықты боксшыға тапсырылып келеді. Кубоктың тұңғыш иегері — америкалық Луис Лори (жеңіл салмақ). Ең қызығы, Лори сол додада қола жүлде иеленіпті.
Баркер кубогын АҚШ боксшылары ең көп иеленді. Лориден бөлек, Норвел Ли (Хельсинки, 52), Говард Дэвис (Монреаль-1976), Пол Гонсалес (Лос-Анжелес-1984), Рой Джонс (Сеул-1988) әр жылдары олимпиадалардың ең шебер боксшылары болып танылды.
Қазақ боксшылары 3 рет Баркер кубогын иеленіп, мәртебелі тізімде ІІ орында тұр. Алғаш Атлантада Василий Жиров иеленсе, 2004 жылы Афинада — Бақтияр Артаев, 2012 жылы Лондонда Серік Сәпиев Баркер кубогын елге әкелді.
Кубалықтар мен италиялықтар бұл кубокты 2 реттен иеленген. Даңқты Тоефило Стивенсон — 1972 жылы Мюнхенде, Роберто Баладо 1992 жылы Барселонада техникасы ең жетік боксшы деп мойындалды. Ал италиялық Нино Бенвенути 1960 жылғы Рим олимпиадасының ең шебер боксшысы делінсе, 1980 жылы ХОК туы астында өнер көрсетіп, финалда С.Қонақбаевты жеңген Патрицио Олива Баркер кубогына қол жеткізді.
1996 жылдан бері Баркер кубогын тек ТМД боксшылары иеленіп келеді. В.Жиров (1996), О.Саитов (Ресей, 2000), Б.Артаев (2004), В.Ломаченко (Украина, 2008), С.Сәпиев (2012), Х.Досматов (Өзбекстан, 2016) соңғы 20 жылда посткеңестік бокс мектебінің күшін паш етіп келеді.
Баркер кубогын 80 жылдық тарихында барлығы 11 елдің боксшылары иеленген.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ:

Please enter your comment!
Please enter your name here