Ресей – Хорватия – 2:2, пенальтиден – 3:4 (Черышев, 31, Фернандес, 115 – Крамарич, 39, Вида, 101)

Бразилия – Бельгия кездесуінен кейін, ширек финалдағы ең тартысты кездесу осы болды. Екі команда бір-біріне әбден лайық қарсылас екенін ойын барысында толық дәлелдеді. Ресей құрамасы сәл ғана кеңістікті сәтті пайдалана алатын ұжым ретінде көрінсе, Хорватия мінезге бай команда екенін дәлелдеді. Таразы басы екі жаққа кезек ауып, ақыры мәселе ойын соңындағы пенальти арқылы шешілді.

Ойын қарсаңында журналистер Игорь Акинфеевтің әлі пенальтиден жеңіліп көрмегенін нақты мысалдармен дәлелдеген-ді.  Бірақ бұл жолы сәттілік Ресей қақпашысынан сырт айналды. Әуелі Федор Смолов Паненка үлгісінде допты астынан көтере теуіп, қақпаға дарыта алмады – Субашич оңай қайтарды. Акинфеев те қарап қалмады. Ол Ковачичтің соққысын сол жақ бұрыштан серпіп, тең есепті ұстап қалды. Алайда содан кейін кезек алған Марио Фернандес мүлде қиыс тепті де, хорваттар өз кезегін мүлтіксіз орындап, алға шықты. Бұдан кейін мүмкіндік алған футболшылардың бәрі де қақпашының оң жақ бұрышына теуіп, ешбірі қателескен жоқ. Соңында Иван Ракитич ойынға нүкте қойып, Хорватия құрамасын 20 жылдан кейін әлем чемпионатының жартылай финалына алып шықты.

Ресей құрамасы өз тарихында бірінші рет ширек финалда өнер көрсетті. Бұл команданы үздік сегіздікке кездейсоқ ілінді деп ешкім айта қоймас. Хорватияға қарсы кездесу биылғы әлемдік доданың әрін кіргізген ойын болды.

Ширек финалдағы төрт кездесуде де орталық қорғаушылар мергендік танытты. Әрине, Бразилия қақпасына Компани бағыттаған соққы автогол болып тіркелді. Дегенмен оның әріптестері Варан, Магуайр, Вида өз құрамаларының келесі кезеңге шығуына тікелей үлес қосты.

Жартылай финалдың алғашқы кездесуі (Франция – Бельгия) бүгін Санкт-Петербор қаласында өтелді. Екінші жартылай финал ертеңге жоспарланған: Мәскеудің «Лужники» стадионында Хорватия мен Англия мықтыны анықтайды.

(fifa.com фотосы)