Мундиальға келген 32 команданың бас бапкерлері арасында 9-ы бұрын футболшы кезінде-ақ әлемдік доп додасына қатысқан. Олардың ішінде тек Франция құрамасының тізгінін ұстаған Дидье Дешам ғана осыдан 20 жыл бұрын алтын медаль иеленген, басқалары ешқандай жүлдеге қол жеткізбеген.
Бапкерлердің футболшы кезіндегі ойындары:
1. Адам Навалка (Польша) 5 ойын (1978)
2. Оскар Рамирес (Коста-Рика) 4 ойын (1990)
3. Станислав Черчесов (Ресей) 1 ойын (1994)
4. Фернандо Йерро (Испания) 12 ойын (1994, 1998, 2002)
5. Дидье Дешам (Франция) 6 ойын (1998)
6. Хуан Антонио Пицци (Испания) 1 ойын (1998)*
7. Гарет Саутгейт (Англия) 2 ойын (1998)
8. Алиу Сиссе (Сенегал) 4 ойын (2002)
9. Младен Крстаич (Сербия) 3 ойын (2006)
* — биылғы чемпионатта Сауд Арабиясы құрамасын жаттықтырады.
Бұл тізімде кешеге дейін 8 адам бар еді. Әлем чемпионаты басталуға бір күн қалғанда, Испания футбол федерациясы ұлттық құраманың бас бапкері Хулен Лопетегиді Мадридтің «Реалымен» жасырын келіссөз жүргізді деп айыптап, орнынан алды. Сөйтіп, испан командасын Фернандо Йерро жаттықтыратын болды.
Ал әлем чемпионатына бапкер ретінде команда апарған мамандардың ішінде 6 додаға қатысқан Карлос Алберто Паррейра оқ бойы озық тұр. Ол 1982 жылы – Кувейт командасын, 1990 жылы – Біріккен Араб Әмірліктерін, 1994 және 2006 жылдары – өз Бразилиясын, 1998 жылы – Сауд Арабиясын, ал 2010 жылы Оңтүстік Африка құрамасын жаттықтырды. Екінші орында – 5 финалдық турнирге команда қосқан серб Бора Милутинович. Ол 1986 жылы – Мексиканы, 1990 жылы – Коста-Риканы, 1994 жылы – АҚШ-ты, 1998 жылы – Нигерияны, 2002 жылы Қытай құрамасын баптады. 4 чемпионатқа барған бес маман тағы бар. Биыл олардың қатарына уругвайлық бапкер Оскар Табарес қосылды.
Бапкерлердің финалдық турнирлерде команда жетекшісі ретінде өткізген ойындары жөнінен мына кісілер алда тұр:
Гельмут Шөн (Германия) 25 (1966, 1970, 1974, 1978)
Карлос А.Паррейра (Бразилия) 23 (1982, 1990, 1994, 1998, 2006, 2010)
Луиз Ф.Сколари (Бразилия) 21 (2002, 2006, 2014)
Марио Загалло (Бразилия) 20 (1970, 1974, 1998)
Бора Милутинович (Сербия) 20 (1986, 1990, 1994, 1998, 2002)
Зепп Гербергер (Германия) 18 (1938, 1954, 1958, 1962)
Энцо Беарзот (Италия) 18 (1978, 1982, 1986)
Гус Хиддинк (Голландия) 18 (1998, 2002, 2006)
Ги Тис (Бельгия) 16 (1982, 1986, 1990)
Анри Мишель (Франция) 16 (1986, 1994, 1998, 2006)
Лайош Бароти (Венгрия) 15 (1958, 1962, 1966, 1978)
Оскар Табарес (Уругвай) 15 (1990, 2010, 2014)
Уолтер Уинтерботтом (Англия) 14 (1950, 1954, 1958, 1962)
Карлос Билардо (Аргентина) 14 (1986, 1990)
Франц Беккенбауэр (Германия) 14 (1986, 1990)
Йоахим Лөв (Германия) 14 (2010, 2014)
Егер Уругвай және Германия құрамалары жартылай финалға шықса, онда Табарес пен Лев алдыңғы үштіктің ішіне енеді.