2017 жылдың маусымында «Астана» сапына қабылданған қазақстандық велошабандоз Никита Стальновтың есімі жергілікті жанкүйерлерге жақсы таныс. Өткен жылы «Түркия туры» мен «Әзірбайжан турының» жалпы есебінде үшінші орынды иеленген спортшы ел чемпионатында жеке есепте топ жарды.

Өзінің алғашқы гранд-туры — Испания «Вуэльтасына» қатысқан Никитаны сөзге тартып, 21 кезеңге созылған жарыс туралы пікірін білген едік.

— «Вуэльтаға» дейін қатысқан жарыстарыммен салыстырсам, айырмашылығы жер мен көктей, — дейді Никита. — Әрине, маусым басында жарыс бағдарламасы гранд-турды есепке алып бекітілді.  Өзіме берілген мақсат-міндеттерді ойдағыдай атқардым деп ойлаймын. Жарыстан жарысқа шынығып келемін. Әу баста нәтиже көрсетемін, жеңіске жетемін деген ойым болған, бірақ кәсіби велоспорттың деңгейі мүлдем бөлек екен. Діттегенге  жету оңай емес.

— «Вуэльта» қатысқан алғашқы көпкүндігің. 21 кезеңге созылған жарыстан кейін өзіңді қалай сезінесің?

— Шынымды айтсам, әлі түсінгенім жоқ. Шаршадым деп те айта алмаймын. Әуелде бір-екі күн шамам жетеді екен, қиын емес қой деген ой болған. Бірақ келесі кезеңдерде бұл жарыстарды неге мәртебелі көпкүндік атайтынын сезгендей болдым. Жарыстың 40-60 шақырымына келгенде пелотондағылар алға ұзаған топтың құрамына суырылып шығуға тырысады. Олардың барлығын назардан қалдырмауың керек. Спорттық директорлардың тапсырмасы бар, көшбасшыңа қарайсың. Бір сөзбен айтқанда, жауапкершіліктің салмағы ауыр болды маған.

— Командада қандай қызмет атқардың? Спорттық директорлар қандай міндет жүктеді?

— Мен команда көшбасшыларына көмекші болдым. Велоспортта «грегори» дейміз ғой. Бірінші аптада Лопес пен Арудың жанында болдым. Желден қорғайсың, суын, тамағын әкелесің. Спорттық директорлар қандай тапсырма берсе, бұлжытпай орындауға тырыстым.

— Осы жарыста есіңде қалған ерекше жағдай деп нені айтар едің?

 — «Вуэльтаның» барлық кезеңі ерекше. Күн сайын болашақ ғұмырыма қажет болатын сабақ алдым. Қасыңдағы шабандоздарға қарайсың, үйренесің. Испания көпкүндігіне дейін дәл бүгінгідей көңіл күйді сезінбеген болармын. Кей кезеңдерде намысқа тырысқаның соншалықты, өз деңгейіңнен асып түсетін көрсеткіш көрсетесің.  Велосипедтерге арнайы компьютер орналастырылған. Ол велошабандоздың жүріп өткен шақырымда жұмсаған энергиясын, жүрек қағысы мен әр учаскідегі  жылдамдығын көрсетеді. Қазір осы мәліметтерді саралап, көп көрсеткіш бойынша жеке рекордымды жаңаладым деп айта аламын.

— «Вуэльтаға» дайындығың қалай өтті?

— Мен командаға жеңіс көрсетемін деген мақсатпен келген едім. Бірақ барлығы мен ойлағандай оңай емес екен. «Вуэльтаның» алдында таулы аймақта екі оқу-жаттығу жиынын өткіздім. Оның біреуі Қазақстанда, Шымбұлақта өтті. Одан кейін екі жарысқа — Сан-Себастьян мен Бургосқа қатыстым. Өзімнің бабыма сенімді болатынмын. Бірақ қарсылас команданың мүшелері, былтырғы жеңімпаздар сенен әлдеқайда мықты болады екен. Аты мәлім жарыстардың жеңісі оңай келмейтінін, ол үшін көп еңбек, мол тәжірибе керек екенін ұқтым.  Мен сөреге капитанның көмекшісі ретінде шығамын.  Сондықтан команда алдындағы өз міндетімді ойдағыдай атқаруым үшін көп тер төгіледі. Жеке басымның жетістіктерін ойлау әлі ерте. Мен велоспорттың нағыз мектебіне келдім. Үйренерім көп. Кей кезеңдік жарыстарда қажетінен артық күш жұмсап қоясың, келесі кезеңді ойламайсың. Қасымдағы әріптестерім қолдауын аяған емес.  Сырт көзге оп-оңай болып көрінетін су тасудың өзі кәсіби велоспортта айтарлықтай шеберлікті қажет етеді. Көшбасшыңа көмек қажет болады. Бір жағдайлармен пелотоннан қалып қойса, күшін жоғалтпай топ басына қайта оралуын сауатты орындауың керек.

Сұхбаттасқан Дина Тұрарқызы