Қазақстан премьер-лигасы
21 тур. 22-23 шілде

«Астана» – «Тобыл» – 2:0 (Твумаси, 43, 70)
«Оқжетпес» – «Тараз» – 0:1 (Мане, 45+1)
«Ақжайық» – «Ордабасы» – 1:2 (Антипов, 40 – Нөсербаев, 27, 36)
«Ақтөбе» – «Қайсар» – 1:1 (Обрадович, 72 – Камара, 18)
«Ертіс» – «Шахтер» – 1:2 (Фонсека, 20 – Стоянович, 65, Хижниченко, 82)
«Қайрат» – «Атырау» – 1:1 (Тұрысбек, 75 – Сикимич, 71)

Қазақстан премьер-лигасының екінші айналымы аяқталуға жақын. 21 тур чемпион мәселесін тағы нақтылай түскендей болды. «Астана» өз алаңында «Тобылды» ұтып, екінші орындағы «Қайраттан» 7 ұпай ұзап кетті. Әрине, мүндай айырмашылықты аз уақытта жоққа шығаруға «Қайрат» та барын салар. Бірақ бапкері ауысып, бабынан айырылып жүрген команда үшін алынбас қамалдар тым көбейіп кеткен секілді.

«Қайрат» бұл турда өз алаңында «Атырауды» жеңе алмады. Алғашқы таймда пенальти тебуге мүмкіндік тапса да, «Қайрат» аса қажетті үш ұпайды қанжығалай алған жоқ. Б.Исламхан тепкен пенальтиді А.Пасеченко өте жақсы қайтарды. Одан кейін қарсы шабуылдардың бірінде алматылықтар өз қақпасына доп жіберіп алып, төрт минут өтпей есепті теңестірді. Одан ары жақсы нәтижеге қол жеткізу қиын болды. «Қайрат» осылайша биыл да чемпиондықты «Астанаға» беріп қойып, күміс медальді қанағат тұтуға жақындап қалғандай. Әзірше бапкер міндетін жас маман С.Лобадовский атқарып жүр. Бірақ команда басшылығы бір апта ішінде жаңа жаттықтырушыны жұртқа таныстыратынын айтып қалды. Әуелі ресейлік Рашид Рахимов келуі мүмкін делініп еді, бұл ақпаратты Рахимовтың өзі жоққа шығарды.

Соңғы турларда «Шахтер» мен «Тараз» ұпай қорын молайтты. «Шахтер» өз алаңында «Оқжетпесті» жеңген соң (1:0), сырт алаңда «Ертістен» үш ұпай олжалап қайтты. Бұл – кеншілердің Қазақстан чемпионаттары тарихында Павлодардағы алғашқы жеңісі екен. 24 ұпай еншілеп, қазір қарағандылықтар 7-орынға көтерілді. Бұл қарқынын сақтай білсе, маусымды сәтсіз бастаған «Шахтер» үздік алтылыққа енуі әбден мүмкін. Ал «Тараз» соңғы 3 турда 7 ұпай иеленді. Сырт алаңда «Атырау» мен «Оқжетпестің» скальпін сыпырып, әулиеаталықтар «Ақтөбемен» ө алаңында ұпай бөлісті. Маусым басында бұл команда күмәнсіз аутсайдер болатыны айтылған-ды. Тәжірибелі жаттықтырушы В.Талғаев осы болжамның бәрін жоққа шығарып, маусым ортасында команданы аяғынан тік тұрғызды десек болады. Ең бастысы, тараздықтар сапында Бақтияр Зайнутдинов, Абзал Таубай, Бекзат Шадыманов, Жорахан Бабаханов, Еркебұлан Сейдахмет секілді өз түлектері жақсы ойынымен жұртты риза етіп жүр.

Бұл турда екі сұрмерген өз жанкүйерлерін қуантты. «Таразға» Қытайдан қайта оралған Мәлік Мане Көкшетауда жеңіс голын соқса, Сергей Хижниченко Беларусь сапарынан кейін премьер-лигадағы алғашқы дәл соққысын жасады.

Премьер-лигада қалу мәселесі «Ақтөбе», «Атырау», «Оқжетпес» және «Ақжайық» командалары арасындағы таласқа айналатын сыңайлы. Бұл командалар әр ұпайды зор еңбекпен, әзер дегенде алып жүр. Кейінге қалдырылған «Ақжайық» — «Ақтөбе» және «Атырау» — «Оқжетпес» кездесулері ертең өткізіледі. Осы ойындарда үш ұпай иеленген командалардың кез келгені жағдайын едәуір жақсартады. Сондықтан «жан алып, жан беріспесе» мәселе қиындай беретіні күмән тудырмайды.