2018 жылғы әлем біріншілігіне іріктеу. Е тобы
Қазақстан – Дания – 1:3
Голдар: И.Қуат, 76 – Н.Йоргенсен, 27, К.Эриксен, 51-пенальтиден, К.Дольберг, 81
Ескерту: Т.Нөсербаев, 20; Ю.Логвиненко, 63
Алаңнан қуылу: Б.Исламхан, 43
Қазақстан: Д.Лория, Ғ.Сүйімбаев, Е.Ахметов, Ю.Логвиненко, Д.Шомко (Я.Вороговский, 67), И.Қуат, Г.Жуков, А.Нұрғалиев (А.Бейсебеков, 56), Б.Исламхан, С.Мұжықов, Т.Нөсербаев (Е.Тұңғышбаев, 74)
Дания: Ф.Рөннов, Я.Вестергор, С.Кьер, Р.Дурмиси, Й.Ларсен (Х.Дальсгор, 82), У.Квист (Л.Шөне, 46), Т.Дилейни, К.Эриксен, М.Братуейт, Н.Йоргенсен, Ю.Поульсен (К.Дольберг, 68)
Төреші: В.Безбородов (Ресей)
10.06.2017 ж. Алматы. Орталық стадион. 19065 көрермен
Қазақ жанкүйерлері асыға күткен матч сенімізді ақтамады. Қазақстан құрамасы тағы да жеңілді. Әрине, жігіттерге жеңіске деген жігері үшін, қиын сәтте көрсеткен мінезі үшін алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Бірақ 15 жылдан бері көріп келе жатқанымыз осы болғандықтан, онша жұбана қоймайтынымыз айдан анық.
Құрамға дау айтқандар көп
Бұл А.Бородюк басшылығымен құраманың өз алаңымызда өткізетін алғашқы матчы болғандықтан, мамандар да, жанкүйерлер де шақырылған футболшылар тізіміне аса мұқият қарады. Қақпашы мәселесі көп ешкімді алаңдатқан жоқ. Д.Лория соңғы кездері бабына енді, «Ертістің» барлық кездесуінде қақпаны қорғады. Ал наурызда оның ізбасары болған С.Покатилов («Қайрат») жарақатын жаңа емдеп оралды. Оның үстіне, өз командасында В.Плотников екеуі негізгі құрамда жиі алмасып жүр. Сондықтан Лория қақпаны берік ұстайтынына сенім зор болды.
Қорғаушылар мәселесі бүкіл қоғамның әңгімесіне айналды десек артық емес. А.Бородюк бірден осы шепті реформалауға кірісті. Кипрмен жолдастық кездесуде Бейсебеков-Малый-Шомко-Сүйімбаев төрттігіне сенім артса, Армениямен ресми кездесуде күтпеген жерден алғашқы үшеуін ортаға қойды. Шомко мен Бейсебековтің бұл шепке мүлде маманданбағаны рас еді. Оның үстіне, армяндармен кездесуде Малый екі ескертуді бір-ақ алып, алаңнан қуылды. Сондықтан Бородюк Данияға қарсы қорғаныс шебін қайта жасақтайтыны анық болатын. Ақыры бапкер ортаға Логвиненко-Ахметов жұбын қойды. Қос қаптал Сүйімбаев пен Шомко игілігі болатыны күмән тудырмады.
Артқы жартылай қорғанысқа Қуатпен бірге Жуковтың шығуы да күтпеген қадам болды. Біріншіден, Дания сияқты азулы қарсыласқа құрамадағы тәжірибесі мол футболшылар қарсы ойнауға тиіс еді. Бірақ дәл осы жауапты шепте ойнай алатындар тіпті саусақпен санарлық. Сол Қуат, сол Жуков… Бейсебеков бұл позицияда айында-жылында ғана, онда да мәжбүрліктен ойнайды. Екіншіден, даттарға қарсы сұңғақ ойыншылар қажет-ті. Біздің үш тірекшінің де (Қуат, Жуков, Бейсебеков) бойы орташа.
Демек, Бородюк барымен базар жасауға тиіс болды.
Бәрін қызыл қағаз құртты ма?
Қазақстан ойынды қарқынды бастады. Шындығында, отандастарымыздың мұндай жанкештілігіне даттар дайын болмаған секілді. Матч алдында олардың бас бапкері де, жаттықтырушының көмекшілері де асып-тасып сөйлеп еді. Алайда алаңда мүлде басқа рәуіштегі ойын өрби берді. Әрине, Дания тым сасып, білгенін жаңылды демеспіз, бірақ қазақстандықтардың әлем чемпионатының финалында өнер көрсетіп жатқандай ойыны оларды әжептәуір тығырыққа тіреді. Бірінші тайм қорытындысында Қазақстанның допты ұстау көрсеткіші 62 пайызға жетті. Бұл – бұрын-соңды болып көрмеген басымдық.
Алайда бәрібір есепті қонақтар ашты. Ойын алдында қарсыласты жан-жақты зерттеген мамандар да, құраманың бапкерлер штабы да даттардың бір-біріне ұзын пас беріп, екі қапталдан айып алаңына кезек көтеруге әбден үйренгенін айтқан-ды. Қай жерден қауіп күтсең, шынында да сол тұстың сыр беретін әдеті. Біздің сол қапталдағы қорғаушы Д.Шомконың айып алаңына көтермек пастарының бәрі Дурмиси мен Ларсеннің оңай олжасына айналып шаршатса, қарсыластар содан пайда көрді. Дилейни қайта-қайта сол қапталға сытылып шығып, пас тастауға орай тауып жатты. 27 минутта осындай бір әрекет нәтиже берді. Бұл жерде орталық қорғаушылар жұбына (Логвиненко мен Ахметовке) кінә арту қиындау. Дилейнидің пасына ол екеуі қатар ұмтылып, Поульсенді жауып үлгерді. Бірақ серпілген допқа Йоргенсен аяғын төсей салып, ашық тұрған оң жақ бұрышты дәл көздеді. Оң қапталдан жетуге тиіс Сүйімбаев та, қос тірекші Қуат пен Жуков та құры тамашалаушы болып тұрды.
Бұдан кейін де біздің құраманың ұнжырғасы түсе қоймады. Алматының Орталық стадионына жиналған көрерменнің дем беруімен біресе Нұрғалиев, біресе Жуков тамаша мүмкіндік тапты, бірақ әр сәтте шетке тебумен болды. Орталық қорғаушылардың шабуылға көмегі де нәтиже берер сәт туындады. Алайда Ахметов допқа бірге секірген Логвиненкодан қорғаншақтай соққы жасады.
43 минутта капитан Бауыржан Исламхан алаңнан қуылды. Ол алаңның ортасында допқа Уильям Квистпен қатар секірді. Төреші В.Безбородов тым қатал шешім қабылдаса да, бұл эпизодта Бауыржан шынтағын көтере секіргенін мойындауымыз қажет. Квисттің бет-жүзін қан жуып кетті. Ол екінші таймда алаңға шыға алмады. Исламхан қуылған соң да Қазақстан бұрынғы ойын өрнегінен танған жоқ. Бірақ екінші таймда осы жоғары қарқынды ұстап тұру қиын болатыны анық еді. Ю.Логвиненконың Поульсенге қарсы қатаң қимылын дөрекілік деп бағалаған ресейлік төрешіні жазғыру қиындау. Пенальтиді К.Ериксен дәл соқты. Лория доптың бағытын тапқанмен, жалынан сипай алмады – 0:2.
76 минутта Қуат есеп айырмасын қысқартты. Бұдан әрі Дания тағы бір гол соқты, сөйтіп, матч аяқталды. Шынын айтқанда, екінші тайм деңгейі өте нашар болды. Дания есепті ұлғайтқан соң сәл босаңсығандай көрінді. Қуаттың голынан көп ұзатпай тағы доп соққаны – «сендер қанша соға алсаңдар соғарсыңдар, біз қанша соққымыз келсе, сонша соғамызға» сайды.
Жағдай жақсы емес…
Бұл ойыннан кейін Е тобындағы жағдай түбегейлі өзгеріп кеткен жоқ. Польша құрамасы осы турда Румынияны 3:1 есебімен ұтып, көш басында қала берді. Черногория Арменияны Подгорицада ойсырата жеңіп (4:1), екінші сатыны сақтап қалды. Келесі тур ойындары 1 қыркүйекте өтеді.
Біз не істемекпіз? Құрамаға Бородюк жаңа леп әкеле ала ма, әлде әуелден-ақ мойнына артылған шаруаны – құрамадағы жаңа буынды алмастыру мәселесін шешумен ғана айналыса ма? Келесі ойынға Б.Исламхан қатыса алмайды, ал орталық қорғаушы С.Малый айыбын өтеп оралады.
Оге Харейде, Дания құрамасының бас бапкері:
— Қоржынға үш ұпай салдық, көңіл тоқ. Біздің тамаша мүмкіндіктеріміз болды, тағы да гол соға алар едік. Шәкірттеріме аса риза емеспін, бірақ мұндай ауыр күнде жеңіске жетудің құны өте жоғары. Өз алаңында Польша мен Румыниядан ұпай тартып алған Қазақстанды жеңу оңай болды демес едім. Қазақстан құрамасы – өте жинақы команда. Сіздер ойын стилі әртүрлі еуропалық құрамалармен көбірек ойнай берсеңіздер, жақсы нәтидеге жетесіздер.
Александр Бородюк, Қазақстан құрамасының бас бапкері:
— Алаңда нағыз күрес жүріп жатыр, ал төреші болса бір ойыншымызды алаңнан қуды, екіншісінде пенальти белгіледі. Исламхан допқа арқасымен секірді ғой. Шынтағын қойғаны рас, бірақ асып кетсе ескерту алуға тиіс еді. Екінші эпизодта біздің қорғаушы Логвиненко допқа бұрын жетіп, теуіп үлгерді. Данияның шабуылшысы содан кейін ғана оның аяғына шалынды. Осы үшін де пенальти белгілей ме?
Е тобының турнир кестесі:
О Ұ Т Ж Д Ұп
1. Польша 6 5 1 0 15:7 16
2. Черногория 6 3 1 2 14:7 10
3. Дания 6 3 1 2 10:6 10
4. Румыния 6 1 3 2 7:7 6
5. Дания 6 2 0 4 7:14 6
6. Қазақстан 6 0 2 4 4:16 2
(«Жас Алаш», №47, 13.06.2017 жыл)