«Тобыл» Нұрбол Жұмасқалиев пен Александр Петуховты командадан шығарып тастады. Әрине, «келісімшарт мерзімін ұзартқан жоқ», «екеуінің көмегінен бас тартты» деп жақауратсақ болар еді. Бірақ мәселе мүлде олай емес.
а) Ең жаманы, қазақ футболының аңызы дәрежесіне жеткен Жұмасқалиев өзінің «Тобылға» қажетсіз болып қалғанын команданың бас директорының, я бас жаттықтырушысының аузынан емес… клубтың ресми сайтынан білген. Осы шешімнен бір апта бұрын ғана Нұрбол команданың бас директоры Талғат Баймұратовпен кездесіп, өзінің болашағы туралы мәселені көзбе-көз еститін болып келіскен.
ә) Баймұратов Жұмасқалиевтің командаға қажетсіздігін бас бапкер Омари Тетрадзенің аузына салған. «Аш бәледен қаш бәленің» кері. Тетрадзе де бетпе-бет айтуды ар көрді ме, беті шыдамады ма, клубтың сайтына көлдей түсініктеме беріп құтылған. Нұрболдың көргені – осы жазба. Онда: «Соңғы төрт маусымды команда бірде-бір рет жетінші орыннан көтеріліп көрген жоқ. Бұған команда басшылығы мен жаттықтырушылардың ғана емес, ойыншылардың да кінәсі бар. Біздің жанкүйерлерді қатарынан төрт рет жетінші орында қалған команданың құрамында өзгеріс жасалып жатқаны таңдандырмауы керек» делінген.
б) Тағы бір сорақысы, бапкер болашақ командада Жұмасқалиевке орын жоқ екенін емеуріндей келіп, Нұрболдың биылғы маусым соңында 7 матчқа айыпталғаны да себеп екенін көлденең тартқан. Ал Жұмасқалиев бұл айыппен келіспейтініне өзі («Тобыл» емес, өзі!) қарсылық білдіріп, апелляциялық комитетке өтініш жазған. Апелляциялық комитет оның өтінішін қанағаттандырып, айып мерзімін 2 матчқа дейін қысқартты, қалған 5 матч шартты деп көрсетілді. Демек, «Тобылдың» басшылығы да, бапкері де биылғы маусым бітпей жатып-ақ Жұмасқалиевті жағаға лақтырып тастаған болып тұр ғой.
Енді осы жайттарға қатысты өз пікірімізді білдірсек.
Біріншіден, «Тобылға» қажетсіз болып қалған жағдайда да Жұмасқалиев жерде қалмайды. 35 жастағы ардагер премьер-лигадағы кез келген командада артық болмайды. Ширек ғасырда футболымыздың ар-ұятына айналған футболшылар қадау-қадау ғана. Сымақовты айтсақ, Жұмасқалиевті айтсақ, басқа кім бар? Сондықтан Баймұратов бастап, Тетрадзе қостап, Жұмасқалиевті жақсы шығарып салса, осындай дау тумас еді. Қостанайлық жанкүйерлер облыс әкімі Архимед Мұхамбетовке хат жазбас еді.
Екіншіден, Тетрадзенің командаға өзгеріс керек деп отырғаны дұрыс-ақ. Бірақ оны қазақ футболының жілігін шағып, майын ішкен жанкүйерлер мысқылмен қабылдайтыны әмбеге аян. Басқа басқа, «Тобыл» соңғы 15 жылда әкімдердің назарынан ешқашан тыс қалып көрген жоқ. С.Кулагин «Тобылды» жергілікті брендке айналдырды, Нұралы Сәдуақасов та үстінен құс ұшырған жоқ, ал қазір А.Мұхамбетов бар жағдайын жасап беріп отыр. Мұхамбетов келгелі «Тобылдың» құрамында түбегейлі өзгеріс осы маусымның басында ғана жасалды. Бас бапкерлікке Дмитрий Огай бекіді, командаға «Ақтөбеден» – Артурас Жулпа, Чиприан Деак, Сергей Хижниченко, Дмитрий Мирошиченко, Виктор Дмитренко, «Ертістен» – Фернандер Кассай, Алассане Н’Диайе, Константин Дудченко, «Тараздан» Альмир Мухутдинов пен Тимур Досмағамбетов келді. Сырттан келген Денис Главина және бар. Хижниченко, Мухутдинов биыл Қазақстан құрамасында тұрақты ойнады, Досмағамбетов бір-екі рет шақырылды. Жулпа Литва құрамасының сапынан түскен жоқ. Ең қызығы, команданы өзі жасақтамаған күнде де, Тетрадзе «Тобылға» бас бапкер болып 30 мамырда келді ғой. Ол кезде «Тобыл» батпақтап-тығылып жатты делік, бірақ ойынын күрт серпілтіп, алғашқы алтылыққа жетелесе, Тетрадзе мырзаның шалғайына ешкім жармаспаған шығар. Демек, Жұмасқалиев, Петухов, Нұртас Кургулин, Владимир Логиновский сияқты «кедергі келтіретін кәрілерден», Рафкат Аслан, Даниил Цой, Әнуар Ағайсин сияқты «пайдасыз жастардан», Сергей Яворский, Шәміл Асылдаров сияқты «қажетсіз легионерлерден» арыла отырып, «Тобыл» тағы да «су жаңа команда» болып құрылмақ па? Жыл сайын су жаңа құрам жасақтайтын «Тобыл» соншалық бай команда ма әлде?
Үшіншіден, өз түсініктемесінде Жұмасқалиевқа «футболшылықты мүлде доғарғаның дұрыс» дегенді Тетрадзе жіңішкелеп жеткізген. Тіпті «футболды қоюдың қандай екенін өзім жақсы білемін» депті ол. Әрине, біледі, басынан өткізген. Бірақ адам тағдырын сыртынан шешіп, оның 7 матчқа айыпталғанын негізгі кінәнің бірі етіп көрсету, «енді сенен алаңда пайда жоқ, одан да бапкерлер құрамына кіргенің дұрыс» деп емеуріндеу тіпті сорақы ғой. Жұмасқалиев биылғы маусымның соңғы матчтарында бапкердің өзін артқы жартылай қорғанысқа жиі пайдаланғанын, содан да шабуылға араласу мүмкіндігі азайғанын, нәтижелілігі төмендеуінің бір себебі осы екенін айтқан-ды. Демек, Нұрбол бапкердің өзін қай позицияда да пайдалануға қарсы емес-ті.
Ең өкініштісі, футболымызда да ішкі мәдениеттің кемшіндігі көзге ұрып тұр. Жұмасқалиев жерде қалмас. Бірақ «Тобылдың» одан құтылу операциясы өте аяусыз болғанын қадап айтамыз.
Артық пікірді былай қоя тұрайық та, Жұмасқалиевтің «Тобылға» қандай пайда келтіргенін тізбелейікші.
— Н.Жұмасқалиев «Тобыл» сапында 16 маусым өткізді. 2000-2010 және 2012-2016 жылдар аралығында ол қостанайлық клубтың капитаны болды.
— Нұрбол «Тобылдың» құрамында премьер-лигада 429-ойынға қатысып, 156 гол соқты. Бір команда құрамында ғана емес, бүкіл ғұмырында осынша гол соққан футболшы Қазақстанда санаулы ғана. Ол 2010 жылы Қазақстан чемпионы атанды, 4 рет күміс медаль, 3 рет қола жүлде жеңіп алды.
— 2007 жылы Жұмасқалиев «Тобыл» сапында Қазақстан кубогын жеңіп алды. Кубок сындарындағы 30 ойынға қатысып, 4 рет мергендік танытты.
— «Тобылмен» бірге еурокубок жеңімпазы атанған да – Жұмасқалиев. Әрине, ресми мойындалған нәтиже емес, дегенмен 2007 жылы «Тобыл» Интертото кубогының 3 кезеңін де артта қалдырып, УЕФА кубогының ІІ іріктеу кезеңіне жолдама алды. Бір емес, үш қарсыласты жеңудің алғашқы үлгісін жасаған да – осы «Тобыл». Жұмасқалиев «Тобыл» сапында еурокубоктың 21 кездесуіне қатысып, 7 гол соқты. Бұл көрсеткіш бойынша ол С.Сымақовтан ғана (8 гол) қалыңқы.
— Жалпы, спорттық ғұмырында Н.Жұмасқалиев 184 гол соқты. Соның 167-сін ол «Тобыл» сапында енгізді. Бұл нәтижені жақын-жуықта қайталай қоятын ешкім көрінбейді.
— Н.Жұмасқалиев биыл 4 гол соғып, қазақ футболының осы уақытқа дейінгі бас мергені О.Литвиненкодан озды (182 гол). Демек, дәл қазір Нұрбол – қазақ футболының рекордшысы.
Әрине, қанша аңыз адам болса да, Жұмасқалиевтің да футболмен қош айтысатын шағы келеді. Алайда оны қолдан жылдамдатудың қажеті не? Біз білетін Нұрбол болса, биыл басқа команданың құрамында жарқылдайды. Мұндай мықты жігіттерге ін ішінде бұғып жататын сорлы қасиет тән емес.