Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасы топтық турнирлерінің қорытындысы бойынша Испанияның 7 командасы да плей-офф кезеңіне шықты.
Шешуші кезеңге дейін барлық командасын сақтаған жалғыз ел осы Испания болып отыр. Бұл елдің «Реал», «Барселона», «Атлетико» және «Севилья» командалары — Чемпиондар лигасында, «Атлетик», «Сельта», «Вильярреал» командалары Еуропа лигасында топтық турнирден озып шықты.
УЕФА коэффицентінде Испания өзге елдердің бәрінен оқ бойы алда келеді. Соңғы 5 маусым қорытындысы бойынша испан командалары еурокубоктарда 98,284 ұпай жинаған. Екінші орындағы Германия еншісіндегі ұпай бұдан 22 ұпайға жуық аз (76,498). 2013/2014 маусымынан бері Чемпиондар лигасын да («Реал» — 2 рет, «Барселона» — 1 рет), Еуропа лигасын да («Севилья» — 3 рет) тек Испания клубтары ұтып келеді.
Қазақстан УЕФА коэффицентін биыл 29 орында бастап еді. Жыл соңында сол орында қалды. Келесі жазға дейін не жоғары, не төмен кетпейтініміз анық.