«Қаһармандар» айдары аясында қақпашы Нәкен Қырықбаев туралы материалды қайта жаңғыртып отырмыз.

2015 жылдың 5 сәуірінде Қазақстан құрамасының, «Намыс», «Қайрат», «Тараз», «Восток», «Қайсар» командаларының бұрынғы қақпашысы, «Мақтаарал» командасының жаттықтырушысы Нәкен Қойшыұлы Қырықбаев кенеттен қайтыс болды.

Нәкеннің қысқаша өмірбаяны мынадай:

1975 жылы 29 қыркүйекте туған. 1993 жылы «Намыс» футбол клубының құрамында спорттық ғұмырын бастап, 2008 жылға дейін «Қайрат», «Қайнар», «Тараз», «Восток», «Қайсар» және «Жамбыл» командаларында өнер көрсетті. Қазақстан жоғары лигасында 157 матч өткізіп, 242 гол жіберген. Ұлттық құрама сапында 2 ойынға қатысты, 5 гол жіберіп алды.

2012 жылдан бастап бапкерлік қызметке ауысып, «Лашын», «Гефест», «Мақтаарал» командаларында қақпашылар жаттықтырушысы болып істеді. Өмірінің соңында «Мақтаарал» командасының қақпашылар жаттықтырушысы болды. Спорт шебері.

Бұл – құрғақ мәліметтер ғана. Қазақ футболының тәуелсіздік жылдарынан бергі қадамы көз алдымызда болғандықтан, Нәкеннің де спорттық ғұмырындағы үзік сәттер жадымызда қалыпты.

«Құралбектің ізбасары боламын» деп келген

Нәкен қандай азамат еді? Ол спортқа қалай келді?

Нәкен Қырықбаев Тараз қаласындағы №45 орта мектепте оқыды. Бала күнінен ол қақпашы болуды мақсат тұтты. Бұл туралы Нәкеннің жерлесі, командаласы, Қазақстан құрамасының бұрынғы қорғаушысы Ерлан Елеусінов айтады.

— Нәкен Алматы қаласындағы Қажымұқан атындағы олимпиялық ізбасарлар дайындайтын училищеге бізден екі жылдан кейін түсті. Жерлес інім болғандықтан қолдау көрсетіп, білмейтін нәрсесін көрсетіп жүрдім. Өте ақкөңіл, қарапайым, аузын ашса жүрегі көрінетін азамат еді. Адамға ешқашан жамандық ойламайтын. Қақпашылықты өзі таңдады. Алматыға келе салысымен, «мен Құралбек Ордабаевтың жолын қуамын» деп қақпаға тұрды. Ол училищеде жақсы оқыды. Қақпашылық өнердің қыр-сырын үйренуге жанын сала кірісті. Нәкен аяғымен өте жақсы ойнайтын. 70-80 метрге допты теуіп, өз командаласының алдына салып беруге өте шебер болатын. Футболда бұл әдіс Плассер пасы деп аталады. Нәкен осы Плассердің шебері еді, – дейді Е.Елеусінов.

1993 жылы училищенің соңғы курсында оқып жүрген бір топ жас футболшыны қазақ спорт журналистикасының ардагері, жазушы Несіп Жүнісбаев «Намыс» командасына шақырды. Кіл қазақ жігіттерінен жинақталған команда ә дегеннен-ақ көрермендер көзайымына айналды. Нәкен Бектұр Рысқұловпен (Виктор Раскулов) бірге қақпаға жауапты болды. 18 жастағы жігіт өз міндетін адал атқарды. Алғашқы маусымда 17 матч өткізіп, 42 гол жіберіп алған Қырықбаевты ешкім кінәлай алмас еді. Өйткені «Намыс» бұған дейін футболмен кәсіпқой айналысып көрмеген қазақ жігіттерінен жасақталған еді. Нәкеннің жолы ақ болды. Одан кейін «Намыстың» намысын Бегалы Жақыпбеков қорғады. Бірақ Бегалы кейін алаңдағы ойыншы болып кетті.

— Нәкен намысқой, алаңда барын салатын жігіт еді, – деп еске алады досы, Қазақстан құрамасының бұрынғы ойыншысы Асқат Қадырқұлов. – Екеуміз интернатта бірге оқыдық, өте жақын араластық. «Намыс» біздің футболдағы жолымызды ашты. Бұдан кейін біз «Қайратқа» бардық, ел жанкүйерлеріне жақсы танылдық. Нәкен Құралбек Ордабаевты, Оливер Канды үлгі тұтты. Құралбек ағамыздың пенальти қайтару өнерін жаңа деңгейге көтерді, Кан сияқты қақпа сызығынан шығып ойнау, аяқпен ойнау машығын өте жақсы меңгеріп алды. Бізбен бірге оқыған Серік Жейлетбаев, Талғат Өсеров қайтыс болып кетті. Енді, міне, Нәкеннен айырылып отырмыз…

Нәкен «Қайратта» да жақсы өнер көрсетті. Алайда 1996-2000 жылдар аралығында «Қайрат» екіге бөлініп, балапан басына, тұрымтай тұсына кетіп жатқан сәттер еді. 1998-2000 жылдар аралығында Нәкен өзі туған топырақтағы «Тараз» командасында ойнады. 1995-97 жылдар аралығында ел біріншілігінде жетекші орындарда жүрген «Тараз» кейін күрт құлдырап, алғашқы ондықтың сыртында мәреге жетіп жүрді. Нәкен осы уақытта команданың ар-абыройы болды. 1998-99 маусымдарда ол «Тараз» қақпасына белгіленген 20 пенальтидің 12-сін қайтарды. Бұл нәтижені осы күнге дейін Қазақстан премьер-лигасында ешбір қақпашы қайталай да, жаңарта да алған жоқ.

Ұлттық құрамадағы екі матч

Нәкен ұлттық құрамаға алғаш рет 1997 жылы шақырылды. Әлем біріншілігінің іріктеу кезеңінде Жапония, Оңтүстік Корея, Бірікке Араб Әмірліктері, Өзбекстан құрамаларымен бір топқа түскен отандастарымыз айды аспанға шығармаса да, 8 ойында 6 ұпай жинады. Алматыдағы 4 кездесуде де жеңілген жоқ. Бірақ бұл кезде құрамадағы негізгі қақпашы Олег Воскобойников еді, қосалқы құрамда Юрий Ишутин жүрген-ді. Бұл тәжірибелі қақпашылардың тасасынан шығу кім-кімге де қиын болатын. Қараша айындағы Жапония – Қазақстан матчы алдында Воскобойников жарақаттанып қалды да, бас бапкер Серік Бердалин жиынға Қырықбаевты шақырды. Токиода алаңға Ишутин шықты, біздің құрама 1:5 есебімен ұтылды. Нәкен ойынды қосалқы ойыншылар арасында тамашалады. Кездесу аяқталған сәтте камера қос қолғабын көтере ұстап, трибуна астына беттеген Нәкенді көрсетіп қалды. Қазақ қақпашысының ойын нәтижесіне қатты өкініп тұрғанын байқау қиын емес еді.

Бұдан кейін Нәкен біраз уақыт құрама бапкерлерінің назарынан тыс қалды. Өйтетін себебі де бар. Бұл кезде Қазақстан футбол федерациясы Азия футбол конфедерациясының (АФК) құрамында еді. АФК-да ол кезде құрамалардың тұрақты ойын кестесі болған жоқ. Іріктеу ойындарының өзі бір елде бір апта аралығында өткізіле салатын. 2000 жылғы мамырда Қазақстан құрамасы Иордания астанасы Амман қаласында Иордания королінің кубогына қатысты. Бас бапкер Ваит Талғаев Иран – Қазақстан матчында қақпа кілтін Нәкен Қырықбаевқа сеніп тапсырды. Алайда Әли Кәрими – екі рет, Вахид Хашемиан бір рет Қырықбаев қақпасын дәл көздеп, 3:0 есебімен жеңіске жетті.

— Нәкен ұлттық құрамада өнер көрсетуге қатты талпынды. Олимпиялық құрама сапында да барын салды. Ал Иранмен кездесу алдында өзінің негізгі құрамда шығатынын естігенде, қатты толқыды. Бірақ намысқойлығына салып, ештеңе сездірмеуге тырысты. Біз жеңіліп қалдық, бірақ бірде-бір гол үшін Нәкенді кінәлауға болмас еді. Бұдан кейінгі Сириямен кездесуге негізгі құрамда Давид Лория ойнады, онда да ірі есеппен ұтылдық (0:4). Соңғы ойында Палестинаға қарсы қатты ширығып шықтық. Ұтылсақ, ұят болар еді. Нәкен жақсы ойнады. 3:2 есебімен жеңіске жеттік, – дейді сол матчта қос гол соққан А.Қадырқұлов.

Осы матчтан кейін Нәкен ұлттық құрама есігін қайта ашқан жоқ.

«Ол талантты қақпашы еді»

Өзінің ізін қуған інісі туралы Құралбек Ордабаев не дейді? 

— Нәкен келешегі зор қақпашы еді. Оның табиғи бітімі қақпашылыққа әбден орайлы болатын. Бойы ұзын, сонысына қарамастан реакциясы өте жақсы болды. Ойынның барысын жақсы сезіп, есептей білетін. Кез келген оқыс соққыға дайын еді. Әуелгі қадамдарынан-ақ Нәкеннің жақсы қақпашы болып өсетініне сенімім зор болды. Ішкі есебім бойынша, ол 28-35 жас аралығында таптырмас, алмастырмас қақпашы болса керек еді, жұлдызы жанса керек еді. Менің ойымша, дәл осы кезеңдерде Қырықбаевқа бапкердің сенімі жетіспей қалғандай. Ұлттық құрамаға шақырылды, ойнады. Бірақ сол кезде Воскобойников, Ишутин, Новиковтардың тасасында ұстай бермей, бапкерлер сәл сенім артса, Қырықбаев құлашын кеңге жаяр еді. Қақпашылық таланты ішінде булығып кеткендей көрінеді де тұрады. Ол келген жылдары мен «Қайраттың» президенті едім. Жаттығу барысында өз білгенімді үйретіп жүрдім. Тез қағып алатын. Дегенмен біздің елде қақпашыға бүкіл жанкүйер алаңдағы футболшылармен бірдей қарайды. «Қақпашы деген – жеке мамандық» деген сөз бар. Осыған ешкім мән бермейді. Қақпашы алаңдағы футболшы сияқты эмоциясын жарқыратып жайып салмайды, іштей түйсініп, іштей қорытынды шығарады. Нәкеннің де осы ерекшелігіне ешкім жете мән бермеген сияқты. Өкінішке қарай, қазір елімізде қазақ қақпашылары аз. Бар болса да, негізгі құрамға ілініп жүргені сирек. Тіпті жоқтың қасы. Тәп-тәуір көрініп келе жатады да, қосалқы құрамға отырып қалады. Ойнамай-ақ алып жүретін жүретін ақшасына қанағат білдіріп қалатын болса керек. Әйтпесе, Қазақстанда қақпашылық мектеп жаман емес. Лориядан бастап, Логиновский, Плотников, Шабанов, Пасеченко, Бойченко, Нұрмұхаметов, Петухов сияқты талантты, мойындалған қақпашылар бар…

Нәкен өмірінің соңғы кезеңдері

Ол 2012 жылдан бастап бапкерлікке ден қойды. В, С категориялары бойынша оқуды тәмамдап, А категориясына оқуға талаптанып жүрген-ді. «Жақында ғана Алматыға келіп, үйіме қонақ болып кетті. «Ауырып жүрмін, жайым болмай жүр» деп мүлде әңгіме қозғаған жоқ. Екеуміз өткен-кеткенді айтып, біраз әңгімелескенбіз» дейді А.Қадырқұлов.

Нәкен әуелі – «Лашын» командасында, 2013 жылдың алғашқы айналымында «Гефест» командасында қақпашылардың бапкері болып жұмыс істеді. 2014 жылдың ортасынан «Мақтааралға» оралып, бұрынғы жұмысына белсене кірісіп кеткен-ді.

Тамара Ақындықова, «Мақтаарал» командасының кадр жұмысы бойынша қызметкері:

— Нәкеннің қазасы бәрімізді сансыратып кетті. Ол өте ақкөңіл, орнымен сөйлейтін, футболшылардың алдында абыройлы, өз пікірін қорғай алатын азамат еді. Өз жұмысына өте үлкен жауапкершілікпен қарайтын. Түр-тұлғасы келісті, үнемі спорттық бабында жүретіндіктен, алаңға әне-міне шығып кетсе де ойын сәнін бұза қоймайтын еді. Футболшылардың жағдайын жақсы түсінетін, көмегін беруге әзір тұратын. Командамызбен 2015 жылдың соңына дейін келісім жасаған-ды… 4 сәуір күні Бірінші лига ойындары басталды. «Мақтаарал» «Лашынды» қабылдап, 1:0 есебімен жеңді. Бәріміз алғашқы 3 ұпайға қуанып жүргенімізде, ертеңіне Нәкеннің жүрек талмасынан қайтыс болғанын естідік. Қазақтың мақтан тұтар азаматтарының бірі еді. Команда басшылығы Нәкеннің отбасына көңіл айтып қайтты, қаржылай көмек те ұсынды.

Осылайша, қылшылдаған қырықтың төбесі көрінгенде Нәкен Қырықбаев өмірмен қоштасты. Алдына үлкен мақсат қойып, сол мақсатқа жете білген Нәкендей азаматтың еңбегі кейінгі інілеріне үлгі болса игі. Оның артында екі қызы қалды.

Нәкен әлеуметтік желілерді аса белсенді пайдалана қоймаған сияқты. «Мейл.ру» порталындағы «Менің әлемім» парақшасынан ғана өмірге құштар азаматтың екі-үш суретін таптық.

Қақпашыға жарымаған халықпыз

Жалпы біз – қақпашыға жарымаған халықпыз. Халқымыздың осы өнерге қабілеті зор екен сонау 1970 жылдары Құралбек Ордабаев керемет дәлелдеп еді. Одан кейін қақпашылықты жоғары деңгейге жеткізген санаулы футболшы болды. Ол – Нұрлан Әбуов. Ол – Тимур Оразов. Ол – Нәкен Қырықбаев. Кейін бұл сапқа Мұрат Мұқашев қосылып, Қазақстан құрамасына кандидат дәрежесіне дейін көтеріліп еді. Бірақ кейін футболдан мүлде алыстап кетті. «Алматы» командасы премьер-лигаға жолдама алатын жылы Ержан Серғазин негізгі қақпашы болды. Кейін ол Грекияға, Норвегияға сапарлап, ақыры Скандинавия түбегінде қалып қойды. «Қайраттың» сапында Ерлан Тілеуқұлов деген қақпашы болды, бірақ ол премьер-лигада жалғыз ғана матчта алаңға шығып, кейін бапкерлікке ауысып кетті. Нұрболат Қалменов («Ақжайық»), Самат Отарбаев («Ақтөбе») 2016 жылы негізгі құрамнан жиірек көрінді. Отарбаев ұлттық құраманың күздегі ойындарына тұрақты шақырылды. Алмат Бекбаев Қостанай, Ақтөбе сапарларынан кейін 2016 жылы ғана еңсе тіктеді, ұлттық құрамаға шақырылды. Ал «Оқжетпестегі» Руслан Әбжанов пен «Тараздағы» Азат Битабаров қосалқы құрамнан бас көтерген жоқ. «Оле Бразил» академиясында тәрбиеленген Серікболсын Кененов өткен жылы «Тобылдың» қосалқы құрамында ойнап еді. Биыл ешбір командадан бой көрсетпеді. Ал осы академияның және бір түлегі Абылайхан Дүйсен 2016 жылды «Астананың» қосалқы құрамында өткізді.  

Бірінші лигада Хамит Матаев («Болат»), Талғат Қаленов («Қыран»), Нұрлыбек Аязбаев пен Махамбет Қадешов («Каспий»), Серік Елубаев пен Рүстем Айдарғалиев («Екібастұз»), Шыңғыс Таңатқанов («Байқоңыр»), Ерлан Өзбехан (ЦСКА) сияқты қақпашылар бар. Ендеше, алда қазақ қақпашыларының жаңа толқыны келе жатыр деп күтейік.

(Бұл мақала «Айқын» газетінің 2015 жылғы 8 сәуірінде жарияланды. Ішінара өзгерістермен қайта жарияладық)