Италия құрамасы іріктеу матчтарында 10 жылдан бері жеңілмепті. Бұл туралы УЕФА-ның ресми сайты хабарлады.
«Скуадра адзурра» соңғы рет 2008 жылғы Еуропа біріншілігіне іріктеу кезеңі аясында ұтылған. 2006 жылдың 6 қыркүйегінде Роберто Донадонидің шәкірттері Францияға 1:3 есебімен тізе бүкті. Содан бергі 2 әлем біріншілігінің, 2 құрлық чемпионатының іріктеу кезеңдерінде Марчелло Липпи, Чезаре Пранделли, Антонио Конте сияқты мамандар жаттықтырған құрама барлық кезеңнен жеңіліссіз өтіп, үнемі финалдық сындарға жолдама алып отырды.
Биылғы Еуро-2016 додасынан кейін «скуадра адзурра» тізгінін Джампьеро Вентура ұстады. Ресей-2018 іріктеу кезеңінде Вентура басшылығымен бұл құрама 3 кездесу өткізіп, 2 рет жеңіске жетті (Израиль — 3:1, Маекдония — 3:2), 1 рет тең ойнады (Испания — 1:1). Сөйтіп, 10 жылдан астам уақытта жеңіліссіз матчтар сериясын 53-ке жеткізді.
9 қазан күні Италия сырт алаңда Мекдониямен кездесіп, 75 минутқа дейін 1:2 есебімен ұтылып тұрған-ды. «Лационың» шабуылшысы Чиро Иммобиле 75 және 90+2 минуттарда қос гол соғып, Италия жеңісті жұлып әкетті. «Біз өзіміз үшін аса ыңғайсыз матчтарды жүрекпен ойнап алып шығамыз» деген қақпашы Джанлуиджи Буффонның сөзімен келіспеске амал жоқ.