Қазақстан премьер-лигасының ХХІХ турында есте қалатын деректер мынадай болды:
1. «Жетісу» өз алаңында «Атырауды» 4:3 есебімен ұтып, премьер-лигадағы биылғы ең жігерлі жеңіске қол жеткізді. Талдықорғандықтар ойын барысында 0:2 және 1:3 есептерімен ұтылып тұрып, таразы басын өздеріне аудара алды. Бұл — екі доп айырмашылығымен есе жібере тұрып, жеңіске жеткен биылғы алғашқы жағдай.
Жалпы, жыл басынан бері чемпионатта 15 жігерлі жеңіс тіркелген. Оның төртеуі — «Қайратқа», екеуі — «Астанаға», екеуі — «Тобылға», бір-бірден «Ақтөбе», «Ертіс», «Ордабасы», «Оқжетпес», «Шахтер» және «Ақжайық» командаларына тиесілі.
2. Бұл турда Д.Джерманович («Жетісу»), К.Фонсека, Р.Мұртазаев (екеуі де — «Ертіс»), П.Твумаси («Астана») дубль жасады. Маусым басынан бері футболшылар 36 рет қақпаларды қос-қостан көздеген. Биылғы ең көп дубльдің авторы — А.Нұрғалиев («Ордабасы»/»Астана»). Ол «Ордабасы» сапында — 2 рет, «Астана» сапында — 2 рет, барлығы 4 дубль жасады. Р.Мұртазаев («Ертіс»), Ж.Гоу мен Б.Исламханда («Қайрат») үш-үштен дубль бар.
3. Турда Р.Мұртазаевтың дубліне Ж.Гоу 1 доппен ғана жауап берді. Қазір екі мергеннің арасын 2 доп бөліп тұр. Ж.Гоу — 19 рет, Р.Мұртазаев 17 рет қарсыластар қақпасын дәл көздеген. Біріншіліктің бас мергені атағы соңғы үш турда шешілмек. Ж.Гоу өткен жылы ҚПЛ-дың бас мергені (22 гол) атағын жеңіп алған болатын.
4. М.Федин («Атырау») өзінің үлкен футболдағы тұңғыш голын соқты. Ол «Жетісу» — «Атырау» матчының 12-минутында есеп ашты.
5. «Қайрат» 21 тур бойы қарсыластар қақпасына кем дегенде 1 гол соғып келе жатыр. Бұл серия 5 мамырда басталған болатын. Мұндай жетістікке биыл ешбір басқа команда жақындай да алған жоқ. «Астана» мен «Ертістің» гол сериясы 10 матчқа ғана созылды.
6. «Ертіс» қатарынан жетінші матчта өз қақпасын голдан сақтай алар емес. Бірақ бұл сәтсіздік сериясы бойынша «рекордшы» — «Ақжайық» командасы. Оралдықтар 29 мамыр — 24 шілде аралығында қатарынан 10 матчта өз қақпаларына доп жіберіп алды.
7. Чемпионат барысында қарсыластарын ірі есеппен ұта алмаған командалар — үшеу («Жетісу», «Ордабасы», «Ақжайық»). Керісінше, «Қайрат», «Тараз» және «Тобыл» биылғы маусымда бір де бір рет ірі есеппен ұтылмапты.
8. 4:3 есебі («Жетісу» — «Атырау») биылғы чемпионатта бірінші рет тіркеліп отыр. Ал 5:1 есебі («Ертіс» — «Ақтөбе») — 2, 1:1 («Қайрат» — «Ордабасы») — 10, 2:1 («Тараз» — «Ақжайық») — 26, 2:3 немесе 3:2 («Шахтер» — «Тобыл») — 9, 3:0 («Астана» — «Оқжетпес») 11 рет кездесіп отыр. Жалпы, чемпионатта ең көп кездескен есеп — 1:0 (45 рет).