Чемпиондар лигасының ІІ турында Е тобындағы ЦСКА (Ресей) — «Тоттенхем» (Англия) матчы қонақтардың жеңісімен аяқталды. Жалғыз голды 71 минутта корей шабуылшысы Сон Хын Мин соқты.
Осы гол ЦСКА-ның қақпашысы Игорь Акинфеевтың антирекордын тағы бір матчқа ұлғайтты. Ол осымен отыз бесінші ойында өз қақпасына доп жіберіп алып отыр.
Акинфеев соңғы рет осыдан 10 жылға жуық уақыт бұрын — 2006 жылдың 1 қарашасында Лондондағы «Эмирейтс» стадионында «құрғақ ойын» өткізді. «Арсенал» — ЦСКА кездесуі 0:0 есебімен аяқталған болатын.
Ал үш маусым бұрын, яғни, 2013 жылы ол 1 қазандағы ЦСКА — «Виктория» (Пльзень, Чехия) — 3:2 кездесуінде 17 матчта қатар гол жіберіп, Чемпиондар лигасының антирекордын жаңартты.
Басқа антирекордшылар көрсеткіші мынадай:
2. Роналд Ватерройс (ПСВ, Голландия) — 16 матч;
3. Антонис Никополидис («Олимпиакос», Грекия) — 15 матч;
4. Шей Гивен (Ирландия, «Ньюкасл») — 14 матч.
Антирекордқа Чемпиондар лигасының топтық турнирі мен плей-офф кезеңіндегі ойындар ғана есепке алынады.