8 қазанда Подгорицада өтетін Қаратау — Қазақстан матчына австриялық төреші Роберт Шергенхофер қазы болатын болды. Ол 1973 жылдың 21 ақпанында дүниеге келген. Австрия бундеслигасында 1997 жылдан бері төрелік етіп келеді. 2010 жылы ФИФА төрешісі санатына кірді.
Шергенхофер 2010 жылдың 3 тамызында Чемпиондар лигасының ІІІ іріктеу кезеңіндегі «Хапоэль» (Т-А, Израиль) — «Ақтөбе» қарымта матчында бас қазы болды. Бұл кездесуде ақтөбеліктер 1:3 есебімен жеңіліп қалды. Осы матчта ол «хапоэльдіктерге» — 2, ақтөбеліктерге 6 ескерту жасады.
2015-2016 маусымында Р.Шергенхофер Еуропа лигасының топтық турниріндегі 3 матчта төреші болды, 2014 жылдан бері ұлттық құрамалар арасындағы 2 жолдастық кездесудің рефериі қызметін атқарды. Бірақ бұған дейін ол Қазақстан құрамасы қатысқан ойындарға төрелік етпепті.
Ал жалпы австриялық қазылар біздің құраманы алаңға 3 рет бастап шыққан:
1. Ф.Штухлик. 13.10.2004. Алматы. ӘЧІ. Қазақстан — Албания — 0:1
2. Г.Лөнер. 04.06.2005. Киев. ӘЧІ. Украина — Қазақстан — 2:0
3. Г.Лөнер. 06.03.2008. Анталия. ЖК. Қазақстан — Молдова — 0:1
Байқап отырғандарыңыздай, австриялықтар қазы болған ойындардың барлығында отандастарымыз жеңілген. Тіпті жалғыз гол да соға алмаған — 0:4. Штухлик 2 футболшымызға (Балтиев, Фамильцев) ескерту берсе, Лөнер Украина — Қазақстан матчында бір де бір рет қалтасына қол жүгіртпеген. Есесіне, 2008 жылғы жолдастық кездесуде ол А.Кучманы алаңнан қуды. Лөнер төреші болған алғашқы матчта (Украина — Қазақстан) И.Авдеев өз қақпамызға гол соғып алды.
Демек, алдағы кездесуде отандастарымыз біз үшін аса ыңғайсыз осы статистикаға оң өзгеріс енгізуге тиіс.