Луис Энрике «Барселонаны» өзі жетелеген 126 матчта 100-жеңісіне жеткізіп, Хосеп Гвардиоланың рекордын жаңартты. Бұл туралы «Еуроспорт» хабарлады.
«Барселона» испан примерасының 2 туры аясында сырт алаңда «Атлетикпен» кездесіп, 1:0 есебімен басым түскен-ді.
Жақын жуықта Луис Энрикенің бұл рекордын жаңартатын ешкім көрінбейді.
Қазақстанда 100-жеңісіне емес, 100-матчына жетіп жатқан мамандар аз. Өйткені, соңғы жылдары бір команданың тізгінін кемі 3 жыл қаққан мамандар өте сирек. Қазіргі бапкерлер арасында Станимир Стойловтың («Астана») шоқтығы биік. Ол таза 2 жыл ішінде «Астананы» 105 матчта жаттықтырып, 64 кездесуді жеңіспен аяқтады.
Қазіргі бапкерлерден Владимир Мухановты бөле-жарып атауға болады. 2003-2004 жылдары — «Тобылды», 2005 жылы — «Жеңісті», 2006-2012 жылдар аралығында «Ақтөбені» баптаған білікті маман 100-жеңісіне шамамен 165-матчта, 2007 жылы қол жеткізген. Бұл жаман көрсеткіш емес.
Қазақстанда 100-жеңісіне қол жеткізген отандық (шетелдік) бапкерлер санатына Ваит Талғаев, В.Никитенко, Д.Огай сынды танымал мамандар енуі өте мүмкін. Бұл індетіп зерттеуді қажет ететін тақырып екені сөзсіз.