Бакуде (Әзербайжан) дзюдодан әлем чемпионаты жалғасып жатыр. Жарыстың екінші күні 66 келі салмақ дәрежесінде үржарлық балуан Ерлан Серікжанов күмістен олжа салды. Қуаныштысы, Серікжанов жарысқа алғашқы айналымнан бастап қатысып, финалға дейінгі қарсыластарының бәрін иппонмен жеңді:
І айналым. Е.Серікжанов – Артур Карлос (Мозамбик) – иппон
ІІ айналым. Е.Серікжанов – Барух Шмаилов (Израиль) – иппон
ІІІ айналым. Е.Серікжанов – Вадим Бунеску (Молдова) – иппон
Ширек финал. Е.Серікжанов – Херлен Ганболд (Моңғолия) – иппон
Жартылай финал. Е.Серікжанов – Тал Фликер (Израиль) – иппон
Финал. Е.Серікжанов – Хифуми Абе (Жапония) – жапон балуаны таза жеңді.

Бұл – Ерланның тұңғыш қатысқан әлемдік додасы. Ол 2017 жылы Қазақстан чемпионы атанды, 2018 жылдың қаңтарында Тунисте өткен әлемдік гран-придің қола жүлдесін жеңіп алды.

Былтыр Будапештте (Венгрия) өткен әлем чемпионатында бұл салмақта Елдос Жұмақанов сынға түсіп, үшінші айналымда кореялық Ким Лин-хваннан жеңілген еді.

Ал Х.Абе өткен жылғы чемпион атағын биыл да қорғап қалды.

Әйелдер арасында 52 келі салмақта өткен сынға отандастарымыздың ешқайсысы қатысқан жоқ.

Екі жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан 1 күміс, 1 қола жүлдемен жалпы есепте үшінші орында келеді. Әлем чемпионаты 27 қыркүйекке дейін жалғасады.

(www.ijf.org фотосы)