Ширек финал
Франция – Уругвай – 2:0 (Варан, 40, Гризманн, 61)

Жарыстың осы кезеңіне жеткен командалардың бірі екіншісінен анағұрлым басым болады деп көп ешкім күтпеген болар. Дегенмен бұл кездесуде француздар орталық алаңда түгелдей үстемдік танытып, жоспарларынан айнымай ойнап, тамаша жеңіске қол жеткізді. Уругвай сұрмергені Эдинсон Каванидің жоқтығы бәрібір көзге ұрып тұрды. Оның орнына шыққан Кристиан Стуани барын салды, тіпті Льорис қақпасына бірінші таймда ең қауіпті соққы жасаған да сол болды. Алайда шабуылдағы қанаттасы жоқ жерде Луис Суарес босқа шаршады десек те болады.

Бұл кездесуде француздар Килианн Мбаппенің жылдамдығын пайдаланған жоқ. Жас сұрмерген Годин мен Хименестің шебіне жиі қауіп төндіргенмен, аса қауіпті сәт туындата алмады. Тіпті екінші таймда өз-өзінен аяғын ұстап домалап, жоқ жарақатты ауырсынды. Онсыз да атақты футболшылардың «әртістігенен» шаршаған жұртқа бұл да азық болғаны сөзсіз.

Ойын тізгінін Гризманн қолға ұстап, матч тағдырын толық шешті. Варан гол соққан сәтте Антуанның айып соққысынан тамаша пас көтергенін айту орынды. Ал екінші таймда Гризманн өзі шабуыл бастап, тамаша аяқтады. Әрине, үлкен қателік жасаған қақпашы Фернандо Муслераны да кінәлауға болар еді. Бірақ 90 минут бойы басым ойнаған француздардың бұл дәл соққысы ойынға қойылған тамаша нүкте болды. Франция құрамасы араға 12 жыл салып, әлем чемпионатының жартылай финалына жолдама алды.

(fifa.com фотосы)