Қазақстан кубогы

Жартылай финал. Алғашқы матчтар
14 маусым
«Қайрат» — «Ертіс» — 2:0 (Қуат, 7, Исламхан, 27)

«Қайрат» командасының капитаны Бауыржан Исламхан биылғы кубок бәсекелерінде өзінің 4-голын соқты. Бұған дейін ол 1/8 финалда «Оқжетпес» қақпасына хет-трик жасаған болатын.

Исламхан осылайша Қазақстан кубогында бір маусымда енгізген доптары бойынша өз рекордын жаңартты. Бұған дейін ол 2011 және 2015 жылдары кубокта 2 голдан соққан еді. Демек, ол осы көрсеткіштерін биыл 2 есе жаңартып отыр.

Жалпы, Қазақстан кубогы матчтарында Исламханның дәл соққыларының саны 10-ға жетті.

Бірақ биылғы кубок сындарында Исламхан жалғыз мерген емес. «Оқжетпестің» жартылай қорғаушысы Нұрлан Дайыров іріктеу кезеңінде бірден «покер» жасады, «Жас ұлан» командасының қақпасына 4 гол соқты. Ал «мақтааралдық» Елмар Нәбиев «Рузаевка» және «Астана» командаларының қақпасына 4 гол (3+1) енгізді. Әзірше биылғы кубоктың бас мергендері – осы үш футболшы.

«Ертіс» пен «Қайрат» қарымта кездесуді 27 маусым күні Павлодарда өткізеді.

(fckairat.kz фотосы)