Қазақстан чемпионаты
8 тур. 23 сәуір
«Ертіс» – «Қайрат» – 3:3 (Живкович, 13-пенальтиден, Дарабаев, 28, Джедже, 40 – Гоу, 5, Иличевич, 61, Исламхан, 88)
«Ордабасы» – «Тобыл – 1:2 (Ковальчук, 45 – Жанғылышбай, 63, Деспотович, 68)
«Астана» – «Тараз» – 4:0 (Граховац, 13, Кабананга, 33, 84, Жалмұқан, 43)
«Ақжайық» – «Қайсар» – 1:0 (Валиуллин, 56)
Бұл турдағы «Ақтөбе» – «Шахтер» және «Атырау» – «Оқжетпес» кездесулері Ақтөбе мен Атыраудағы стадиондардың жарамсыздығынан кейінге қалдырылды. Екі ойын 28 маусым және 26 шілде күндері өтеді. Дегенмен осы төрттіктің бұл маусымда ешбір медальға қол соза алмайтыны алғашқы турлардан-ақ белгілі болған-ды.
«Ертіс» пен «Қайрат» Павлодарда нағыз майдан жасады. Әуелі алматылықтардың сұрмергені Гоу есеп ашты, артынша «Ертіс» бірінші тайм соңына дейін-ақ «Қайрат» қақпасын үш рет дәл көздеп үлгерді. Стас Покатилов жарақат алған соң, «Қайраттың» жас қақпашысы Владимир Грошев алаңға шығып еді. А.Дарабаев пен Ф.Джедженің соққылары осы Грошевтің сенімсіз қимылынан кейін қақпа төрінен табылғаны рас. Алайда осы уақытқа дейін чемпионатта ұтылып көрмеген «Қайрат» екінші таймға ширығып шықты. 58 минутта орталық қорғаушы Сезар Арзо алаңнан қуылса да, алматылықтар бәрібір есепті теңестіріп кетті.
Екі мықтының ұпай бөліскені «Астанаға» оң болды. Үш дүркін чемпиондар өз алаңында «Таразды» 4:0 есебімен ұтты. «Ақтөбеден» ауысқан Дидар Жалмұқанның ойыны ширап келе жатқаны қуантады. Ол Патрик Твумасиді негізгі құрамнын ығыстырып, соңғы екі ойында екі гол соқты. «Астана» негізгі қарсыластарынан бір ойын кем өткізсе де, үш ұпай алға ұзады.
«Ордабасы» өз алаңында «Тобылға» есе жіберді. Алдымен есеп ашып, екінші таймда қос қарымта гол жіберіп алса да, шымкенттіктерде кемі тең нәтижеге жететін уақыт бар еді. Бірақ осымен төртінші рет ұтылып, «Ордабасы» алғашқы бестікке әупірімдеп ілініп тұр. Негізгі шабуылшы А.Щеткиннің айыпталғанын Тоқтар Жанғылышбай сәтті пайдалануға тырысып жүр. Ол қатарынан екінші матчта (мұның алдында кубок ойынында) қанжығасын майлады.
«Қайсар» маусым басындағы қарқынын баяулатып алды. Бұл турда қызылордалықтар сырт алаңда «Ақжайықтан» ұтылды. Ал В.Масудов жетекшілігіндегі «Ақжайық» былтыр премьер-лигада қалу құқын соңғы турларда жеңіп алғаны бекер емес екенін дәлелдеп келеді.
Кеше «Атырау» командасына ФИФА шешімімен 6 ұпай қайтарылғаны белгілі болды. Енді мұнайшылар жарысты қайтадан 0-ден бастайды.
(fcirtysh.kz фотосы)