Қазақстан кубогы
1/8 финал. 19 сәуір
«Тобыл» — «Шахтер» — 1:2 (Жанғылышбай, 85 — Сзоке, 14, Тәттібаев, 39)
Екі команда да өткен жылы 1/8 финалдан аса алмаған болатын. «Тобыл» «Қызылжардан» пенальти арқылы ұтылса, «Шахтер» «Қайратқа» жол берген-ді (0:4). Биыл «Шахтер» осы маусымдағы алғашқы жеңісіне жетіп, Қарағанды футболына алаңдаған әкімнің көңілін сәл де болса демдеді. Т.Жанғылышбай «Тобыл» сапындағы алғашқы голын соққанмен, жаңа командасын келесі кезеңге жетелей алған жоқ.
«Мақтаарал» — «Оқжетпес» — 1:4 (Алекперзаде, 59 — Марочкин, 14, Федин, 21-пенальтиден, Юрин, 26, Чертов, 43)
«Мақтаарал» ел кубогында тұңғыш рет 1/8 финалға шығып, биылғы сапарын осы кезеңде аяқтады. «Оқжетпес» І таймда 4 гол соғып, жеңімпазды бірден анықтап қойды.
«Қызылжар СҚ» — «Ордабасы» — 0:1 (Гогуа, 59-пенальтиден)
Қызылжарлықтар өткен маусымда ширек финалға дейін жеткен-ді. Биыл олардың жолын «Ордабасы» кесіп өтті.
«Ертіс» — «Қайсар» — 3:2 (Фофана, 31, Джедже, 82, Родриго, 110 — Нәрзілдаев, 66-пенальтиден, Алтынбеков, 79)
Аралас құраммен ойнаса да, «Қайсар» Павлодардан жеңіспен қайтуға сәл қалды. «Ертіс» жігерлі жеңіске қосымша уақытта қол жеткізді.
«Қайрат» — «Тараз» — 2:0 (Жуков, 33, Иличевич, 45-2-пенальтиден)
Георгий Жуков «Қайрат» сапындағы алғашқы голын соқты. Ал Иво Иличевич қатарынан үшінші матчта (премьер-лига — 2, кубок — 1) мергендік танытты.
«Қыран» — «Атырау» — 1:2 (Жақсыбек, 26 — Максимович, 45+3-пенальтиден, Қайраллиев, 85)
Ресейлік маман С.Павлов тізгін қаққан алғашқы матчта «Атырау» жігерлі жеңіске жетті.
«Ақжайық» — «Ақтөбе» — 0:0, пенальтиден — 4:5
«Ақтөбе» өткен жылы кубоктан мүлде бас тартып еді, биыл 1/8 финалда пенальти сериясында жеңген жалғыз команда болып отыр.
«Жетісу» — «Астана» — 2:1 (Хромцов, 75, Шакин, 86 — Бейсебеков, 5)
Кубоктың осы кезеңіндегі басты жаңалық: «Астана» атағын қорғай алмайтын болды. Былтыр елордалықтар финалда «Қайратты» жеңген еді, биыл үздік сегіздікке ене алмай, жарыс жолын босатты. «Жетісу» ширек финалға І лигадан жолдама алған жалғыз команда болып отыр.
(«Ертіс» ФК фотосы)