Қазақстан премьер-лигасының 5 турындағы «Шахтер» — «Қайрат» (1:4) кездесуінде алаң иелерінің голы Алессио Аллегриа деген легионердің еншісіне жазылды. Голдың бейненұсқасын бірнеше рет қайталап көрдік, соққы жұмсаған — Оралхан Өміртаев. Қарағанды футболының түлегі. Өткен жылдан бері «Шахтердің» негізгі құрамынан бой көрсетіп жүр. Өзі 19 жасқа алдағы шілде айында ғана толады. Былтыр «Шахтердің» қосалқы құрамында 22 матчқа қатысып, 17 гол соғыпты.

Демек, Қарағандыда Руслан Иманқұлов пен Андрей Финонченконың ізбасары өсіп келе жатыр!

Осы талантты жігіттің үлкен футболдағы алғашқы голы неге көпе-көрінеу бөтен футболшының атына жазылды? Өміртаевтың (№17) аяғынан ұшқан доп жолда тұрған Аллегрианы (№99) жанап өткен жоқ қой. Әлде ойын инспекторы мен қосалқы төреші хаттамаға Аллегрианы тіркей салды ма?

Қазақстан кәсіпқой футбол лигасынан бұл голдың шынайы автор атына жазылуын өтініп сұраймыз.

Кім біледі, Оралханның осы дәл соққысы футболдағы ғажайып ғұмырына жол ашатын болар?!

Ойын ұмытылады, дерек қалады. Ал деректі қазір түземесек, ертең тіпті мүмкін емес.

Оралхан Өміртаевтың «Қайрат» қақпасына соққан голы: