Қазақстан ұлттық құрамасы жақында Александр Бородюктің басшылығымен алғашқы кездесуін өткізеді. Мұны біз үреймен де, үмітпен де күтіп жүрміз. Өйткені бас бапкер тез арада ауысатынын елімізде ешкім де күтпеген сияқты. Әрине, жаңа жаттықтырушыға жау болуды мақсат тұтпаймыз. Дегенмен Пайперс дәуірінен бері, яғни 2007 жылдан бері ұлттық құрама тізгінін шетелдік маманға беріп келе жатқасын, өткен жылы Талғат Байсуфиновтың – отандық маманның келуін қуана қарсы алып едік. Байсуфинов жаман бапкер болған жоқ.
Ұзақ күттірген маман
2016 жылдың басында Қазақстан футбол федерациясының сол кездегі президенті Ерлан Қожағапанов Талғардағы құрама базасында журналистермен кездесіп, ресейлік Юрий Красножанмен келісім-шарт толық үзілгенін мәлім етті. Байқауымызша, құрамадан кетуін кетіп алып, Красножан қайта оралуға тырысқан секілді. Бірақ қайта кіргісі келетін есігін қатты серпіді ме, әлде басқа да жағдайлар болды ма, әйтеуір Красножан кетіп тынды. «Оның орнына Маттеус келеді екен, Стоичков келеді екен, Гаттузомен келісім-шарт жасалып қойыпты» деген сөздер желдей ессе де, құраманың наурыз айындағы жолдастық кездесулеріне кім дайындайтыны сұлбаланып келе жатты. Бас бапкер драмасы аяқталғанша «Ақжайықтың» тізгінқағары Талғат Байсуфинов уақытша құраманы дайындай тұратын болды.
Мұның алдында журналистермен Талғардағы кездесуінде Е.Қожағапанов тәжірибелі журналист Аманкелді Сейітханның: «Ұлттық құрама жаттықтырушылығына кандидаттарды жанкүйерлер арасында дауысқа салып көрсек қайтеді?» – деген ұсынысын құптады. Сол-ақ екен, орыстілді жазармандар араның ұясындай гуледі де кетті. «О заманда бұ заман, құрама бапкерін жанкүйерлер тағайындайтын ба еді?» деп мысқылдады, кекетті, әжуалады. Шынын айтқанда, бұл сонша даурықтыратын мәселе емес еді. Егер сол орыстілді журналистер қазақ тілін түсінсе, мұның талап емес, жай ғана ұсыныс екенін, оны футболымыздың басшысы «несі бар, жанкүйер пікірін білейік» деп құптағанын түсінер еді. Керісінше, олар отқа май құйғандай лаулатып, мәселені сан-саққа жүгіртті де кетті. Нәтижеде ҚФФ сайтындағы сауалнаманы «ғасырдың үздік сәтсіздігі» ретінде көрсетіп, өздері ұпай жинады. Басқа ештеңе де емес.
Осындай дулы және даулы уақытта Талғат Байсуфинов ұлттық құраманың бас бапкері міндетін уақытша атқарушы болып бекітілді. Құдайшылығын айту керек, Талғат Мәруәұлы бұл шаруаны «тас қылды». Түркияда Әзербайжанды тізерлетіп (1:0), Тбилисиде Грузияны састырып (1:1) қайтты. Жаздың басында Қытайдың Дальян қаласына сапар шешіп, Аспанасты елінің құрамасын 1:0 есебімен сырт алаңда ұтты. Дальянға кетер алдында ғана, 24 маусым күні Т.Байсуфинов бас бапкер болып толық бекіді. Сөйтіп, оның тағайындалуы ұзақ болды. Бәрібір Талғат Мәруаұлы қазақ жанкүйерлері күткен бапкер еді. Оның себебін мақаламыздың екінші бөлігінде таратып айтамыз.
Жеті кездесу, жақша ішінде және біреу
Т.Байсуфиновтың басшылығымен Қазақстан құрамасы 2016 жылы 7 кездесу өткізді. Бір жылда бұл аз да емес, көп те емес. Ең бастысы, осы 7 матчта Т.Мәруаұлы қазақ футболының болашағы жаман емес екенін аңғартты.
Айтып өткеніміздей, Байсуфинов алғашқы 3 жолдастық кездесудің жақсы нәтижемен – 2 жеңіс, 1 тең ойынмен аяқтады. Одан кейін 30 тамызда Бішкекте Қырғызстан құрамасымен кездесіп, 0:2 есебімен ұтылды. Бапкер әдейі істеді ме, әлде шынында да байқамай қалды ма, ойын барысында құраманың 7 ойыншысын бірден алмастырды. Ал ФИФА ережесі бойынша, жолдастық кездесуде 6 футболшыны ғана алмастыруға рұқсат бар. Бішкектегі сәтсіз ойын осылайша ресми санатқа енген жоқ.
Бұдан кейін 2018 жылғы әлем біріншілігіне іріктеу кезеңі басталды. Қазақстан құрамасы Дания, Румыния, Черногория, Армения және Польша құрамаларымен бір топта еді. Алғашқы кездесу «Астана-Аренада» Польша құрамасымен өтті. Поляктар 35 минутқа дейін 2 гол соғып, матч жеңімпазын анықтап қойғандай еді. Алайда Байсуфинов шәкірттері үзілістен кейін серпіле ойнап, 58 минутқа дейін-ақ есепті теңестіріп үлгерді. Шабуылшы Сергей Хижниченко дубль жасады. Бұдан кейін де отандастарымыз басым ойнап, жеңіске мейлінше жақын болды. Бауыржан Исламханның қорғаушылардан сытылып өтіп тепкен добы қақпадан қиыс кетіп, жанкүйерлерді бір күрсінтті. Ойын 2:2 есебімен аяқталды.
ІІ турдағы Черногория сапары тым сәтсіз болды. Құрама 0:5 есебімен жеңіліп қайтты. Мұндағы Байсуфиновтың қателігі – 4 күннен кейін Астанада өтетін кездесуге тәжірибелі футболшыларды сақтауға тырысқандығы дер едік. С.Сымақов, М.Байжанов сияқты орталық алаңның негізгі ұстындары қосалқы құрамда қалды, қарсыластардың бапкері қатты қауіптенген С.Мұжықов ойын тағдыры шешілген кезде ғана алаңға шықты.
Ал Астанадағы Румыниямен ойын қиян-кескі жағдайда өтті. ІІ турда сырт алаңда Арменияны 5:0 есебімен тас-талқан ғып жеңіп келген румындар жартасқа соғылғандай күй кешті. Қысқасын айтқанда, Қазақстан құрамасы арыстанша айқасты. Бұл кездесуде Қазақстан капитаны Самат Сымақов ұлттық құрама сапындағы соңғы матчын өткізді. 0:0 есебіне біз қанағат білдірсек, қарсыластар біресе алаңды жазғырып, біресе Қазақстан футболшыларын тым дөрекі десіп, елдеріне қырық сылтаумен аттанды. Байсуфиновтың мінезді команда жасақтай бастағанына жанкүйер көңілі толып қалған-ды.
Т.Мәруаұлы құрама басшылығындағы соңғы кездесуін Данияда сәтсіз өткізді – 1:4. Ол құрама футболшыларының өз алаңымызда – бір бөлек, сырт алаңда бір бөлек екенін мойындады. Ендігі жоспары осы кемшін мінезді түзету болары сөзсіз еді. Бірақ ондай мүмкіндік берілген жоқ.
Байсуфинов басшылығы кезіндегі құрама нәтижелерін статистика тілімен сөйлетсек:
— құрама 7 кездесуде 2 рет жеңіске жетті, 3 ойынды тең аяқтады, 2 кездесуде жеңілді. Доп айырмасы – 6-12;
— 3 жолдастық кездесудің екеуін жеңіп, біреуінде тең түсті. 4 ресми кездесуде – 2 тең ойын, 2 жеңіліс;
— 7 матчта Байсуфинов 27 футболшыны ойнатты. Оның 3-і – қақпашы, 9-ы – қорғаушы, 11-і – жартылай қорғаушы, 5-і – шабуылшы;
— В.Плотников, А.Мухутдинов, Е.Тұңғышбаев, Р.Муртазаев және Ж.Молдақараевтар Байсуфинов кезінде құрамада алғашқы матчтарын өткізді.
Байсуфинов бастаулары
Қалай дегенде де, Т.Байсуфинов жаңа бапкер Бородюкке жаман мұра қалдырған жоқ. Ол өзіне дейінгі бапкерлердің ізін жалғастырды, сондай-ақ, жаңа аралдарды да ашып отырды.
Мысалы, қақпашылар. Бородюк бұл шепте Байсуфинов дәуіріндегі үштікке сенім арта беруіне болады. С.Покатилов та, Д.Лория да, В.Плотников те тұғырдан тайған жоқ. Тәжірибе десе тәжірибе бар, білік десе білік бар. Шынын айтқанда, дәл қазір елімізде осы үшеуінен мықты қақпашы жоқтың қасы. Н.Еричтің «жаңа қазақ» болуы созылып кетті, С.Стаменкович – легионер, А.Петуховтың қайда кеткені белгісіз, В.Логиновский жаңа командасында («Қайсарда») қосалқы құрамда жүр. Ал құраманың соңғы кездесулеріне шақырылған А.Бекбаев пен С.Отарбаевтың биылғы қадамына жіті назар салып отырамыз. Бекбаев негізгі құрамда жақсы ойнап жүр, ал Отарбаев тәжірибелі Сидельниковпен бәсекелеседі.
Қорғаныс. Байсуфинов бұл шепті Ю.Логвиненконың айналасына топтастырды. Өте дұрыс қадам дер едік. Қазір Логвиненко секілді тәжірибелі, білікті, шабуылға нәтижелі араласа алатын орталық қорғаушымыз жоқтың қасы. Байсуфинов оған жұптастырып С.Малыйды қойды. Дегенмен сырт алаңда бапкер осы екеуіне біресе А.Кислицынды, біресе Е.Ахметовті қосып, қорғаушылар бестігін жасап көрді. Яғни Красножан мен Кумыковтан қалған нұсқаны пайдаланды. Бірден айтайық, бұл ұмтылыс сәтсіз болды. Дегенмен Бородюк Логвиненкодан бастап, А.Бейсебековті, Д.Шомконы, Е.Ахметовті, Ғ.Сүйімбаевты, С.Малыйды құрамада еркін пайдалана алады. Айта кететіні, Байсуфинов бір жыл ішінде құраманың қорғаныс шебіне бір де бір жаңа ойыншы шақырмапты.
Жартылай қорғаныс. Байсуфинов бұл шепте батыл эксперименттер жасады. Бұрын құрамаға бір шақырылып жоқ болып кететін М.Байжанов негізгі құрамнан тұрақты орын тапты. Орталық алаңда Байжановпен бірге И.Қуат, А.Мухутдинов, А.Тағыберген, С.Сымақов өнер көрсетті. Шабуылдаушы жартылай қорғаушылардан Байсуфинов кезінде А.Нұрғалиев өте нәтижелі ойнады. Е.Тұңғышбаев та Даниямен кездесуде алаңға шықты. С.Мұжықов, Б.Исламхан құраманың бет-бейнесі ретінде таныла бастады. Ең бастысы, Байсуфинов құраманың орталық шебін түгелдей дерлік қазақ футболшыларынан жасақтады. Ал футболда «жартылай қорғанысыңды көрсет, мен сенің командаң қандай екенін айтайын» деген қағида бар. Демек, Байсуфинов қазақ баласының да ақылын аяғының ұшына түсіріп ойнай алатынын дәлелдеді.
Шабуыл. Әрине, бұл шеп – біздің футболымыздың сырқаты. С.Хижниченко поляктарға қарсы өте жақсы ойын өткізді, одан кейін бұрынғы қалпына түсті. Бапкер сынап көрген Р.Муртазаевқа уақыт аз берілді деп есептейміз. Ж.Молдақараев та құраманың көшбасшысына айналатындай нәтижелі ойын көрсете алмай жүр. Т.Нөсербаев былтыр көп жарақаттанды. Жаңа бапкер шабуылды күшейтуді басты мәселенің бірі ғып қойып жатса, қанеки.
Бір жылдық білік
Қалай дегенде де, Байсуфинов бір жыл ішінде өзін жан-жақты бапкер ретінде көрсетті.
Мынадай екі эпизодты жиі еске аламыз. Құрамамен бірге Черногорияға сапарлап, ірі жеңілістен басымыз салбырап стадионнан шықтық. Ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатына бірінші Байсуфинов келетін болғасын, сұрағымызды сайлап жетіп барғанбыз. Талғат Мәруаұлы өзі қатты ширығып тұрса да, барлық сұрағымызға сабырлы жауап берді. Ең бастысы, өзі жіберген қателіктерді талдап айтып берді. Мәслихаттан шыға бере, қарсы алдында тұрған әріптесіміз Аманкелді Сейітханды құшақтап алып: «Сендер ренжіп қалдыңдар ғой. Жанкүйерлерді қатты ренжіттік қой… Шыдаңыздаршы. Біз бұл тығырықтан шығамыз», – деді. Көз алдымызда айтатын сөзінен қорқатын біреу емес, нағыз адам тұрды.
Румыниямен тең ойыннан кейін Байсуфинов Самат Сымақовтың алаңдағы жанкештілігіне қатты ризалық танытты. «Білмеймін, бүгін Сымақов бір мүшелге жасарып кеткен шығар. Барлық шепке үлгерді. Қателескендерді ширықтырды, көмек қажет болған тұстарға бірінші жетіп тұрды. Шіркін, менде осындай 5 футболшы болса ғой» деді ол. Мұның астарында құрама ардагерімен қоштасудың қиын болғанын, оның орнын басатын жастардың кемшіндігі жатқанын жақсы түсіндік.
Қысқаша айтқанда, Байсуфинов қазақ бапкерлерінің туын түсірген де жоқ, қатты шарықтатып та әкетпеді. Ең бастысы, ол қиын шақтарда құрама тізгінін өз маманымыз абыроймен ұстай алатынын дәлелдеді. Енді ол ҚФФ құрамындағы құрамалар департаментінде еңбек етеді. Көмегі қажет болып жатса, Мәруаұлындай намысты мамандар әрқашан бірінші келіп жететініне күмәніміз жоқ.