Саша Стаменкович, «Оқжетпестің» қақпашысы («Қайрат» — «Оқжетпес» — 2:2)
— Алматыда ойнау қашанда қиын. Бұған дейінгі екі кездесуде 0:5, 0:6 есептерімен ұтылған едік, сондықтан бүгінгі ойында мінез көрсеткіміз келді. Ал матч алдында кеудеме досымның суреті бейнеленген футболка киіп шығуымның себебі бар. Оның дүниеден өткеніне 40 күн толды. Бүгінгі ойынды соған арнағым келді. Ол қасымда болған кезде ешқашан жеңілмейтінмін. 

Алексей Петрушин, «Ордабасының» бас бапкері («Ордабасы» — «Атырау» — 1:1):

— Мен шәкірттерімнің соңғы секундқа дейін қырқысқанына ризамын. Иә, олардікі жүйелі шабуыл емес, жапатармағай баса-көктеу болса да, есепті теңестіруге барын салғаны үшін рахмет айтамын. Бұл командада мінез барын көрсетеді. Демек, осы мәселеге енді бас ауыртпай, ойынның басқа қырларын күшейтуім керек.
 
Кахабар Цхададзе, «Қайраттың» бас бапкері («Қайрат» — «Оқжетпес» — 2:2):
— Ең бірінші менің футболшыларымның біреуі қуылып кетсе де, қалған оны тамаша ойнағанына алғыс айтуымыз керек. Сырт қарағанда бізде  10 емес, 14-15 ойыншы алаңда жүргендей әсер қалды. Дегенмен қорытынды есеп біз қалағандай болмады. Жігіттер бірнеше гол соғуға тиіс еді, бірақ Стаменкович бүгін «ұшып» жүрді ғой…
 
Владимир Муханов, «Оқжетпестің» бас бапкері («Қайрат» — «Оқжетпес» — 2:2):
— Бүгін маған «Қайрат» кеңпейіл болып көрінді. Оның үстіне, бір ойыншысы алаңнан қуылып кетті. Жеңіске мүмкіндігіміз зор болып еді, бірақ керісінше, матчты құтқарып қалуымызға тура келді. 

Станимир Стойлов, «Астананың» бас бапкері («Ертіс» — «Астана» — 1:1):
— Луллаку да, Твумаси де, Кабананга да бабына енуге тиіс. Кабананга әлі ақыл-ойымен Африка кубогында жүрген сияқты. Ол енді тез оянып, шынайы өмірге оралмаса болмайды. 

Алексей Еременко, «Шахтердің» бас бапкері («Ақжайық» — «Шахтер» — 3:1): 
— Ойынның басы масқара болды. Оянып үлгермедік те, аз уақыт ішінде 2 гол жіберіп қойдық.