Қазақстан премьер-лигасы. І тур
«Ордабасы» — «Астана» — 3:0

Қазақстан чемпионы «Астана» биылғы біріншілікті ірі жеңіліспен бастады. Бұл ненің белгісі?

Алғашқы турда ойсырай ұтылған жалғыз чемпион «Астана» емес. 2013 жылдың алғашқы турында сол кездегі Қазақстан чемпионы «Шахтер» І турда Оралда «Ақжайықтан» дәл осы есеппен (0:3) жеңіліпті. Кеншілердің шаруасы бұдан кейін де қатты түзеліп кеткен жоқ. Олар біріншілікті 5-орынмен қорытындылады. 

Ал 2008 жылдан бергі дерек мынадай:

2007 жылғы Қазақстан чемпионы «Ақтөбе» келесі маусымды сырт алаңда жеңіспен («Энергетик» — 4:2) бастап, жыл соңында чемпион атағын сәтті қорғады.

2009 жылды да чемпион «Ақтөбе» сырт алаңдағы 3 ұпаймен бастады («Қайсар» — 1:0) және тағы да чемпион атанды.

2010 жылдың І турында чемпион «Ақтөбе» Қарағандыда «Шахтерден» 0:1 есебімен ұтылды, чемпионат соңында күміс жүлдеге ие болды.

2011 жылдың І турында чемпион «Тобыл» Шымкентте «Ордабасыдан» жеңілді (0:1), сөйтіп, маусым соңында үздік үштікке де іліне алған жоқ.

2012 жылдың беташар турында чемпион «Шахтер» Павлодарда «Ертіске» есе жіберді, дегенмен жыл соңында тағы да ең биіктен көрінді.

2013 жылғы чемпион нәтижесі жоғарыда айтылды.

2014 жылы чемпион «Ақтөбе» алғашқы тур кездесуін Таразда өткізіп, жергілікті команданы 2:0 есебімен ұтты. Алайда жылды 2 сатыда аяқтады.

«Астана» чемпион ретінде 2015 және 2016 жылғы маусымдарды сәтті бастап, «Оқжетпес» пен «Шахтерді» жеңді (2:0 және 2:1), сөйтіп, чемпион атағын қорғап қалды.

Байқағандарыңыздай, соңғы 10 жылда алғашқы турда ұтылған чемпиондардың бәрі дерлік (2010 — «Ақтөбе», 2011 — «Тобыл», 2013 — «Шахтер») өз атағын ұстап қала алмаған. Тек «Шахтер» ғана 2012 жылғы маусымды жеңіліспен бастап, чемпион соқпағынан шетке шыққан жоқ.