Қазақстан премьер-лигасы. 1 тур
«Тобыл» — «Атырау» — 3:0 (Щеткин, 14, 58, 64)
Қазақстан премьер-лигасының биылғы алғашқы голын «Тобылдың» шабуылшысы Алексей Щеткин соқты. Ол «Тобыл» — «Атырау» кездесуінің 14 минутында Григорий Сартаковтың сол қапталдан әуелеткен добын Андрей Пасеченко қорғаған қақпаға баспен тоғытты.
Соңғы 5 жылдағы алғашқы голдар көрсеткіші бойынша Щеткиннің дәл соққысы уақыты жағынан үшінші ретпен тұр:
1. 09.03.2013 ж. Мирослав Лечич («Тараз») — 10 минут. «Тараз» — «Атырау» — 4:1
2. 07.03.2015 ж. Иван Божич («Ордабасы») — 12 минут. «Ордабасы» — «Ертіс» — 1:1
3. 08.03.2017 ж. Алексей Щеткин («Тобыл») — 14 минут. «Тобыл» — «Атырау» — 3:0
4. 12.03.2016 ж. Ұлан Қонысбаев («Атырау») — 19 минут. «Атырау» — «Жетісу» — 1:1
5. 15.03.2014 ж. Максим Азовский («Спартак») — 68 минут. «Тобыл» — «Спартак» — 2:1
Алғашқы голдардың ерекшесі — Азовскийдікі. Ол «Тобыл» — «Спартак» кездесуінің 67-минутында алаңға Азат Ерсәлімовтің орнына шығып, бір минут өтпей гол соқты. Алаңда болу көрсеткіші бойынша Азовскийдікін соңғы 5 жылдағы ең жылдам алғашқы гол деп санауға болады.
Қызықты және бір мәлімет: соңғы 5 маусымдағы алғашқы голдардың үшеуі «Атырау» командасы қатысқан ойындарда енгізіліпті. Бір рет (2016 жыл) «Атырау» ойыншысы маусымның алғашқы голын соқса, екі рет «мұнайшылар» қақпасына атаулы гол кірген.