Ал Қазақстанда соңғы үш жылда 10 голдан көп соққан ойыншы — біреу ғана…

«Реалдың» шабуылшысы Криштиану Роналду испан примерасының 24-турында «Лас-Пальмас» қақпасына қос гол соғып, барлық турнирлердегі биылғы дәл соққыларының санын 25-ке жеткізді. 

Соңғы 10 жылда ол өзі ойнайтын клубтық командалар («Манчестер Юнайтед», «Реал») үшін маусым барысында 25-тен кем гол соғып көрген жоқ. Испан Ла лигасының биылғы мәресіне дейін «Реал» әлі 14 матч өткізеді, демек, КриРо қоржынын голға толтыра түсетініне күмән жоқ. Сондай-ақ, «Реал» Чемпиондар лигасында да сәтті ойнап келеді. Мұнда да португал сұрмергенінің алаңнан допсыз кеткісі жоқ. Сонда маусым соңына дейін Криштиану Роналду кемі 32-33 гол соғуы мүмкін.

Криштиану Роналдудың соңғы 10 жылда клубтық командалардағы нәтижелілік кестесі мынадай (ұлттық құрама сапындағы ойындар мен голдар есепке алынған жоқ):

МаусымКомандаОйынГол
2007/2008«Манчестер Юнайтед»4942
2008/2009«Манчестер Юнайтед»5326
2009/2010«Реал» М3533
2010/2011«Реал» М5453
2011/2012«Реал» М5560
2012/2013«Реал» М5555
2013/2014«Реал» М4751
2014/2015«Реал» М5461
2015/2016«Реал» М4851
2016/2017«Реал» М3125
Барлығы481457

Өкінішке қарай, Қазақстанда кейінгі 10 жыл бойы маусымына кемінде 10 гол соғатын мерген ойыншы тіпті жоқ. Оны айтасыз, соңғы 3 жыл ішінде 10 голдан асыра соққан мерген жалғыз ғана, оның өзі — легионер. «Қайраттың» шабуылшысы Жерар Гоу 2014 жылы — 14, 2015 жылы — 29, 2016 жылы 25 гол авторы атанды. 

2015 жылдан бері мергендер сапына Бауыржан Исламхан қосылды. Ол 2015 жылы клубтық турнирлерде — 12, 2016 жыл 17 гол енгізді. Бірақ өткен маусымда ол 17 тура соққының бәрін тек премьер-лигада жасағанын есте ұстайық. 

Исламханнан бөлек, Д.Савич, Д.Деспотович сияқты серб мергендері де 2015 және  2016 жылдарды жақсы көрсеткішпен аяқтады. Бірақ Криштиану Роналдудың биігіне жету қазір біздің мергендердің түсіне де кірмейтін секілді…