Қазақстан клубтарының ішінен «Астана» командасы соңғы болып маусымды аяқтады. Былтырғыдай елордалықтар еурокубоктың топтық турнирінде өнер көрсетті. Өткен жылы Чемпиондар лигасында 4 ұпай жинаған болса, бұл жолы Еуропа лигасында 5 ұпай қанжығалады.

Енді осы ұпайларды таратып көрейік.

Өткен жылы «Астана» УЕФА коэффицентінде Қазақстан еншісіне 12 ұпай қосты. Бұлай ұпайлар мына нәтижелерге орай берілді:

а) Чемпиондар лигасына іріктеу кезеңі – 4 ұпай («Марибор» — 3:1, ХИК — 0:0, 4:3, АПОЭЛ — 2:1, 1:1);

ә) Чемпиондар лигасының топтық турниріне шыққаны үшін – 4 ұпай;

б) Топтық турнирдегі 4 тең ойын үшін – 4 ұпай («Бенфика» — 2:2, «Атлетико» — 0:0, «Галатасарай» — 2:2, 1:1)

«Астананың» 12 ұпайына «Ордабасының» — 0.5, «Ақтөбенің» — 0.5 және «Қайраттың» 5.5 ұпайы қосылып, жиыны 18,5 ұпай болды да, ол еурокубокқа қатысқан 4 командаға бөлінді. Сонда өткен жылы қазақстандық клубтар 4,650 ұпай жинап, бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізді.

Есте ұстайтын мәселе: іріктеу кезеңдеріндегі әрбір жеңіске – 1, тең ойынға 0.5 ұпай беріледі. Топтық турнирлерде тең ойын — 1, жеңіс 2 ұпаймен бағаланады.

Биылғы ұпайымыз бұдан біраз аз. Тағы да «Астана» намысымызды жалғыз жыртқандай болды.

Еуропа лигасының алғашқы іріктеу кезеңінен «ұшып кеткен» «Ордабасы» мен «Ақтөбе» дәл былтырғыдай қоржынымызға 1 ғана ұпай (0.5 және 0.5) салды.

«Қайрат» биыл 2.5 ұпай жинады («Теута» — 1:0, 5:0, «Маккаби» — 1:1). Былтырғымен салыстырғанда, оңтүстікастаналықтардың 3 ұпайы аз.

Ал «Астана» биылғы іріктеу кезеңдерінде 3,5 ұпай жинады («Жальгирис» — 0:0, 2:1, «Селтик» — 1:1, БАТЭ – 2:0, 2:0).

Еуропа лигасының топтық турниріне шыққаны үшін «Астанаға» ұпай берілген жоқ.

Еуропа лигасында «Астана» 4 ұпай еншіледі («Олимпиакос» — 1:1, «Янг Бойз» — 0:0, АПОЭЛ – 2:1).

Сонда «Астананың» биылғы ұпай саны – 7,5. Өткен жылғыдан 4,5 ұпайы кем.

«Астананың» — 7.5, «Қайраттың» — 2.5, «Ордабасы» мен «Ақтөбенің 1 ұпайы бізге биыл 11 ұпай жинауға мүмкіндік берді. Бұл 11 ұпайды еурокубокта сынға түскен 4 командамызға тең бөлсек, 2,750 ұпай шығады.

Қазір Қазақстан УЕФА коэффицентінде соңғы 5 жылда 15,250 ұпай жинап, 29-орында тұр. Келесі жылы 2012/13 маусымдағы 1,375 ұпайымыз санаттан шығарылады (коэффицентте соңғы 5 маусымдағы ұпайлар есептеледі). Әзербайжан мен Сербия 3 ұпайынан айырылып, Қазақстанды алға жіберіп алмақ. Демек, біз 2017/18 маусымын 27-орында бастаймыз. Мұндай биікке бұрын-соңды қолымыз жетіп көрген емес.

Ендеше, 2017 жылы да біздің командалардың кемінде біреуі еурокубоктың топтық турнирінде ойнауға тиіс.