Чемпиондар лигасының топтық турнирі мәреге жетті. Плей-офф кезеңіне «Арсенал», «Пари Сен-Жермен», «Наполи», «Бенфика», «Барселона», «Манчестер Сити», «Атлетико», «Бавария», «Монако», «Байер», «Боруссия» Д, «Реал», «Лестер», «Порту», «Ювентус», «Севилья» командалары жолдама алды. 

Топтарда ІІІ орын иеленген «Лудогорец», «Бесіктас», , «Боруссия» М, «Ростов», «Тоттенхэм», «Легия», «Копенгаген», «Лион» командалары Еуропа лигасына ауысты. 

Соңғы турда мынадай қызықты деректер назарымызды аудартты:

— ЦСКА командасының қақпашысы Игорь Акинфеев «Тоттенхэммен» кездесуде (1:3) өз қақпасына гол соғып алып, лигада өз қақпасын 2 рет «таңбалаған» алғашқы қақпашы атанды. 2015 жылдың 25 қарашасында ол «Вольфсбургке» қарсы ойында бірінші автоголын жіберіп алған-ды;

— Осы ойында гол жіберіп, Акинфеев Чемпиондар лигасының 39 матчында қатар қарсыластарға гол соқтырды. Бұл — әзірше «қаймағы бұзыла» қоймайтын рекорд;

— «Лестер» сырт алаңда «Портудан» 0:5 есебімен жеңіліп, дәл осындай ірі есеппен Чемпиондар лигасында ұтылған алғашқы ағылшын командасы болды. Бұған дейін лигада ағылшын клубтары 7 рет 0:4 есебімен есе жіберіпті;

—  «Монаконың» 39 жастағы қақпашысы Морган де Санктис «Байермен» кездесуде өз қақпасына гол соғып алып, турнир тарихындағы ең «қарт» автогол иесі атанды. Оған дейін бұл «рекорд» фрацуз Лоран Бланға тиесілі болатын: ол «Манчестер Юнайтедте» ойнап жүрген кезде 36 жасында өз қақпасының «торын қақыратқан» еді;

— «Реал» «Боруссиямен» тең ойнап (2:2), Зидан басшылығымен қатарынан 34 ойында ұтылған жоқ. Мұндай рекордтың болуы мүмкін екенін біз сайт бетінде бұған дейін де хабарлаған болатынбыз;

— Дортмундтың «Боруссиясы» сырт алаңда «Реал» қақпасына қос доп соғып (2:2), Чемпиондар лигасының топтық турниріндегі 6 кездесуде 21 гол енгізген алғашқы команда болып отыр. Бұған дейін «МЮ» — 1998/99 маусымында, «Барселона» — 2011/12 және 2016/2017, «Реал» 2013/14 маусымында топтық турнирді 20 голмен аяқтаған еді.