Премьер-лига командаларының басшылары, бас бапкерлері және капитандары қатысқан сауалнама нәтижесінде 2016 жылғы маусымның үздік футболшысы болып «қайраттық» Бауыржан Исламхан танылды.

Исламханды 9 маман – І орынға,  8-і – ІІ, үшеуі ІІІ орынға қойған. Нәтижеде 46 ұпай жинаған Бауыржан 2-3 орындардағы Азат Нұрғалиев («Ордабасы»/»Астана»), Жерар Гоудан («Қайрат») 19 ұпай ұзап кетті.

 

Бауыржанның үздік болып танылуы кездейсоқ дей алмаймыз. Ол биылғы маусымды жоғары деңгейде өткізді. «Қайратқа» Ресейден Андрей Аршавин келгенде, Исламханның алаңдағы орны өзгеруі мүмкін екені, тіпті, оның негізгі құрамнан орын таппай қалуы да ғажап емес екені айтылған-ды. Алайда «Қайраттың» және ұлттық құраманың капитаны бұл жорамалдардың бәрін жоққа шығарды. Ең бастысы, ол «Қайраттың» шабуылдаушы Гоу-Исаель-Аршавин-Исламхан төрттігінде өз орнын тез тапты. Маусым қорытындысында қарсыластар қақпасына 17 доп соғып, бас мерген Гоу (22 гол) мен Р.Муртазаевтан (18) кейінгі мергендер үштігін түйіндеді. Бауыржан бұған дейін Қазақстан премьер-лигасында өткізген бес маусымда жиыны 19 голдың авторы атанса, биылғы маусымда соған жетеқабыл нәтижелілік көрсетіп қуантты. Исламханның голдары биыл «Қайратқа» 3 рет жеңіс әкелді, 3 рет есепті теңестіруге мүмкіндік берді, 3 рет есеп айырмасын қысқартты, 5 рет есепті үстеді. 3 ойында Бауыржан есеп ашты. Тағы бір үлкен ерекшелік: Б.Исламхан осы маусымда «Қайраттың» негізгі пенальтишісі болды. Ол қарсыластар қақпасына белгіленген 8 пенальтидің 6-ын дәл енгізді, 2 рет қақпашылардан айласын асыра алмады. Дегенмен соңғы турда «Оқжетпес» қақпашысы С.Стаменкович қайтарған соққыны Бауыржан қайыра теуіп, қақпада тулатты.

Биыл Бауыржан Қазақстан құрамасы сапында, ел кубогында және еурокубоктарда мергендік таныта алған жоқ. Бұл көрсеткіші былтырғысынан төмен: 2015 жылы ол 2 рет кубокта гол соғып, Еуропа лигасына іріктеуде «Црвена Звезда», «Алашкерт», «Абердин» қақпаларын таңбалаған болатын.

Маусымның үздік бапкері атағы Станимир Стойловқа («Астана») бұйырды. Елордалық команданы биыл чемпиондық атаққа, кубок жеңімпаздығына жеткізген, Еуропа лигасының топтық турнирінде Қазақстан үшін рекордтық ұпайға (5) қол жеткізген болгар маманы бұл құрметке әбден лайық. Дауыс беру қорытындысында С.Стойлов 83 ұпай (23, 5, 4) ұпай жинады. Екінші орында – Стойловтың отандасы, «Ертістің» бас бапкері Димитар Димитров (34 ұпай). Үздік үштікті Кахабер Цхададзе («Қайрат») 30 ұпаймен түйіндеді.

Байқап отырғандарыңыздай, үздік жаттықтырушылар қатарына отандық мамандардың ешқайсысы енген жоқ. Биыл «Ақжайықты» жаттықтырған Талғат Байсуфинов жазда ұлттық құрамаға түбегейлі ауысты. Дмитрий Огай – «Тобылдан», Нұрмат Мырзабаев – «Тараздан», Владимир Никитенко «Атыраудан» ерте қол үзді. Ал Алмас Құлшынбаев баптаған «Жетісу» маусым қорытындысында І лигаға түсіп қалды.

«Ордабасының» жартылай қорғаушысы және Қазақстан құрамасының биылғы дебютанты Еркебұлан Тұңғышбаев маусымның үздік жас футболшысы атағын жеңіп алды. Тұңғышбаев – 49 (10, 8, 3), екінші орындағы Дидар Жалмұқан («Ақтөбе») –  32, үшінші орындағы Григорий Сартаков («Ертіс») 19 ұпай жинады.

Жылдың 22 үздігі тізіміне мына футболшылар енді:

қақпашылар – В.Плотников («Қайрат»), Н.Ерич («Астана»);

оң қапталдағы қорғаушылар – А.Бейсебеков («Астана»), Е.Ахметов («Ертіс»);

орталық қорғаушылар (оң) – Ж.Маркович («Қайрат»), М.Аничич («Астана»);

орталық қорғаушылар (сол) – С.Малый («Ертіс»/«Астана»), Ю.Логвиненко («Астана»);

сол қапталдағы қорғаушылар – Ғ.Сүйімбаев («Ордабасы»/«Қайрат»), Д.Шомко («Астана»);

артқы жартылай қорғаушылар – А.Тимощук («Қайрат»), Р.Каньяс («Астана»);

оң қапталдағы жартылай қорғаушылар – А.Нұрғалиев («Ордабасы»/«Астана»), Исаель («Қайрат»);

сол қапталдағы жартылай қорғаушылар – С.Мұжықов («Астана»), А.Аршавин («Қайрат»);

ойынды ұйымдастырушылар – Б.Исламхан («Қайрат»), Н.Максимович («Астана»);

оң қанаттағы шабуылшылар – Ж.Кабананга («Астана»), Р.Муртазаев («Ертіс»);

сол қанаттағы шабуылшылар – С.Хижниченко («Тобыл»), Ж.Гоу («Қайрат»).