Қазақстан құрамасы биылғы маусымын Копенгагенде аяқтады. Даниядан 1:4 есебімен ұтылған соң, отандастарымыз 2018 жылғы әлем біріншілігіне іріктеу кезеңінде Е тобындағы соңғы сатыға түсіп қалды.

Қараша айында жарияланған ФИФА рейтингінде Қазақстан құрамасы 90 орынға тұрақтады. Қазандағы есеп бойынша ұлттық командамыз бұрын-соңды болмаған биікке жетіп, 83 сатыдан бой көрсеткен болатын. Алайда сыртта Черногориядан – 0:5 және Даниядан 1:4 есептерімен жеңілуі жағдайды жақсартуға мүмкіндік берген жоқ. Екі арадағы Қазақстан – Румыния (0:0) матчы да жыртыққа жамау бола алмағандай.

Тарихқа үңілейік. Қазақстан құрамасы ФИФА рейтингіне 1994 жылдан бері еніп келеді. Сол жылы Қазақстанның футбол қауымдастығы ФИФА-ның толыққанды мүшесі болып танылды. 1994 жылы ФИФА қолдауымен Орта Азия республикаларының арасындағы турнирге қатысып, біздің құрама жылды 153-сатыда аяқтады. 1995 жылы 10 сатыға кейін сырғыды.

Азия футбол конфедерациясының құрамында Қазақстан ең жоғары көрсеткішке 2001 жылы жетті. Жыл қорытындысында отандастарымыз тұңғыш рет үздік 100 құрама сапына еніп, 98 орынға тұрақтады.

2002 жылы Қазақстан футбол одағы УЕФА-ға мүше болды. Еуропаның азулы құрамалары арасында бірден еңсе көтеру қиынға соқты. Екі жыл ішінде құрамамыз жыл соңында 147 орыннан бір-ақ бой көрсетті. Ара-арасында сәл жағдайын жақсартқаны болмаса, 2005-2015 жылдар аралығында 110-140 орындар арасында жүрді. Биылғы жылдың басында Әзербайжанды, Қытайды жеңіп, сырт алаңда Грузиямен тең түсіп, 2018 жылғы әлемдік доданың іріктеуі басталған кезде Польшадан екі доптың есесін қайтарып, бұрын болмаған 83 орынға бір-ақ секірді.

(Инфографика fifa.com сайтынан алынды)

Бірақ ай өтпей кері кетіп бара жатыр. 2017 жылы қай сатыда тұрар екенбіз? Көш басында – Аргентина, Германия және Бразилия құрамалары.