Армения — Қаратау — 3:2
Гол соққандар: Григорян, 50, Ароян, 74, Газарян, 90+3 — Кояшевич, 36, Йоветич, 38
IV турдың Е тобындағы алғашқы матчында Армения құрамасы керемет жігерлі жеңіске жетті. Еревандағы Республикалық стадионда топ көшбасшысы Қаратау құрамасын қабылдап, алаң иелері І таймда 0:2 есебімен ұтылып жатты. Есепті «Астананың» бұрынғы футболшысы Дамир Кояшевич 36 минутта ашты, іле-шала Стефан Йоветич қорғаушының өрескел қателігін сәтті пайдаланып, қаратаулықтардың басымдығын нықтай түсті.
ІІ таймда армяндар үлкен сенсация жасады. Олар есепті теңестіріп қана қоймай, ойынның соңғы секундында жеңіс голын соғып та үлгерді. Қарағандының «Шахтерінде» өнер көрсеткен Геворг Газарян айып алаңына енбей қатты соғып, қақпашы Божовичті қапы қалдырды.
Осы жеңістен кейін Армения құрамасы 3 ұпаймен 5 орынға көтерілді. Бұған дейін армяндар 3 кездесуде де жеңіліп (Дания — Армения — 1:0, Армения — Румыния — 0:5, Польша — Армения — 2:1), аутсайдер санатында қалған болатын.
Қаратау құрамасы 4 кездесуден 7 ұпай жинап, топ басында тұр.
Е тобындағы Дания — Қазақстан, Румыния — Польша кездесулерінен кейін турнир кестесіне өзгерістер енуі мүмкін.