Биылғы жыл қазақ футболының түлектері үшін жемісті, олжалы жыл болып тұр. «Статспорт» сайты маусым соңына қарай мергендердің статистикалық көрсеткіштерін таразы басына салатын жарияланымдар сериясын бастайды. Алғашқы əңгіме — «Ертістің» жəне Қазақстан құрамасының қорғаушысы Елдос Ахметов жайлы.
Елдос — негізінен қорғаныстың қара шаруасын атқаратын жігіт. Сондықтан оның мергендігі нашар деп баға беруге болмайды. Ол 21 жасқа дейінгілер лимитін аса сəтті пайдаланып, əуелі — «Ертісте», сосын «Астанада» негізгі құрамнан түскен жоқ. Жастар құрамасында да Ахметовтың орны оқшау еді. Премьер-лига командаларындағы жастардың басым бөлігі екі қанатта өнер көрсететіндіктен, Елдос сияқты орталық қорғаушы ауадай қажет еді. Лимит жасынан асқан соң да Ахметов далада қалған жоқ. 2015 жылдың соңына дейін «Астана» намысын сəтті қорғады, 2 рет ел чемпионы атанды, Чемпиондар лигасының топтық турнирінде өнер көрсетті.
«Астана» сапында Ахметов жалғыз гол соқты. Қызығы сол, бұл доп «Ертіс» қақпасына еніпті (14.09.2013 ж. 26 тур, «Астана» — «Ертіс» — 4:2, Ахметов, 14 минут).
Биылғы маусымда Елдос «Ертіске» қайта оралды. Оралып қана қоймай, ұлттық құраманың негізгі ойыншысына айналды. Премьер-лигада жыл басынан бері 4 гол соғып, бұрынғы көрсеткішін 4 есе жаңартты:
1. 2 тур. «Ақжайық» — «Ертіс» — 0:3 (Ахметов, 27, 0:1)
2. 7 тур. «Ертіс» — «Астана» — 2:2 (Ахметов, 2, 1:0)
3. 16 тур. «Ертіс» — «Ақтөбе» — 4:1 (Ахметов, 48, 3:0)
4. 30 тур. «Ордабасы» — «Ертіс» — 3:3 (Ахметов, 59, 2:3).
Əрине, енді Елдос жыл сайын 4 голдан кем соқпайды деп айта алмаймыз. Ең бастысы, ол бүгінгі футболдағы жан-жақты, бесаспап қорғаушы бейнесінде қалыптасып келе жатыр. Қуаныштысы осы.