«Милан» командасының қақпашысы Джанлуиджи Доннарумма Италия құрамасының сапындағы алғашқы матчына қатысып, «скуадра адзурра» тарихындағы ең жас қақпашы рекордын жаңартты. Ол Франциямен өткен жолдастық кездесудің (1:3) ІІ таймында Джанлуиджи Буффонды алмастырды.
Бұрынғы рекорд дəл осы Буффонға тиесілі еді. Ол 1997 жылдың 29 қазанында əлем біріншілігіне іріктеудің қосымша матчында Ресей құрамасына қарсы ойнап (1:1), апенниндіктер сапындағы дебютін 19 жас, 9 ай, 1 күн толғанда жасап еді. Доннарума «скуадра адзурраның» қақпасын 17 жас, 6 ай, 7 күн толғанда қорғап отыр. Ең қызығы, ол дүние есігін Буффонның құрамадағы тұңғыш матчынан 16 ай өткенде ашыпты.
Дегенмен Доннарума əлем футболындағы ең жас дебютант емес. «Бесігінен жұлынған» мықтылар тізімі мынадай:
1. Лукас Кнетч (Солтүстік Мариан аралдары) — 14 жас, 2 күн.
Небары 53 мың тұрғыны бар аралдың өкілі Кнетч 2007 жылдың 1 сəуірінде Гуам құрамасына қарсы ойнап, ұлттық құрамаларда ең ерте ойнаған футболшы ретінде тарихқа да, Гиннестің рекордтар кітабына да енді.
2. Стивен Аппиа (Гана) — 14 жас, 323 күн.
Бүкіл спорттық ғұмырын Италияда өткізіп, 31 жасында Сербияның «Войводина» командасында түйіндеген Аппиа 1996 жылы құрамадағы алғашқы матчында Сьерра-Леонеге қарсы алаңға швқты. Ол Гана жейдесін 67 рет киді. Дегенмен Аппианың шын жасына күмəн келтіретіндер аз емес.
3. Марвин Өдегор (Норвегия)- 15 жас, 253 күн.
Норвегия клубтық футболындағы жас ойыншыларға тəн барлық рекордтарға түзету енгізген Өдегор құрамадағы алғашқы матчын 2014 жылдың 27 тамызында БАƏ құрамасына қарсы өткізді. Бірден негізгі құрамда ойнады. 2015 жылдың басында оны «Реал» сатып алды.
4. Самуэль Это’О (Камерун) — 15 жас, 364 күн.
Атақты шабуылшыға айналған Это’О 1997 жылдың наурызында құрама жейдесін тұңғыш рет киіп, Коста-Рикаға қарсы ойнады. Спорттық ғұмырының 17 жылын құрамаға сарп етіп, 118 матч өткізді. Камерун құрамасы тарихындағы ең мерген (56 гол) футболшы.
Бұлардан бөлек, Сигурдур Йонссон (16 жас, 251 күн), Гарет Бейл (16 жас, 315 күн) өз құрамаларында ерте көзге түсті. Футбол королі Пеле 16 жас, 259 күн дегенде талантын айдай əлемге паш етті.
Қазақстан құрамасы тарихындағы ең жас дебютант — Жамбыл Көкеев. Ол 17 жас, 4 ай, 25 күн дегенде 2006 жылдың 14 ақпанында Иордания құрамасына қарсы (0:2) ойынға қатысты.