Қазақстан құрамасы ертең Бішкекте Қырғызстан құрамасымен жолдастық кездесу өткізеді. Бұл — қос көршінің өзара сегізінші, ал Қазақстан құрамасының өз тарихындағы 172-матчы болмақ.
Шақырылған футболшылар ішінен Владимир Плотников («Қайрат»), Юрий Ловгиненко, Серікжан Мұжықовтар («Астана») ойынға қатыса алмайтыны белгілі болды. Логвиненко жақында БАТЭ-мен кездесуде ауыр жарақат алып қалды, Плотников пен Мұжықовтың да аздаған жарақаты бар.
В.Плотников Қазақстан құрамасы сапындағы алғашқы матчын биыл, 29 наурызда Грузия құрамасына қарсы өткізді. Ал С.Мұжықов бұған дейін құрама сапында — 8, Ю.Логвиненко 37 ойынға қатысқан.
Олардың орнына алдағы кездесуге Самат Отарбаев («Ақтөбе»), Ренат Абдулин («Ордабасы») және Александр Кислицын («Оқжетпес») шақырылды.
Қырғызстанмен кездесуде Қазақстан құрамасы сапында Самат Сымақов — 75, Ренат Абдулин мен Азат Нұрғалиев — 30, Дмитрий Шомко 25 ойындарын өткізуі мүмкін. Отандастарымыз 2 гол соғатын болса, қырғыз қақпасына енгізген голдар санын 20-ға жеткізеді.