Жазғы спорт түрлерінен биылғы басты дода – 18 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында Индонезияның Жакарта және Палембаң қалаларында өтетін Азия ойындары.

45 елдің спортшылары қатысатын додада 42 спорт түрінен 476 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Қазақстан спортшылары осы сынды межелеп, дайындықты бастап кетті. Рио олимпиадасынан кейін жекелеген спорт түрлерінен өткен әлем чемпионаттарында ізбасарлар легі бой көрсетіп жатыр. Бұл тұрғыда бокс құрамасы бұрынғысынша алғы сапта бола бермек. 2017 жылы Гамбургта (Германия) өткен әлем чемпионатында құрама ардагері Қайрат Ералиев алтыннан алқа тақты, Василий Левит қола алды. Ал Қамшыбек Қоңқабаев, Әбілхан Аманқұл, Ержан Жомарт, Абылайхан Жүсіпов сияқты «жаңа есімдер» күміс-қола жүлделерге қол  жеткізді. Қараша айында Шымкентте өткен ел чемпионатында да талантты жастар көптеп бой көрсетті.

Азия ойындарының тағы бір қызығы Илья Ильиннің жарысқа оралуы болуы мүмкін еді. Халықаралық ауыр атлетика федерациясы допинг бойынша Ильинді Бейжің және Лондон олимпиадаларындағы алтын жүлдесінен айырып, 2016 жылдың 10 маусымынан 2018 жылдың 10 маусымына дейін айыпқа жықты. Демек, тура бес айдан кейін Ильяның айып мерзімі бітеді. Алайда допинг сынамаларынан оң нәтиже жиі шыққан 9 ел қатарында Қазақстан да болғандықтан, осы 9 елдің бір жылдық айып мерзімі биылғы 21 қазанда бір-ақ бітеді. Ендеше, біз Ильяны биылғы Азия ойындарынан емес, 24 қараша-3 желтоқсан аралығында Ашгабатта (Түркменстан) өтетін әлем чемпионатынан көріп қалуымыз мүмкін.

Индонезияда өтетін Азия ойындары олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин (жүзу), күміс жүлдегер Елдос Сметов (дзюдо), үш секіруден әлем үздігінің бірі Ольга Рыпакова, сондай-ақ боксшы қыздар мен балуан қыз-жігіттер үшін де басты сын болмақ.

2014 жылы Инчхонда (Оңтүстік Корея) өткен Азия ойындарында Қазақстан құрамасы жалпы есепте төртінші орын алды. Қоржынымызға 28 алтын, 23 күміс, 33 қола жүлде түскен-ді. Инчхонда жүлде алған спортшылардың дені әлі сапта жүр. Оларға мықты ізбасарлар қосылса, жаман нәтижеге көрсетпеуге тиіспіз.