Қазақстан премьер-лигасы
32 тур. 28 қазан

«Ақжайық» — «Қайсар» — 0:0
«Атырау» — «Тараз» — 3:2 (Сикимич, 71, Хайруллин, 77, Аблитаров, 81 – Зайнутдинов, 69, 79)
«Шахтер» — «Тобыл» — 1:1 (Стоянович, 83-пенальтиден – Молдақараев, 10)
«Оқжетпес» — «Ертіс» — 1:2 (Досмағамбетов, 27 – Родригу, 5, Стаменкович, 12)
«Ақтөбе» — «Ордабасы» — 2:0 (Муарем, 55, Шимкович, 76)
«Астана» — «Қайрат» — 0:2 (Әбікен, 71, Гоу, 88)

Бұл тур Қазақстан премьер-лигасының биылғы бірнеше сұрағына жауап тапты. Дегенмен чемпионның кім болатыны әлі анықталған жоқ.

Басты матч Астанада өтті. 2015 жылы «Қайрат» чемпиондық атаққа мейлінше жақын тұрғанда, «Астана» Алматыда басты қарсыласын ұтып кетіп еді. Содан бері қос команда премьер-лига аясында 7 кездесу өткізіпті: «астаналықтар» бір ойында ғана жеңсе, «Қайрат» бес рет басым түскен, бір ойын ғана тең аяқталған. Демек, «Қайрат» – «Астана» үшін ыңғайсыз команда. Осы дәстүрді 32 турдағы кездесуде «Қайрат» тағы жалғастырды. Бұл ойында жеңілсе, алматылықтар «Астанаға» чемпиондық тәжді өз қолымен кигізгендей болар еді. Голсыз біткен бірінші таймнан кейін «Қайрат» ойынның екінші бөлігінде чемпионның қақпасына жауапсыз екі доп соқты. Сөйтіп чемпиондық мәселесін соңғы турға шегерді. 33 турда «Астана» өз алаңында «Ақжайықпен» ойнайды, ал «Қайрат» «Ақтөбені» қабылдайды. Демек, мәселенің шешімі «Астананың» қолында тұр. «Қайрат» жеңсе де, елордадағы кездесудің нәтижесіне қарайлайды.

«Ақтөбе» өз алаңында «Ордабасыны» жеңіп, премьер-лигада қалу мәселесін түбегейлі шешкендей болды. Соңғы турда жеңілсе де, ақтөбеліктерді 9 орыннан еш команда жылжыта алмауы мүмкін. Тіпті ғайыптан тайып «Ақжайық» «Астанадан» үш ұпай олжалап кетсе, «Ақтөбе» ауыспалы матчқа қатысу құқын иеленеді.

Бәрінен де «Таразға» обал болды. Турнир кестесінің ортасынан орын тауып, биыл да таланттардың томағасын сыпырудан жалықпаған команда күтпеген жерден қиындыққа тап болды. Кезінде «Таразда» доп тепкен нигериялық Обиора Одитаға берешегін уақтылы өтемегендіктен, клуб 6 ұпайынан бір-ақ айырылды. Одан кейін де жағдайды түзеуге болар еді. Бірақ сәттілік сырт айналды. 30 турда «Шахтерді» 2:0 есебімен жеңіп тұрып, екінші таймда өз қақпасына үш доп жіберіп қоюын сәтсіздік демей не дейміз? 32 турда «Атыраумен» есепті екі рет теңестіріп, бәрібір шешуші гол жіберіп қойғанын да сәтсіздік демей көріңіз. Ең өкініштісі, осы екі матчта 19 жастағы талант Бақтияр Зайнутдинов 4 гол соққанмен, оның ешқайсысы ұпай әкеле алмады. «Тараз» І лигаға түсіп қалды. Келесі жылы премьер-лигадан Бекзат Шадыманов, Бақтияр Зайнутдинов, Абзал Таубай, Еркебұлан Сейдахмет сияқты дарында жігіттерді көре алмауымыз мүмкін… Биыл олар жарқырай көрінді.

Еурокубок орнына «Ертіс» пен «Тобыл» қатты таласып жатыр. Соңғы турда екеуіне де жеңіс қажет. Дегенмен қостанайлық жанкүйерлер «Ертістің» сүрінуін күтетін болар. 33 турда «Ертіс» өз алаңында – «Шахтерді», ал «Тобыл» «Атырауды» қабылдайды.