Қазақстан премьер-лигасы
20 тур. 15 шілде

«Шахтер» – «Оқжетпес» – 1:0 (Сзоке, 13)
«Тобыл» – «Ақжайық» – 2:0 (Кассай, 70, Молдақараев, 74)
«Тараз» – «Ақтөбе» – 1:1 (Миюшкович, 45+1 – Шадыманов, 50-өз қақпасына)
«Қайсар» – «Атырау» – 2:0 (Граф, 33, Курьор, 90+3-пенальтиден)

Бұл турдағы «Қайрат» – «Астана» (3:0) және «Ордабасы» – «Ертіс» (0:1) кездесулері 4 команданың еурокубокқа қатысатынына орай алдын ала 31 мамырда өткізілді.

«Шахтер» «Оқжетпесті» жеңіп, биылғы турнир кестесінде бірінші рет 7-орынға көтерілді. Ю.Сзоке биылғы маусымдағы алғашқы голын соқты.

Ал «Тобыл» «Ақжайықты» қарымтасыз 2 голмен жеңіп, «Ертістің» алдын орады. Бұл матчта да Ф.Кассай мен Ж.Молдақараев маусымдағы алғашқы дәл соққыларымен көзге түсті.

«Тараз» «Ақтөбені» жеңіп тұрып, тең тарқасты. Қаратаулық легионер Н.Миюшкович маусымдағы алғашқы голын соқса, жас футболшы Б.Шадыманов биылғы автоголдар санын 11-ге жеткізді. Бұл — 2014 жылғы антирекордтан да «жоғары» көрсеткіш. 2014 жылы футболшылар өз қақпасына 10 гол соғып алған еді. Ал былтырғы көрсеткіштен биылғы автогол саны екі еседен де көп. Өткен маусымда 5 рет қана футболшылар өз қақпасына «жазатайым» дәл соққы жасаған болатын.

Алты тур бойы жеңіс көрмеген, бес тур бойы қарсыластар қақпасына доп соға алмаған «Қайсар» «Атырауды» жеңіп, орайсыз серияға нүкте қойды. «Қайсар» соңғы рет 28 мамырда, 14 турдағы «Қайсар» — «Қайрат» (1:2) кездесуінде гол соғып, содан кейінгі 3 ойында ұтылып, 3 ойында тең (0:0) түсті. Хорватиялық қорғаушы И.Граф биылғы маусымдағы бірінші голын соқты. «Атырау» соңғы үш тур бойы ұтылып келеді.