10 шілде күні Қазақстан премьер-лигасында трансферлік үзіліс аяқталды. Біраз футболшы келді, біразы кетті. Өкінішке қарай, көктемде кіл жарауларын көрсеткен кейбір командалар төрт ай өтпей жатып құрамын түгел өзгерткендей болды. Бұл неден? Қашан бізде таза кәсіпқой футбол өндірісі болар екен?
Құр айғайға баспай, дерекпен сөйлесек, мәселе төмендегідей.
«Астана». Үш дүркін чемпиондар барымен базар болып келе жатқалы біраз уақыт. Сондықтан осы жазғы үзілісте елордалықтар жалға берілген ойыншыларын қайтарып алуды негізгі шаруаға айналдырды. С.Малый, А.Тағыберген және Д.Деспотович «Тобылдан» оралса, жас қақпашы А.Дүйсен «Спартак» (Юрмала, Латвия) сапарына жарты жылын арнады. Жаңа келгендердің екеуі де (Л.Кляйнхайслер, Венгрия және В.Томасов, Хорватия) жыл соңына дейін «Астанаға» жалға келді. Жартылай қорғаушы Б.Шайықов елордаға қайта ат басын тіреді. Ал кеткендер арасында Н.Максимовичке қатысты өкініш басым екені сөзсіз. Өткен жылы ғана 4-5 млн еуроға бағаланған талантты футболшы «Валенсияға» (Испания) су тегін кетті. Д.Жалмұқан мен А.Ллуллаку «Тобылға» жалға берілді, А.Жүнісов пен Г.Наджарян да «Ақтөбе» мен «Шахтердің» жейдесін жарты жылға киюге мұрсат алды. АПОЭЛ-де жарты маусым өткізіп, Кипр чемпионы атанып үлгерген Р.Каньяс та «Астанаға» оралғанмен, тез арада жаңа команда іздейтін секілді. Оның алаңдағы орнын осы жартыжылдықта С.Граховац пен И.Маевский көп жоқтатқан жоқ. Бас бапкер С.Стойлов еурокубок уақыты келгенде бір футболшы үшін команданың қалыптасқан ойын нұсқасын өзгерте салмайды. Сондықтан қазақ футболына еңбегі сіңген Каньяс басқа өріс іздеуге мәжбүр.
«Қайрат». Алматылықтар үшін негізгі мәселе – орталық қорғаушылар. Ш.Батоның Ресейден, «Крылья Советовтен» шақырылғаны да содан. Трансферлік кезеңнің соңғы күнінде «Қайраттың» бірінші лигадағы командасына котдивуарлық С.Гогуа мен М.Конатені тіркелді. Бірі – орталық қорғаушы, бірі – шабуылшы. Олардың бас командаға көмектері тиіп те қалатын болар. Қызылжарлық А.Соколенко де қосалқы командаға алынды. Ал Ч.Анене, А.Елек, А.Аршавин секілді белгілі футболшылардың басқа тарапқа кететіні көп сөз болды да, ақыры бәрі орнында қалды.
«Ордабасы». Еуропа лигасынан «ұшып кеткен» командаға С.Вуяклия, О.Петрак, В.Фомичев секілді легионерлер, отандық В.Ли келді. Кеткендер көп: Бөлешев, Адырбеков, Гогуа, Абдулиндер «Оқжетпеске» ауысты, Рендулич мүлде босатылды. Марцваладзе Грузияға кетті.
«Ертіс». 7 футболшысын (Двали, Бандо, Ткачук, Жұмасқалиев, Джа Джедже, Воротников, Чернышов) жіберіп, павлодарлықтар 8 жаңа футболшы (Маслач, Дәуітов, Огиря, Рамазанов, Бугаев, Төлеев, Стаменкович, Цирин) алды. Осы сегіздің ішінде кемі төрт-бесеуі негізгі құрамда ойнап та үлгерді. Бұл да бас шайқататын мәселе екені сөзсіз. Дегенмен «Ертіс» негізгі құрамындағы Двали мен Ткачукті жалға алу мерзімі біткен соң жібергенін ұмытпаған жөн.
«Тобыл». 9 футболшымен қоса бас бапкер О.Тетрадзе де кетті, олардың орнын 9 жаңа футболшы басты. Н.Квеквескири (Грузия) мен Е.Вух (Чехия) бірден негізгі құрамнан орын тапты. Жарты жыл сайын жаңарған команда енді үздік үштікке кіруді тіпті армандамайтын да болар.
«Қайсар». Маусымды қызылордалықтар тәуір бастап еді, артынша бір орында тығылып қалды. Олар үзіліс кезінде 4 футболшысымен қош айтысып, 5 футболшы шақырды. Бесеудің төртеуі (Омаров, Азука, Джа Джедже, Жаңғылышбай) отандық командалардан ауысты. Қосылғыштар өзгергенмен, қосынды өзгере ме?
«Оқжетпес» пен «Ақтөбе» — 11, «Шахтер» — 8, «Атырау» — 6, «Тараз» бен «Ақжайық 5 футболшыдан жаңартыпты. Енді олар премьер-лигада қалу үшін ғана жанталасатыны анық. Жыл басында «Тараз» бен «Ақжайықтан» басқасының бәрі кемі үздік алтылықты көздейтінін айтып еді, сөз бен іс қабыспады. Жаңа футболшылар ұшпаққа шығара ма, әлде жарты жылдан кейін командаларамыздың құрамы тағы да түбегейлі өзгере ме?
«Оқжетпес»: келгендер — Бөлешев, Абдулин, Огунжими, Гогуа, Фрейдгеймас, Адырбеков, Фролов, Каналес, Гошкодеря, Матвеев, Лебедев; кеткендер — Политыло, Чертов, Нейн, Аяғанов, Сыламбеков, Струков, Нұрғалиев, Генков.
«Ақтөбе»: келгендер — Симович, Шимкович, Нейн, Жүнісов, Валиуллин, Савич, Муарем, Рбрадович, Фог-Перре, Айымбетов, Колчак; кеткендер — Торрес, Дәуітов, Кассиано, Гуйе, Витор Жуниор, Ермаченко, Мамуте, Тамабай, Трофимец, Әбдікәрімов, Жунинью.
«Шахтер»: келгендер — Воменко, Хижниченко, Дмитренко, Наджарян, Хлебоун, Валента, Ғабдоллин; кеткендер — Василевич, Садовничий, Ткачук, Кадио, Р.Хайруллин, Аллегриа, Тәжімбетов.
«Атырау»: келгендер — Сергиенко, Сикимич, Аблитаров, Тәжімбетов, Елтезеров, Сәкенов; кеткендер — Родич, Томич, Ли, Әрменов, Төлеев, Жагоров.
«Тараз»: келгендер — Мане, Кузьмин, Горячий, Р.Хайруллин, Воротников; кеткендер — Райымбек, Кеңесбек, Азовский, Мұхаметшин.
«Ақжайық»: келгендер — Аяғанов, Главина, Дәулетханов, Иманбеков, Шадиев; кеткендер — Макаев, Сергиенко, Чулагов, Омаров, Рубио, Валиуллин, Азука.