Бүгін Қазақстан клубтары 2017 жылғы еурокубок сапарын бастайды. Дәстүрлі додалар алдында еліміздің командаларының назар аударарлық деректерді назарларыңызға ұсынамыз.

Қазақстан клубтары еурокубоктарға 2003 жылдан бері қатысып келеді. 2004 жылы командалардың инфрақұрылымдары талапқа сай келмегендіктен клубтық сындарға ешқайсысы жіберілген жоқ.

«Ақтөбе» — елімізден еурокубоктарға ең көп қатысқан команда. «Пентакампеондар» 2006-2016 жылдар аралығында 11 жыл үзіліссіз Еуропа алаңдарына шықты. Осы уақытта «Ақтөбе» 46 кездесу өткізіп, 15 ойында жеңіске жетті, 11 ойында тең түсті, 20 ойында жеңілді.

Екінші орында — «Шахтер» мен «Тобыл». Қарағандылықтар мен қостанайлықтар 7 рет ел еурокубоктарда ел намысын қорғады.

Оларды бүгін «Қайрат» қуып жетеді. Алматылықтар биыл жетінші рет еурожорықты бастайды.

Биыл өткізген ойын саны бойынша «Ақтөбені» «Астана» ғана қуып жетуі мүмкін. Елордалықтар 4 жыл ішінде 34 ойынға қатысты. 

Еурокубоктарда Қазақстан командаларының өткізген ойын саны:

1. «Ақтөбе» — 46
2. «Астана» — 34
3. «Шахтер» — 30
4. «Тобыл» — 24
5. «Қайрат» — 22
6. «Ертіс» — 12
7. «Астана-1964» — 8
8. «Ордабасы» — 8
9. «Атырау» — 6
10. «Жетісу» — 4
11. «Оқжетпес» — 2
12. «Алматы» — 2