Талдықорғандық зілтемірші Альберт Линдер Азия чемпионы атанды. Ашгабатта (Түркменстан) өтіп жатқан құрлық додасында ол 69 келі салмақ дәрежесінде Қазақстан қоржынына алғашқы жүлдені бірден алтыннан салды.
Жұлқи көтеру бағдарламасында Альберт 148 келіні еңсеріп, кіші күміс жүлдеге қол жеткізген-ді. Негізгі қарсыласы Фең Лю Доң (Қытай) 155 келімен отандасымыздан 7 ұпай алда тұрды. Ал солтүстіккореялық О Каң Чол Линдермен тең нәтиже көрсетті.
Серпи көтеруде Альберт бар күшін көрсетті. Қытайлық Доң біздің атлеттің қарқынына ілесе алмай, соңғы мүмкіндігінде 187 келіге тапсырыс берген-ді. Алайда зілтемірді көтере алмады. Линдер бұл кезде екі талпынысында 178 және 184 келіні бағындырып, көш басына шықты. Үшінші мүмкіндікте ортаға шығу-шықпау өз еркінде еді. Отандасымыз 187 келіні көтеруге тәуекел жасап, оны да еркін еңсерді. Сөйтіп, күміс жүлде алған О Каң Чолдан 4 ұпай озып кетті. Қорытындыда Линдер 335 ұпай жинады.
А.Линдер – жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы. 2013 жылы Ташкентте (Өзбекстан) өткен додада Альберт 295 ұпаймен қарсыластарының бәрін артта қалдырды. 2014 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатында 10 орын алды. Мұнда Линдер 315 ұпай (145+170) жинаған-ды. Салыстыра қарасақ, арадағы 3 жыл ішінде талдықорғандық зілтеміршінің көрсеткіші өсе түскенін байқаймыз.
Ашгабат додасындағы қазақстандық спортшылардың нәтижелері:
Әйелдер
53 келі. Әсел Аманкелді – 163 ұпай (70+93), 6 орын
58 келі. Сәуле Сәдуақасова – 197 (86+111), 7 орын
63 келі. Әсем Садықова – 209 (92+117), 5 орын
Енді жарыс алаңына Майра Файзуллаева (69 келі), Александра Аборнева (90+), Айдар Қазов (77), Семен Линдер) және Ибрагим Берсанов (105) шығады.