2018 жылғы әлем біріншілігіне іріктеу. Е тобы

АРМЕНИЯ – ҚАЗАҚСТАН – 2:0 (0:0)

Голдар: Мхитарян, 73, Өзбилиз, 75
АРМЕНИЯ: Бегларян, Ароян, Восканян, Андонян, Г.Малакян, Пиззелли (Манучарян, 65), Казарян (Барсегян, 5), Саркисов (Өзбилиз, 70), Оганесян, Мхитарян (к), Айрапетян

ҚАЗАҚСТАН: Лория, Малый, Қуат (Дмитренко, 82), Тұңғышбаев (Мұжықов, 79), Тағыберген, Исламхан (к) (Байжанов, 87), А.Нұрғалиев, Сүйімбаев, Нөсербаев, Шомко, Бейсебеков.

Ескерту алғандар: Саркисов, 28, Ароян, 48, Өзбилиз, 77 – Бейсебеков, 18, Малый, 20, Тағыберген, 54
Малый 64 минутта алаңнан қуылды

Төреші Александар Ставрев (Македония)

26.03.2017. Ереван. В.Саргсян ат. стадион

Қазақстан құрамасы тағы жеңіліп қайтты. Бас бапкер Александр Бородюктен қандай ерлік күттік, білмедік. Дегенмен өткелде ат ауыстырудың шебері болып алғанымыз әмбеге аян.

Бұл тур алдында Армения құрамасы Е тобында 3 ұпаймен біздің алдымызды орап тұрды. Әуелі Дания, Румыния, Польша командаларынан жеңілген Арараттың арландары өткен жылдың қара күзінде Черногорияның тақиясын кері қайырып жіберген-ді. 0:2 есебімен ұтылып тұрып, 3:2 есебімен жеңген. Сөйтіп, команда тізгінін жаңа ұстаған Артур Петросянның таңдаған бағыты тура екенін бір көрсеткен. Бапкер ауысса, армяндар серпіле ойнай алатынына көзіміз жеткен.

Бізде ше? Өз алаңымызда Польша мен Румынияны жалғыз ұпаймен қайтарған соң, алайда сырт алаңдағы екі кездесуде де ірі есеппен (Черногория – 0:5, Дания – 1:4) ұтылып қайтқасын, соңғы орыннан серпілу ғана міндет болып қалғандай еді. Қазақстан футбол федерациясының жаңа басшылығы барлық тығырықтан жергілікті маман Байсуфинов емес, сыртта жұмыссыз жатқан Бородюк құтқаратынына сеніпті. Әзірше ол сенім ақталар емес. Кипрден жолдастық кездесуде 1:3 есебімен жеңілді дейік, десе де ресми кездесуде жаңа жаттықтырушының қандай қате жібергенін саусақтарды бір-бірлеп бүгін айтуға дайынбыз.

Қақпашы қартайды ма?

Александр Бородюк өзі өткізген құраманың алғашқы жиынына Стас Покатиловты, Давид Лорияны және Алмат Бекбаевты шақырды. Дау жоқ, үшеуі де мықты қақпашы, үшеуі де өз командаларының негізгі құрамында. Алайда бапкер Кипрмен жолдастық кездесуде Покатиловты қақпаға қойды да, Армениямен ресми ойынға Лорияны белгіледі. Покатилов Кипрмен кездесуде біраз қателескен болар, дегенмен ақыры жолдастық ойын болғасын, сол жолы Лорияның мүмкіндігін де бір сынап көрсе қалай болар еді? Давид тәжірибелі қақпашы ғой, дегенмен негізгі орталық қорғаушы алаңнан қуылған соң, ол қажет сәтте соңғы қорғаушы міндетіне де білек сыбана кіріссе артық болмас еді. Айтуға ғана оңай болар, дегенмен армяндар біздің қақпаға екі гол тоғытқан эпизодтарда Лория бір орында қатты да қалды. Не бұрышты жапқан жоқ, не қарсыласты састырмады. Әрине, оның орнында Покатилов болса да қақпамыз голдан аман қалуы неғайбыл ма еді? Негізі, клубтық командада да, ұлттық құрамада да мықты қақпашының орны еш күмән тудырмай, басқалары оған қосалқы ретінде ғана жүреді. Ресейде – Акинфеев, Италияда – Буффон, Германияда – Нойер, Англияда – Харт дегендей. Бізде Красножан дәуірінен бері Покатилов негізгі қақпашыға айналғандай еді, бірақ Ресейге сәтсіз сапарынан кейін бұл кипер де құрамада ала-құла ойнап жүр. Алдағы уақытта Бородюк осы мәселені де түбегейлі шешуі қажет секілді.

Бір білігі кетсе, бәрі құри ма?

Армениямен кездесуде Қазақстан ресми нұсқа бойынша үш орталық қорғаушымен шықты. Баяғы Беранек бастап, Красножан жалғастырып, Байсуфинов қырнаған үлгі. Бұған қарап, бізде жоғары деңгейлі орталық қорғаушылар жеткілікті екен деп қалмаңыз. Армяндарға қарсы өмірі бұл шепте ойнап көрмеген Дмитрий Шомко Сергей Малыймен жұп құрап шықты. Оң жағына Абзал Бейсебеков орнықты. Жарайды, негізгі орталық қорғаушы Юрий Логвиненко жарақаттанып қалды дейік, ендеше неге ғұмыр бойы сол нүктеден нан тауып жүрген Виктор Дмитренко  Малыйдың қасынан орын теппеді? Шомко өзіне бейтаныс шепте жаман ойнаған жоқ, алайда Малый алаңнан қуылған соң, оның орнын Бейсебековпен жаппай, неге Дмитренконың бірден шығармады? Викторыңыз «болары болып, бояуы сіңіп» қалғанда шықты ғой ақыры. Сұрақ көп. Мхитарян тар жерден тарс еткізгенде, Бейсебеков аяғын қойып та үлгерген жоқ. Өзбилиз Қуатқа жалын сипатпай келіп түскен допты тоқтатпастан, жақын бұрышқа сылқ еткізді. Мұның бәрі кәнігі орталық қорғаушының жемі еді ғой… Машықтанған шеп болмағасын, Шомко да, басқасы да орнына келіп үлгермеді.

Біздің ойымызша, Бородюк қорғаушылар бестігін таңдау мәселесінде қатты қателесті. Оң қапталды түгелдей Еркебұлан Тұңғышбаевтың иелігіне бергені жөн дейік. Алайда жас футболшы қарсыластардың қарқынды қарсы шабуылы кезінде қорғанысқа мүлде үлгермей қалып жатты ғой. Тұңғышбаев – табиғатынан шабуылдаушы жартылай қорғаушы. Ол қорғаныстан гөрі, вингер ретінде, жанама шабуылшы ретінде әлдеқайда пайдалы болар еді. Екінші таймның ортасында қақпашымен бетпе-бет шығып тұрып, артқа пас бермегенде, Тұңғышбаев есімін таблоға бірінші болып жазар ма еді?..

Қарға бойлы қарағым…

Қазақстан УЕФА-ға енгелі бір шептегі ойыншылар саны өзгерген жоқ. Артқы жартылай қорғаушылар бізде қашаннан екеу. Бұл жолы осы міндет Исламбек Қуат пен Асқат Тағыбергенге жүктеліпті. Екеуі де ойынды тәуір өткізді. Дегенмен Еуропаның еңселі шабуылшылары атойлап кеп бергенде, бойлары 180 см-ге жетпейтін біздің жігіттер тек шаужайлап қалады екен. Бұл тұсқа кезіндегі Богданов сияқты бір бойшаң жігіт қажет сияқты. Қосалқы құрамдағы Георгий Жуков пен Мардан Төлебек те, матч соңына таяу бой көрсеткен Мақсат Байжанов та сұңғақ емес. Канте сияқты айналасын түгел «тегістеп» ойнамағасын, артқы жартылай қорғаушылар шабуылды орталық алаңда тұншықтырып тіпті үлгермей жатады. Содан кейін олар ескертуді де жиі алады, содан кейін оларға көмекке ұмтылған орталық қорғаушылар да алаңнан жиі қуылады.

Ал шабуылға дем беруші Азат Нұрғалиев пен Бауыржан Исламхан бұл кездесуде адымын аша алған жоқ. Біздің жігіттер түсінуге тиіс бір нәрсе: Еуропадағы ойындар – Қазақстан премьер-лигасы емес. Иә, Таразда төрт ойыншыға батыл ұмтылып, бәрін жер соқтырып кете беруге болар, бірақ Ереванда да, Подгорицада да, Копенгагенде де сіздің бұлдырықтай бұлтылдағаныңызға ешкім алданбайды. Яғни бетпе-бет алдай беруге әуестікті тежеу керек. Байқасаңыздар, қақпамызға 2 гол енген соң ғана біздің жігіттер қысқа пастармен ойнай бастады. Мұндай сәтте бір қапталда тез-тез пас алмасып, яғни келесі қапталды тазалап алып, сол жақта бос тұрған Сүйімбаевқа, әлде Нұрғалиевқа пас тастау әлдеқайда пайдалы екенін ұғынсақ керек. Әттең, мұндай ойлы ойын аз уақыт қана созылды. Мықты құрамаға қарсы жігер мен жүректен бөлек, бір-бірін тез түсінетін машық қажет.

Шабуылшысыз құрама

Сергей Хижниченконың тізімнен неге сызылып қалғаны беймәлім. «Ішкі ағыстар» әсері ме, әлде шынында да Бородюк оны бабында емес деп біле ме – әйтеуір гол соғу тапсырмасы бұл жолы Нөсербаевқа жүктелді. Таңат барын салды. Бірақ құдайшылығын айтайық, оған «есі дұрыс» бір пас жетті ме? Ешкімнен қайран болмағасын, Таңат доп іздеп артқа қайта беруге мәжбүр болды. Мұндайда қос қапталдағы Нұрғалиев пен Тұңғышбаев шабуылға араласуға тиіс еді, алайда олардың да қорғаныстан қолы тиген сәттері көп болған жоқ. Нұрғалиев матч барысында бір рет қана қақпаға тепті, онда да әлдеқайда биік жіберді. 90 минут бойы қарсыластың қақпасын 1 рет қана тура көздейтін, ол соққының өзін ойынға соңғы 10 минутта араласқан Серікжан Мұжықов жасайтын құрамадан қалайша топырлаған гол күтеміз?

Қысқаша айтқанда…

Бородюк әлі көп жұмыс істеуге тиіс. Ең бастысы, ол ойыншылардың шебін ауыстырып эксперимент жасау әдетінен бой тартпаса, осы жеңілгеніміз – жеңілген. Солақай Шомко орталық қорғанысқа тіпті үйлеспесе, плеймейкер Исламхан артқа жиі шегініп, Қуат пен Тағыбергеннің қасында қара көбейтіп жүрсе, Армения бізді қайдан аясын?

Алда әлі 5 ресми ойын бар. Петросян 2 кездесуде армяндарды анадан қайта туғандай серпілтті. Біз кімнен кембіз? Қашанғы жылай береміз? Бородюк біздің сынымызға ренжіп, Ресей асып кетпейді. Ең бастысы, оның Қазақстан құрамасының қазақ жанкүйерлері үшін ар мен намыс екенін түсінгені керек.

Е тобы

Черногория – Польша – 1:2 (Мугоша, 63 – Левандовски, 40, Пищек, 82)

Румыния – Дания – 0:0

Топ кестесі: 1. Польша – 13 ұпай, 2. Черногория – 7, 3. Дания – 7, 4. Румыния – 6, 5. Армения – 6, 7. Қазақстан – 2.

(ҚФФ фотолары)