Испанияның Сьерра-Невада қаласында шаңғы фристайлынан өткен әлем чемпионатында отандасымыз Юлия Галышева қатар могул бағдарламасында күміс медаль жеңіп алды. Ол француз қызы Перин Лафонды ғана алға салып, екінші нәтиже көрсетті. Қола жүлдені америкалық фристайлшы Жаелин Кауф иеленді.
Сөз жоқ, биылғы қыс маусымында Қазақстанның ең үздік спортшысы осы Галышева болды. Отандасымыздың ең жоғары нәтижелері мынадай:

Әлем кубогы
Қараша, желтоқсан-2016. Калгари (Канада) — могул, VII орын
Ақпан-2017. Тазавако (Жапония) — қатар могул, күміс жүлде

Универсиада-2017
Алматы (Қазақстан). Могул — алтын, қатар могул — алтын

Азия ойындары-2017
Саппоро (Жапония).  Қатар могул — алтын, могул — күміс

Әлем чемпионаты-2017
Сьерра-Невада (Испания). Могул — VII орын, қатар могул — күміс жүлде

Ю.Галышева екінші рет әлем біріншілігінің жүлдесіне қол жеткізіп отыр. 2015 жылы ол Австрияның Крайшберг қаласында өткен додада дәл осы қатар могулда қола медаль тағынған еді. Қазақстандық могулшылар ішінде Галышева әлем чемпионаттарында жүлде алған жалғыз спортшы болып саналады.

Галышева биылғы маусымды елімізде түйіндейді. 20 наурызды ол Өскеменде өтетін Қазақстан чемпионатына қатысады.