Қазақстан премьер-лигасы. І тур. 8 наурыз
«Тобыл» — «Атырау» — 3:0 (Щеткин, 14, 58, 64)
«Тобылдың» шабуылшысы Алексей Щеткин алғашқы турда хет-трик жасап, мергендер көшін бастады.
Қазақстан чемпионаттарының тарихына үңілсек, бұл алғашқы турларда жасалған небары екінші хет-трик екен. Алғашқы хет-трик авторы — Жерар Гоу («Қайрат»). Африкалық шабуылшы 2014 жылдың алғашқы турында «Тобыл» қақпасына 16-90+4 минуттар аралығында 3 гол енгізді. Екінші допты ол пенальтиден соқты. Бұл матчта «Қайрат» «Тобылды» 4:0 есебімен ұтты.
Жалпы, Қазақстан чемпионатының ең алғашқы хет-тригі 1992 жылдың 15 мамырында Қызылордада жасалды. 6 турдағы кездесуде «Қайсардың» жартылай қорғаушысы Тілеухан Тұрмағамбетов «Металлист» (Петропавл) қақпасына үш гол енгізді. Бұл матч «Қайсардың» айқын жеңісімен (4:0) аяқталды.